БҚО-да Жайық өзені бойында ұзындығы 40 шақырымнан асатын бөгеттер тұрғызылып жатыр
— Батыс Қазақстан облысында су тасқынының қаупі сейілмей тұр.
БҚО әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетовтің айтуынша, қазіргі таңда қауіп төніп тұрған облыс орталығы және Жайық өзені бойында орналасқан Ақжайық, Бөрлі, Бәйтерек, Теректі аудандарының 90-ға жуық елді мекенінде су тасқынынан қорғау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Күні бүгін ұзындығы 43 километрдей болатын биіктігі 1-2,5 метр бөгеттер тұрғызылуда. Аталған жұмыстарға 250-ден астам техника мен 2,5 мыңға жуық адам жұмылдырылды. Жұмыстар жалғасуда», – деді Қ.Айтмұхамбетов.
«Қазгидромет» РМК БҚО филалының 11 сәуір күнгі сағат 08.00-дегі мәліметі бойынша Жайық өзенінің деңгейі Орал қаласы тұсында тәулігіне 10 сантиметрге жоғарылады. Сөйтіп 728 сантиметрге (қауіпті шегі – 850 см) жетті. Сондай-ақ Январцев гидробекетінде 787 (+15, қауіпті шегі – 1 250 см), Көшімде 688 (+13, 850 см) және Тайпақта 410 (+20, 850 см) сантиметрге жетті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 700-ден астам саяжай үйлерін су басқанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Батыс Қазақстанда мамандар сібір жарасы көмінділерін тексерді.