Байқаудың басты мақсаты — балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық әлеуетін қолдау және дамыту

Қарағанды облысының Қарқаралы қаласынан шыққан жас бишілер елордада өткен «Бала шабыты» халықаралық балалар мен жасөспірімдер фестиваль-байқауында жарқын жетістікке қол жеткізді. «Тұмар» хореографиялық ансамблі байқау қорытындысы бойынша үш Гран-при мен бір бірінші орынды иеленді.

«Бала шабыты» фестивалі халықаралық деңгейде ұйымдастырылып, дәстүрлі түрде еліміздің әр өңірінде өтеді. Байқаудың басты мақсаты — балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық әлеуетін қолдау және дамыту. Конкурстық бағдарлама жас ерекшеліктері мен би жанрлары бойынша қатаң іріктеуді қамтыды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, кәсіби қазылар алқасы әрбір қойылымды әділ әрі бейтарап бағалаған.
Қазылар мен көрермендердің ерекше ықыласына Қарағанды облысынан келген «Тұмар» ансамблі ие болды. Жанерке Мұрат пен Альмира Кеңесбай жетекшілік ететін ұжым бірнеше хореографиялық қойылым ұсынып, әр нөмірі көрермен залының жоғары бағасына ие болды.
Атап айтқанда, «Жайлауда» халық биі, «Круче всех» балалар композициясы және «Өмір» заманауи қойылымы Гран-при жүлдесіне лайық деп танылды. Ал «Табиғат сұлулығы» атты қазақ биі бірінші орынды жеңіп алды.
— Қысқа уақыт ішінде осындай жоғары нәтижеге қол жеткізу — біз үшін үлкен қуаныш әрі зор жауапкершілік. Басты мақсатымыз — әр баланың қабілетін ашып, би өнері арқылы ұлттық құндылықтарды насихаттау. Алдағы уақытта да туған Қарқаралының атын өнер арқылы асқақтата береміз, — деді ансамбль жетекшісі, педагог-хореограф Жанерке Мұрат.

«Тұмар» хореографиялық ансамблінің құрылғанына небәрі бір жыл ғана болғанымен, осы уақыт ішінде ұжым республикалық және халықаралық деңгейде елеулі жетістіктерге жетіп үлгерді. Бүгінде ансамбль құрамында 3 пен 14 жас аралығындағы 60-қа жуық бала би өнерінің қыр-сырын меңгеріп жүр.
Фото Жанерке Мұраттың жеке мұрағатынан










