Бәсі биік білім бәйгесі

0
381

Өркениет көкжиегінде көк туымыз биік желбіреу үшін білім мен біліктің діңгегі нық болуы керек. Сол үшін де Қызылорда қаласында жас математик мұғалімдердің кәсіби шеберлігі мен білім алушылардың қабілетін дамыту мақсатында Асқар Жұмаділдаев атындағы жас математиктер арасындағы халықаралық байқау биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр. Осы тұста Алаш зиялыларының «Құр мақтанмен, той-думанмен жарысқанша, біліммен, ғылыммен жарыс» деген өсиеті ойға оралады.

– Ел жастары қашан да қайсарлығымен, белсенділігімен жарқын болашаққа ұмтылуға құштарлығы арқылы артылған сенім үдесінен шығып келеді.

Біз үшін мемлекеттік жастар саясатын дамыту, жастардың ғылымға деген ынтасын арттыру – негізгі бағыттардың бірі. Өткізіліп отырған халықаралық байқау – осы сөзімнің бір дәлелі, – деді облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Аманұлы.

16-17 мамыр аралығында өткізілген білім додасына еліміздің барлық аймақтары мен көршілес Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан республикаларынан 18 бен 28 жас аралығындағы жас математиктер қатысты. Байқауға 1700-ден аса үміткерден өтінім тіркеліп, ең мықты деп іріктеліп алынған 100 қатысушы бақ сынады.

– Білім бәйгесі жас математик мұғалімдердің кәсіби шеберлігі мен білім алушылардың қабілетін дамытуға бағытталды. Бұл байқау 2014-2018 жылдар аралығында Қызылорда қаласының жас математиктері арасында өткізіліп келген. Ал 2019 жылы тұңғыш рет халықаралық деңгейде ұйымдастырылды. Биыл облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен байқауға қатысушылар саны артты.

Сыр елі – тек қасиетті өнердің ғана емес білімділердің де ордасы. Халықаралық олимпиада нағыз математиктерді анықтауға және жас ғалымдардың атын шығаруға үлкен мүмкіндік.

Білімділер додасында 7 күрделі есеп болды. Берілген есептер тек осы байқауға арнайы дайындалған. Сондай-ақ, биылғы байқаудың бір ерекшілігі – қатысушыларға өзім ойластырған бір есепті тапсырма етіп бердім, – деді Асқар Серқұлұлы.

Физика-математика ғылымдарының докторы, Қазақстан математика пәні мұғалімдер қауымдастығының президенті, Халықаралық О.Жәутіков олимпиадасының негізін қалаушы Қайрош Мақышов халықаралық байқау туралы өз пікірін білдірді.

– Өздеріңіз білетіндей, жалпы жаратылыстану бағыты өте күрделі. Оның ішінде математика бағытын кез келген білім алушы терең меңгеріп, күрделі есептерді шығара алмайды. Математиканы жақсы меңгеру үшін ой ұшқырлығын, логикалық қабілетті дамыту керек. Сондықтан халықаралық байқауға еліміз бен көршілес мемлекеттерде өз білімімен көзге түскен жастар ғана қатысты, – деді Қайрош Бексейітұлы.

Облыстық қоғамдық даму басқармасының әлеуметтік тапсырысы аясында «JASTAR» дамыту орталығы» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен қатысушылар құрамын сапалы іріктеу және тапсырмаларды жоғары дәрежелі мамандарға әзірлету үшін Математика пәні мұғалімдерінің қазақстандық қауымдастығы республикалық қоғамдық бірлестігімен алдын ала бірлескен жұмыстар жүргізілген. Байқаудың комиссия құрамына еліміздің және көршілес мемлекеттердің ең мықты мамандары тартылған.

Халықаралық олимпиада барысында басқа аймақтардан келген жастар мәдени-көпшілік шараларға қатысып, қаланың тарихи және әсем жерлеріне экскурсия жасады.

Сонымен қатар байқау бағдарламасына сәйкес академик А.Жұмаділдаев жарысқа қатысушыларға және Қызылорда қаласындағы оқу орындарының студенттері мен математика пәні мұғалімдеріне арналған ғылыми тереңдетілген лекциясын өткізді. Оған 450-ден аса жас математик қатысты.

Байқаудың жалпы жүлде қоры – 3 млн 600 мың теңге. Салтанатты шарада айтулы доданың жеңімпаздары жарияланып, басты ұтыс 1 миллион теңге қаржылай сыйлықты алматылық Қуаныш Жолдасов иеленді. ІІ орын иегерлері алматылық Нұрбек Күнгожин мен қызылордалық Сәбит Бәймен 500 мың теңгеге, ІІІ орын иегерлері Астана қаласынан келген Исатай Ақылбек пен тараздық Бауыржан Кеңесов 300 мың теңгені еншіледі. Сондай-ақ, белсенділік танытқан 10 қатысушыға 100 мың теңгеден ынталандыру сыйлығы табысталды.

Халықаралық байқауға қатысушылар бұл білім бәйгесін дәстүрге айналдыру қажеттігін айтып, шараның ұйымдастырылуы мен ерекше форматына ризашылықтарын білдірді.

Айдар САЙЛАУОВ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ