Бұрын-соңды болмаған рекорд: биыл Қазақстанда 12 мың шақырым жол жөнделеді

0
72
Фото: Көлік министрлігі

Осы жылы Қазақстанда 12 мың шақырым жол жөндеуден өтеді. Бұл туралы үкімет отырысында көлік министрі Марат Қарабаев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Елімізде автожолдардың ұзындығы 95 мың шақырымды құрайды, оның 25 мың шақырымы республикалық, ал қалған 70 мың шақырымы жергілікті жолдарға жатады. Қазіргі таңда республикалық жолдардың нормативтік жағдайы 92%, ал жергілікті желінің көрсеткіші 87%.

«Осы көрсеткіштер жыл соңына дейін тиісінше 93% және 89%-ға жеткізіледі. Биыл жол жөндеу және құрылыс жұмыстары 12 мың шақырымды қамтиды. Бұл бұрын соңды болмаған рекордтық көрсеткіш болып саналады. Бұл ретте, жөнделетін жолдардың 8 мың шақырымы – республикалық, 4 мың шақырымы жергілікті желіге тиесілі. Жылдың соңына дейін 7 мың шақырымда құрылыс және жөндеу жұмыстары аяқталады», – деді Қарабаев.

Министрдің айтуынша,1 мың 955 шақырымды құрайтын 4 автожол жобасы бойынша реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олардың 1 мың 866 шақырымында жаңа асфальт қабатымен жол қозғалысы ашылды.

Министрліктің баспасөз қызметі нақтылағандай, жобалардың жалпы құны 1 трлн 1 млрд теңгені (1 105 млрд тг) құрайды, қазіргі таңда 799 млрд теңге игерілді.

Жобаларды іске асыруға 35 асфальтбетон зауыты, 1 мың 656 бірлік техника және 3 мың 300 жұмысшы жұмылдырылған.

Осы орайда Қарабаев жобалардың әрқайсысына жеке жеке тоқталды.

Бірінші, ұзындығы 879 шақырым «Қарағанды – Алматы» жолының 400 шақырымында асфальт төсеу толықтай аяқталды, қалған учаскелерінде жұмыстар жалғасып жатыр. Шілде айында жолдың 83 шақырымы уақытынан бұрын пайдалануға беріледі.

Екінші, «Талдықорған – Өскемен» автожолының ұзындығы 768 шақырым. Бүгінгі күні 751 шақырымында (98%) асфальттың төменгі қабаты төселсе, үстіңгі қабаттың 391 шақырымы төселген. Шілде айында Жетісу облысында ұзындығы 91 шақырым болатын 2 учаске пайдануға беріледі.

Жоба бойынша жұмыстардың қалған көлемі Абай облысы Аягөз қаласының айналмалы жолында жүргізіліп жатыр.

«Жалпы жылдың соңына дейін жұмыстардың барлығы аяқталып, тапсырылады», – деп сендірді көлік министрі.

Сонымен қатар, еліміздің батысында ұзындығы 368 шақырым болатын «Атырау – Астрахань» (272 км) және «Ақтөбе – Қандыағаш» (96 км) жобалары іске асырылуда. Бүгінгі күні 60 шақырымы пайдалануға берілді, 102 шақырымында асфальт төсеу жұмыстары толық аяқталды, 206 шақырымында асфальттың төменгі қабаты төселіп жатыр.

Осы жылдың соңына дейін бұл нысандар толығымен іске қосылады, деп атап өтті Қарабаев.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ