Бақыт Қажыбаев: «Оян, қазақ» – уақыттың сұранысы

0
133

Актер Бақыт Қажыбаевты театрға баратын көзіқарақты көрермен жақсы біледі. Алайда оны бір-ақ сәтте күллі қазақ еліне мәшһүр еткен рөл – «Оян, қазақ» фильміндегі Міржақып Дулатов бейнесі. Көп ішінен бекзат болмысымен дараланатын өнер иесінің табиғатына да осы рөл дөп келгендей. Оны көрермен де лайықты бағалады. Осы жылдың басты жаңалығына айнал­ған фильмнің бас кейіпкері бүгінде елге танымал белді актерге айналды. Көптің көзайымы бол­ған Бақыт Қажыбаевтан сыр тартқан едік.

– Бақыт Бақтанұлы, есіңіз­де болса, бірнеше жыл бұрын жасаған сұхбатымызда осындай түр-тұлғамен театр мен эк­ран­­нан шығармашылық мүм­кін­дігіңізді мейлінше ашатын лайықты рөліңізді таба алмай жүргеніңізге өкініш білдіріп едім. Сол олқылықтың орны толғандай ма?

– Иә, ол әңгіме есімде. Себе­бі ол кезде шығармашылық тол­ғаныс үстінде болатынмын. Ак­тер болғаннан кейін біздің бас­ты міндетіміз – ел сүйіп көріп, баға­лайтын ойлы, кесек бейнелер туды­­ру ғой. Ол театрға да, киноға да қатысты. Бір ғана рөлімен тарих­та қалған саңлақтар қаншама. Керісінше, ғұмыр бойы өз рөлін іздеп арманда кеткен актерлер де аз емес. Сондықтан өнер адамы болған соң, нағыз өнер деңгейінде бейне жасай алсаң, әртіс үшін одан асқан бақыт жоқ шығар. Жан толғанысынан туғаннан ке­йін актерге әрбір рөлі ыстық. Бірақ бәрібір жылдар алға жылжып, ойың толысқан сайын өзіңе қо­йылар талап та күшейеді екен. Сон­дайда жаның сүйіп ойнайтын, оң жамбасыңа келген бейненің бұйыруы да – үлкен олжа. Ал енді «Оян, қазаққа» келсек, Міржақып мен үшін өте күрделі рөлдің бірі болды. Қанша дегенмен тарихи тұлға, ұлтымыз үшін аяулы бейне. Кілті табылмаса, актерге одан өткен үлкен уайым жоқ. Халықтың көңілінен шықпаса, үлкен өкініш сол. Міржақыпты сомдағанымды көпшілік қабылдамаса, өзімді жегідей жеп қояр едім. Сондықтан бұл рөлді алғанда қуаныш пен қорқыныш қатар тұрды.

– Үрейді қалай үркітті­ңіз? Рөліңіз несімен ерекше есте қалды?

– Міржақып рөлі көп ізденіс пен дайындықты талап етті. Рөлге бекітілгенімді естігеннен-ақ тұлға туралы тұшымды деректерге ден қойып, білімімді толықтыруға талпындым. Сценарийді қолыма ұс­тап күні ұзын Есіл жағалап кете­тін­мін. Кейіпкерімнің өмірбаяны­мен, шығармашылық жолымен та­ныс­тым. Жаз уақыты болғандық­тан, ұжым еңбек демалысына шы­ғып кеткен кез еді. Театрдың іші тым-тырыс. Грим бөлмеме келіп рөлімді зерттейтінмін. Мір­жақыптың мұхит әлемі осылай­ша өзіне баурап алды. Журна­лист Майя Бекбаеваның деректі фильм­дері де тұлға табиғатын та­нуыма көп көмектесті. Алаш қай­раткерлерінің ашылмаған тұс­тары көп екенін осы фильмге да­­йындық барысында түсіндім. Әсіресе асылдың сынығы Гүлнәр Міржақыпқызының әкесі туралы жазылған «Шындық шырағы» кітабын оқып шыққаннан ке­йін Дулатов әлеміне біртабан жа­қын­дағандай болдым. Қандай ауыр тағдыр десеңізші!.. Адам осының бәріне қалай төзіп, өмір сүре ала­ды? Алаш қайраткерлерінің өмір жолы, елі үшін жанын берген жанкештілігі мені қатты тол­ғандырып, санама шын мәнінде үлкен сілкініс жасады. Ол кісі­лерге деген сүйіспеншілігім, құр­метім одан сайын еселене түсті. Еш­қайсысын бөліп-жара алмадым. Барлығы да батыр, барлығы да құбылыс. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы деп жалғасып кете береді. Олардың ойы бір жерден шықты, мақсаты ортақ болды. «Қайтсек дербестік, тәуелсіздік аламыз?» деп күресті. Қайран ерлер, «Ұрпағымыз көзі ашық, білімді болса екен» деген арманмен өтті ғой. Телехикаяның сценарийін оқып отырып, соңына келгенде өксік қысып, жарты сағаттай есімді жинай алмай отырдым. Қасымда ешкімнің болмағаны мұндай жақсы болар ма? Алаш арыстарының ұлт тәуелсіздігі жолында жанын шүберекке түйіп, басын өлімге тіккен көзсіз ерлігі, ұлтын шексіз сүйгендігі қатты тебірентті. Расында, біз Алаш қай­раткерлерін танымайды екенбіз ғой дедім. Қалай өлімге барға­ны, бір тиын ақы алмай халқына тегін қызмет еткені. Нағыз елі үшін туған ерлердің ісі. Қарап отырсам, Міржақыптай ерлердің атқа қонып, елі үшін ерлік істеген кезеңі қазіргі бізбен тұстас кездері екен. Көзіме жас алып отырып, «Мен өзімнің еліме не істедім?», «Тіліме, Отаныма қандай пайдамды тигіздім?» деген сұрақ қойдым. Осы сериалдың түсірілімінен кейін санамда, танымымда алапат төңкеріс болды. Өмірге, өмір сүру қалыбыма деген көзқарасым өзгеріп, тіпті өзімді қамшылай бастадым. Міржақыптың «Оян, қазағының» мәні маған енді ашыла түскендей.

– Ал түсірілім кезінде қандай қиындықпен бетпе-бет келді­ңіз? Ойыңыздағы Міржақыпты сомдай алдыңыз ба?

– Маған үлкен қиындық уақыт­тың тапшылығы болды. Кейде «асығыстық атүстілікке ұрын­ды­рар ма екен» деп қауіптенгенім де рас. Бірақ маған түсірілім ала­ңында сценаристердің ұлт­жан­дылығы, Алашқа деген махаббаты рухани тұрғыдан қатты көмектесті. Мұрат Есжан, Ұшқын Сәйдірахманұлы және Ұларбек Нұрғалымұлы үштігінің ой ұш­қыр­лығына тәнті болдым. Сце­на­рий бір оқығаннан-ақ мені селт еткізді. Авторлардың мұраты бір­ден жүрегіме жетті. Одан кейін жеке басыма тағы бір ерекше әсер еткен тұс – біз ойнаған кезде рөлді қалай ашсам екен деп қиналған жоқпыз. Өйткені авторлар қай тұсын қалай ашу керек еке­нін ұсақ-түйегіне дейін көрсетіп, айтып берді. Актерлер құрамы сце­наристердің ізденімпаздығы­на, талантына тәнті болдық. Дра­матургиялық құрылымы да қиын­нан қиыстырылып, бір-біріне кіріктіріліп жазылған ғой. Сөздің күші, ойнаудың күші бәрі көрініп тұрады. Қазақтың тілі қандай бай еді! Оны кино тіліне сәтті айналдыра алған жігіттердің еңбегі айрықша атап өтуге тұрарлық. Өзге кейіпкерлерге қарағанда Мір­жақыпты бір саты жоғары қойып қой­ғанын сезініп ойнадым. Бұл ма­ған ерекше шабыт сыйлады.

– Актердің шығармашылық қуатының ашылуына қасын­дағы серіктесінің септігі де көп тиеді. Осы тұрғыдан келгенде «Оян, қазақ» фильміндегі ең сәтті серіктесім деп қай актерді айрықша айтар едіңіз?

– «Оян, қазақ» «Ахмет. Ұлт ұс­та­­зының» жалғасы болғаннан ке­йін сол жақтағы негізгі кейіпкер­лер­­дің барлығы бұл жобаға да бірге кел­дік қой. Тек кейбір актерлер ғана ауысты. Алғашқы жобадан-ақ бір-бірімізге бауыр басып қалғандікі ме, әсіресе Ақаңның рөлін ойна­ған Байғали Есенәлиевті өзімсініп алдым. Ол кісімен түсірілген әрбір сахна үлкен мереке болды де­сем, артық айтқандығым емес. Жаны жайсаң, көңілі кең ерекше бір биязы адам ғой. Қасында жүріп өзің де бір тыныштыққа ие боласың, жаныңа сенім ұялай­ды. Жобадағы мен бірден қабыл­даған бейне – осы Байғали ағам­ның кейіптеуіндегі Ахмет Бай­тұр­сынұлы бейнесі. Сөйлескен сәттен-ақ Міржақыптың Ақаңа деген құрметіндей ерекше бір сезім мені де баурап алды. Сол секілді Ғайнижамалды ойнаған Зарина Кәрмен де талантты актриса ғой. Экранда еркін түсініскен жақ­сы серіктестерімнің бірі бол­ды. Керісінше, бастапқыда жоба режиссері Мұрат Есжанды қа­былдай алмадым. Тым жас кө­рін­ді. «Алаш арыстарын ла­йық­ты деңгейде аша алар ма екен?» деген  күдік те болды. Алайда жұмыс барысында Мұрат мені тереңдігімен тәнті ет­ті. Бұл тақырыпқа режиссер де, сценаристер де үлкен дайын­дықпен келген екен. Әр сөзді аялап қолданған олар бізден де мәтінге құрметпен қарауды өтін­ді. «Барынша сценарийде жа­зылған мәтінді айтыңыздар. Өз сөз­деріңізді қоспаңыздар. Себебі әр сөйлемді қайраткерлердің өз еңбегінен алып, стилін сақтап, әр тіркес арқылы сол дәуірдің үнін жеткізуге тырыстық», деп талап қойды. Осыдан кейін-ақ аузымыздан шыққан әр сөздің дұрыс интонациямен сауатты айтылуы­на мән бердік. Мұның барлығы нені білдіреді? Шығармашы­лық топтың тарихтың әр дерегіне, фильмнің әр деталіне үлкен жа­уапкершілікпен қарағанын аңғар­тады. Осының арқасында жоба­ның да жұлдызы жанып, фильм біз күткен нәтижеден де асып түсті. Алаш абыройын асқақтатқан, рухын оятқан тұшымды дүние туды ғой деп ойлаймын. Тағы бір айтарым – Мұрат  рөлге актер таңдауда да дөп түседі. Нәтижесінде, талай актердің жұлдызы жанды. Өз басым, әсіресе Ахмет Бай­тұр­сынұлы рөліне таңдалған Бай­ғали Есенәлиев ойынына шын ила­нып, Ақаң деп қабылдадым. Ал ондай сәтті іріктелген актерлер жобада өте көп.

– Түсірілім барысында жа­ныңызды елжіреткен қандай эпи­зод болды?

– Фильмде көңілді қозғайтын тұс өте көп. Көрермен түгілі ойнап жүріп өзіміз босаңсыдық. Соның ішінде жаныма айрық­ша әсер еткен көрініс Міржақып ата­мыздың Омбыдағы түрмеде екі жыл болып, ешкімге айтпай үйіне кіріп келгенде, қызы Гүлнәр мен Ахметсафаның ұлының ойнап отырып алыстағы әкелерін сағынатыны, әкесін көргендегі Гүлнәрдың қуанышы, олардың қауышу сахнасы маған ерекше әсер етті. Ондай тағдырды басым­нан кешпесем де, ойнап жүріп жаным жылады. Әкелік махаб­батым да осы көріністе ешқандай актерлік әрлеусіз, дәл өмірдегідей шынайы ашылды ғой деп ойлаймын. Мұндай жағдайлар өте көп. Санамалап айту мүмкін емес. Түсі­рілім кезін айтасыз, тіпті фильм жарыққа шыққаннан ­ке­йін де жүректі елжіретер біраз жайт­ басымнан өтті. Алматы­дағы сауда орталығының бірінде жүр едім, тұтқиылдан бейтаныс жігіт тап келіп, мені құшақтап ал­ды. Алғашында түсінбей қалдым. Қарасам, көзіне жас алып, ерек­ше толқып тұр екен. «Аға, кешіріңіз­ші! Сізді көргенде Міржақып атам алдымнан шыға келгендей болды. Фильмді кеше көріп шықтым. Жан дүниемді төңкеріп тастады», деді. Бұған дейін мұндай жағдай басымнан өтпегеннен кейін қапелімде не дерімді білмей қалғаным рас.  Шынымен күтпеген жайт болды. Тіпті өзімді қалай ұстарымды білмедім. Бұған дейін де қаншама киноға түсіп жүрмін ғой. Бірақ мұндай жағдай болған емес. Сол кездесудің әсерінен ұзақ уақыт шыға алмадым.

– Режиссер Мұрат Есжан фильмнің тұсаукесер рәсімінде: «Біздің елде тарихи кинолар аз түсіріледі. Бұндай дүниелерді көрмейді, түсінуге көпшіліктің деңгейі жетпейді деген тұжырым қалыптасады. Сол сенімді бұз­сақ», деп көпшілікке үндеу тастаған еді. Сол үндеу тамаша нәтиже беріп, «Оян, қазақ!» кинотеатрларда көрсетілім­нің көшін бастады. Бұл – шынымен де жастардың рухын оятып, қоғамдағы қалыптасқан қасаң қағидаларды бұзған кино әлеміндегі үлкен жаңалық болды. Ал сіз қалай ойлайсыз, «Оян, қазақ» қазақты оята алды ма?

– Кинотеатрлардағы бұл көр­сет­кіш көрермендердің жеңіл ко­­медиялардан жалығып, терең тақырыптарға сусағанын айқын аңғартты. Шынымды айтсам, тарихи фильмге дәл осындай аудитория жиналады деп өзім де күткен жоқпын. Оны халық та күтпеді. Шынын айтқанда, киноның мұн­дай сұранысқа ие болатынына біз дайын болмадық. Кинотеатр­лар­ға бар-жоғы екі апталық көрсе­ті­лім­ге шығарған ұлттық арнада­ осылай болады деп болжа­ған жоқ. «Міржақып. Оян, қазақ!» фильмінің монтажы жүріп жат­қан кезде режиссер Мұрат Есжан­нан «Ертең көрерменнің алдында ұятқа қалып жүрмейміз бе?» деп сұрадым. Кино түсірілімі аяқ­талған соң да уайымым үдей түсті. «Міржақыптың бейнесінің кіл­тін таба алдым ба?» деген ой да жанымды жегідей жеп, бір сәт маза бермеді. Бірақ кинотеатрларда көрсетілім басталғаннан кейін-ақ халықтың өзі бірінен соң бірі іліп әкетіп: «Барыңыздар, көріңіз­дер!» деп насихаттауға кірісті. Бұл – халықтың руханиятқа, өзіміз­дің шыққан тегімізге шөліркеп қалғанының көрінісі деп ойлаймын. «Оян, қазақ» – уақыттың сұранысы. Елге қызмет еткен Алаш арыстары туралы осындай фильмдерді көптеп түсіріп, халыққа есімдерін жаңғырта берсек, қазақ ұтпаса ұтылмайды. Ел үшін жанын құрбан еткен ардақтыларымызға бұл кинолар өте аздық етеді. Алты бөлімнің өзі меже емес. Алда әлі де талай ізденіс керек. Себебі біз бүгінгі мамыражай өміріміз, азат­тығымыз үшін бозторғайдай шы­рылдап, елдің қамын айтқан, ғы­лым-білімге шақырып, ағар­тушылықпен айналысқан, «еге­мендік алсақ» деп ұлы арман­мен өткен тұлғаларымыздың ал­дында борыштармыз. Мына бей­біт заманда Алаш зиялылары тура­лы фильм түсірмеу қиянат бо­лар еді. Халықтың санасын ояту­дың бірден-бір жолы осы. «Алаш» партиясының өкілдері де­сек, бірден Әлихан, Міржақып пен Ахмет ойға оралады, одан әрі аса алмаймыз. Бұдан бөлек қан­ша қайраткер бар. Солардың әрқай­сысына арнап бір-бір фильм түсірсек, артық болмас еді.

– Енді театр жаққа қарай ойысайықшы. Белгілі режиссер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрқанат Жақыпбай шеберханасынан түлеп ұшқан сіздің курс 2007 жылы Астана төрінен Жастар театры­н аштыңыздар. Бүгінде сол театрдың белді акте­рінің бірісіз. Театр­дағы тыны­сыңыз қалай?

– Бұл жағынан мен өзімді жо­лы болған жандардың қата­рына жатқызамын. Нұрқанат Жақып­байдай талапшыл да талғампаз режиссердің тәлімін көріп, группалас, дос дегеннің шекарасынан асып, бүгінде бауырға айналып кеткен Әділ Ахметов: Дәурен Сер­ғазин, Азамат Есқұлов, Жандәулет Батай, Айнұр Рахипова, Мәдина Май, Махаббат Мадғұлова сынды жақсы жандарға жолығуым – тағдырдың маған жасаған үлкен тартуы, сыйы. Сахнада ғана емес, өмірде бір-бірімізді демеп, қолдап келеміз. Менің бақытым сол – төрт жыл бірге оқыған достарыммен ажырамай жүріп, жаңа театр ашу дейтін тарихи сәтті бастан кештік. Жан-жаққа тарыдай шашырап кетпей, барлығымыз бірге Жастар театрында қызмет етіп келеміз. Ұстазымыз қасымызда. Әріпте­сім Әділ Ахметов: «Біз Нұрқанат Жақыпбайдың 21-курсында оқып жатырмыз», деп әзілдейді. Ол рас, ұстазымыздың алдында біз әлі шәкіртпіз. Әлі де үйренеріміз көп. Алла ол кісіге ұзақ ғұмыр бер­сін деп тілеймін.

– Режиссер Нұрқанат Жа­қып­байды  талапшыл деп жақ­сы суреттедіңіз. Сол талапшыл ұста­зыңыз кино әлемін дүр сіл­кінткен «Оян, қазақтағы» рө­ліңізді қалай бағалады?

– Ол кісі шәкірттерін көзіне көп мақтай бермейді. Бірақ Алма­тыда өткен бір үлкен жиында «Оян, қазақты» көрген белгілі ға­лымдар, өнер қайраткерлері Мір­жақып туралы жылы лебіз­де­рін білдірген екен. Кейін соны тілге тиек етіп Нұрқанат аға­­мыз ұжымда өткен жиналыста ең­бегіме оң бағасын беріпті. Бірақ өзім кезекті түсірілімде жүр­ген­діктен, ол күнгі жиналысқа қаты­са алмадым, әріптестерімнен ес­тідім. «Баласы атқа шапса, анасы үйде отырып тақымын қы­сады» демекші, ұстазымыз өнерде өз жолын қалыптастырып келе жат­қан әрқайсысымыз үшін тілекші, жанкүйер ғой. Сол қолдау бізді қанаттандырады.

– Кино саласында Міржа­қып рөлі мерейіңізді үстем етті. Ал театрда ше? Өз рөліңізді ­таба алдыңыз ба?

– Театрда сомдаған әрбір рө­­лім – жанымның, жүрегімнің бөлше­­гі. Себебі әр бейне үлкен еңбек ­пен тынымсыз ізденістің, жаныңды жегідей жеудің нәтижесінде өмір­ге келеді. Бұл жағынан келгенде «Кішкентай рөл болмайды, кішкентай актер болады» деген әйгілі қағида менің үнемі жа­дымда тұрады. Сондықтан әр­бір рөліме, ол мейлі басты, мейлі қосалқы болсын, бәріне бір­дей ізденемін. Барлығы бірдей ыстық. Әйтсе де, актердің ішінде бұ­ғып жатқан армандары болады ғой. Оны ашып айтып тастағым келмейді. Арман құпия болса, тез орындалады дейді. Сондықтан шығармашылыққа қатысты ішімде жатқан ойларды жарияға жар сала бергім келмейді. Уақыты кел­генде орындалар. Міржақып се­кілді бағымды ашып, көрермен көңілінен шығатын, табиғатым мен ішкі қалауыма дөп келе­тін кесек бейне театр сахнасында да туатын шығар. Театрдағы өз рөлімді әлі тапқан жоқпын. Ізденіс үстіндемін.

– Актер Бақыттың арманын білдік, ал бала Бақыт қандай еді? Балалық шаққа аз-кем сая­хат жасап көрсек…

– Алматы қаласында туып-өстім. Қаланың баласы болғаннан кейін орыс тіліне жүйрік болдым. Тіпті қазақ тілін мүлдем біл­медім. Тентектігімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бала­бақшадағы тәрбиешілердің сын-ескертпесін жиі ести берген соң, оның үстіне қазақ тілін үйренсін деп ата-анам Шымкентте тұратын нағашы әжемнің қолына беріп тынды. 4-сыныптан бастап сол кісінің тәрбиесін алдым. Апам жы­лы-жұмсағын ұсынып, қазақ тілін үйретіп қана қоймай, мені еңбекке де баулыды. Ауылда жү­ріп шаруаның барлық түрін істеп үйрендім. Жер аударып, бау-бақша егетінбіз. Әжемді ертіп, ауызашар мен қонаққа да жиі баратынмын. Мұның барлығы өте үлкен тәрбие деп білемін. Сонда жүріп қазақтың барлық жөн-жоралғы, дәстүр-салтының сырына қанықтым. Соның әсері болса керек, бүгінде мені қаланың баласы деп ешкім айтпайды. Сол үшін де апама ризамын. Мәңгілік қарыздармын. Ал енді балалық арманға келсек, есімді білгеннен бастап ұшқыш болуды армандадым. Бірақ ағам телеарнада оператор болып жұ­мыс істегеннен кейін, мені де осы сала қатты қызықтырды. Мек­теп бітіргеннен кейін оператор­лық­қа оқуға түсейін деп өнер ака­демиясына келсем, алдым­нан Ақкен­же Әлімжан кездесіп, мені актер­лік курсқа түсуге үгіттей бас­тады. «Әртіс болу бұрын неге ойы­ма келмеген?» деп сол кезде алғаш рет ойландым. Сөйтіп, аяқ астынан актер болуға аңсарым ауып, Ақкенженің соңынан ердім. Осылайша, 2002 жылы актерлік бөлімге Нұрқанат Жақыпбай шеберханасына қабылдандым. Бірақ оқуды аяқтап, дипломымды алғаннан кейін де ұшқыш болу арманымнан бас тарта алмадым. Сөйтіп, 2006 жылы Алматыдағы Азаматтық авиация академиясына оқуға құжат тапсырдым. Алайда мемлекет бөлген грантты актерлік білім алуға пайдаланып қойғаннан кейін, енді тек ақылы түрде ғана оқуға тапсыруға құқым бар еке­нін білдім. Ал өзіңіз білетіндей, авиация – өте қымбат сала. Тәжі­рибеден өту үшін ұшақты бір рет ұшырып, қондырудың өзі сол кезде 10 мың доллар тұрады екен. Соған қарамастан тәуекел деп емтиханға кірдім. Егер түс­сем, қалайда болсын оқығым келді. Бірақ бұйырмаған шығар, кешенді тест кезінде физикадан тапсырған емтиханымды химия деп қабылдап, төмен балл алып қалдым. Сапарда жүріп, келген соң аппеляцияға берсем, кеш деп оны да қабылдамай қойды. Әйтпесе «қабылдау комиссиясындағы ма­ман­дар түрің де, тұрпатың да ұш­қыш болуға кұйып қойғандай екен» деп құрақ ұша қарсы алып еді, амал нешік… Сөйтіп, театрыма қайта оралдым.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Назерке ЖҰМАБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»

ПІКІР ҚАЛДЫРУ