Балалар лагерінің медицина қызметкері шизофрениямен ауыратын болып шықты

0
227
Фото: sportishka.com

Жетісу облысының прокуратурасы 9 балалар лагерінің қызметіне тексеру жүргізіп, олардың жағдайы заң талаптарына сәйкес келмейтінін анықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

 «Қарлығаш» лагерінде (Көксу ауданы) санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға қайшы, балаларға арналған азық-түлік ветеринариялық-санитарлық сараптама және қауіпсіздік сертификаттарынсыз сатып алынған. Балаларға арналған күнделікті тамақтану нормалары сақталмаған. Ас мәзірінде жаңа піскен көкөністерден жасалған тағамдар қарастырылмаған, – делінген хабарламада.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, лагерьлердің барлығында дерлік өрт қауіпсіздігі нормалары сақталмайды. Алғашқы өрт сөндіру құралдары – өрт сөндіргіштер мен өрт гидранттары жоқ. Төтенше жағдай кезінде эвакуациялық жолдардың кедергісіз шығуы қамтамасыз етілмеген.

Сондай-ақ кейбір лагерьде мерзімі өткен дәрі-дәрмектер сақталған. Балалардың лагерьлерде тұруы мен бос уақытын өткізу жағдайы да техникалық нормалар мен қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейді. Негізгі (ғимараттар, үйлер) және қосалқы (ас үй, жуынатын бөлмелер және т.б.) лагерь ғимараттары тозған, күрделі жөндеуді қажет етеді.

«Шағала» лагерінде (Алакөл ауданы) мүлде ойын-сауықтыру кешендері жоқ. Сонымен қатар Текелі қаласындағы лагерлердің бірінде «Параноидты шизофрения» диагнозымен есепте тұрған медицина қызметкері анықталды, – деп мәлімдеді прокуратура өкілдері.

Тексеру іс-шаралары жалғасып жатыр. Барлық анықталған бұзушылықтар бойынша прокурорлық қадағалау шаралары қабылданатын болады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ