Бүркіт, асық, ұлттық би: Елшілер Наурызды қалай тойлады

0
97
Фото: Әділет Беремқұлов / Kazinform

Астанада елшілер және шетел өкілдерінің қатысуымен Наурыз балы өтті.

Astana Opera театрында түрлі мемлекеттердің өкілдері Наурыз мейрамын тойлады. Думанға келген қауым қазақи тағамдардан дәм татып қана қоймай, асық ойнап, арқан тартысты, қазақша күресте күш сынасып, ұлттық ән-күйді тамашалады.

Наурыз бал
Фото: Әділет Беремқұлов / Kazinform

Театрдың іші ұлттық нақышта безендіріліпті. Киіз үйдің шағын макеттерінде киіз басу машықтарын үйреніп, ұлттық киіммен бүркіт ұстап суретке түсуге, асық ойнап, күресте күш сынауға мүмкіндік жасалған. Мажарстанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісінің жұбайы әсіресе арқан тартыс сайысы ұнағанын айтады.

Наурыз бал
Фото: Әділет Беремқұлов / Kazinform

«Қазақстанда тұрып жатқанымызға екі жыл болды. Осы уақыттың ішінде Наурыздың мәнін түсініп үлгердік. Мал асығының ойын құралына айналғанына таңғалдым. Бүгінгі арқан тартыста біздің команда жеңіске жетті. Ол ойын да маған айрықша ұнады. Өйткені бұл сайыс Мажарстанда да бар. Қазақ асханасынан асылған ет пен бауырсақ, жент пен ірімшік қатты ұнайды. Мажарстанға барған сайын жылқының сүр етін, ірімшік ала барып, жақындарымызға дәм татқызамыз», – дейді дипломаттың жары.

Наурыз бал
Фото: Әділет Беремқұлов / Kazinform

Ал Испанияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Альберто Антон Кортес ұлттық оркестрмен бірге күй шертіп, өз қабілетін сынап көрді.

«Қазақтың ұлттық киімі мен ән-күйі деген керемет әлем. 8 жасымда аккордеон тартып үйренгенмін. Сол машығым дипломаттардың оркестріне мүше болуға мүмкіндік берді. Алған әсерім ерекше», – дейді Елші.

Наурыз бал
Фото: Әділет Беремқұлов / Kazinform

Саяхатшы блогер Йована Кврзич дипломаттармен бірге «Қамажай» билеп, мерекенің көркін ашты.

Наурыз бал
Фото: Әділет Беремқұлов / Kazinform

«Қазақтың ұлттық билері өзге халықтардікінен ерекше. Ұлттық киімдеріңіз де өз алдына бөлек әлем. Бояуы де, ою-өрнегі де ерекше энергетика береді», – дейді блогер.

блогер Йована Кврзич
Фото: Әділет Беремқұлов / Kazinform

Ұлыбританияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Кэти Лич қазақтың ұлттық тағамдары Наурыздың мазмұнын мәнді етіп тұрғанын атап өтті.

Наурыз бал
Фото: Әділет Беремқұлов / Kazinform

«Наурыз кезінде қазақтың ұлттық тағамдары мол ұсынылатыны қатты ұнайды. Наурыз көктемнің басы ғана емес, отбасыңмен бас қосып, достарыңмен қауышатыны ерекше жылы мейрам», – дейді ол.

Посол Великобритании Кэти Лич
Фото: блогер Йована Кврзич / Kazinform

Наурыз балда қазақтан басқа халықтардың ұлттық киімдері де насихатталды. Мысалы, Румынияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мадалина Лупу өз халқының ұлттық көйлегін киіп келіпті.

посол Румынии Мадалина Лупу
Фото: Әділет Беремқұлов / Kazinform

Думаншыл топтың ішінде Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да болды.

Наурыз бал
Фото: Адлет Беремкулов / Kazinform

Оның айтуынша, Құрманғазы атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық ұлттық аспаптар оркестрі орындаған күйлер Наурыздың құрметіне орай 25 мемлекеттің радиостансасынан шырқалып жатыр.

Наурыз бал
Фото: Әділет Беремқұлов / Kazinform
Наурыз бал
Фото: Әділет Беремқұлов / Kazinform
Наурыз бал
Фото: Әділет Беремқұлов / Kazinform
Наурыз бал
Фото: Әділет Беремқұлов / Kazinform
Наурыз бал
Фото: Әділет Беремқұлов / Kazinform

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ