«Банкрот болдым, мінекей!»
Бұрын «Банкрот болыпты» дегенді үлкен компаниялар мен зауыт-фабрикаларға қатысты еститін едік. Енді жеке адамдар да өзін-өзі банкрот деп жариялай алады. Былтыр жылдың соңында Мемлекет басшысы «ҚР азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заңға қол қойып, ол биыл наурыздың 3-нен бастап күшіне енді. «Банкрот болдым, мінекей!» деп, елімізде 49 мыңнан астам өтініш берілсе, оның 70 пайызы қанағаттандырылмаған. Демек, 36 мың өтініш қабылданып, 6 мың адамға қарызынан құтылуға мүмкіндік берілуде. Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, өтініштерді кері қайтару себептерінің бірі – басым бөлігінің қарызы шекті сома 1600 АЕК-тен асып кеткен. Бұл – 5 миллион теңгеден астам қаржы. Кейбір өтініш білдіргендер жартылай банкротқа өткісі келеді, яғни олардың ипотека бойынша кредитін төлеп жатқаны анықталған. Тіпті кейбір өтініш берушілердің меншігінде мүлік, автокөлік, жер учаскелері бар болып шыққан. Мұндай критерийлер талапқа сай емес көрінеді.
Иә, қашаннан «қарыз күліп келіп, жылап қайтады». Қазіргі кезде қарызсыз өмір сүретіндер немесе несиесі жоқтар некен-саяқ. Себебі ондай «бақытты жандар» санаулы. Бір ғана бүкіләлемдік пандемияның салдары әр адамның, әр отбасының әлеуметтік-экономикалық жағдайына кері әсер еткені рас. Бірнеше өндіріс орындары жабылып, кәсіпорындар өз жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Ал кейбіреулер тіршілігін өзге салаға бұрып, тығырықтан шығудың амалын қарастырды. Енді бірі, әсіресе әйелдер декреттік демалыстан жұмысына қайта қосыла алмай, үйде отыруға тура келді. Пандемия басталғанға дейін алған несиелерін өтей алмаған жұртшылық психологиялық күйзеліске түсті. Оның бірнеше мысалын күнделікті ақпарат көздерінен естіген боларсыздар. Сынаққа сынып кеткендердің арасында өмірін қиып, жүрекке ауыр салмақ салғаны да есімізде.
«Банкроттық туралы заңды бұдан бұрынырақ шығарғанда немесе банктерге жұртшылықтың несиесін өтеуге мүмкіндік берілгенде бәлкім мұндай жағдайға жетпеген болар еді, – дейді біздің кейіпкеріміз. Аты-жөнін көрсетпеуді сұраған төрт балалы келіншек қазіргі кезде тек балаларының жәрдемақысымен күн көріп отырғанын айтады. Жолдасы да, өзі де жұмыстан пандемия кезінде қысқарып, банктен алған несиесін төлеуге мүмкіндік болмаған.
– Мен пандемия кезінде кішкентайымды дүниеге әкелдім. Алайда бір жасқа толған соң жұмысқа қайта қосылайын дегенімде, маған орын жоқ екенін айтты. Содан бері үйдемін. Оның үстіне, ата-енем ковидпен ауырып, оларға қарайтын адам керек болды. Үлкен кісілер болған соң, денсаулықтарын қалпына келтіруге біршама уақыт пен қаражатты талап етті. Ал бізде кіріс көзі жоқ. Сол кісілер зейнетақысымен көмектесуде. Бірақ ол үлкен отбасының қажеттіліктеріне жетпей жатады. Жолдасым құрылыста жұмыс істейтін. Жеке мекемелер ақшасын кейде уақытылы, кейде кешіктіріп береді. Өзім үйде тәттілер пісіріп өткіземін. Бірақ ол да тұрақты табыс көзі емес. Солай тапқанымыз тек азық-түлікке кетіп, банктен алған несиемді бір жылдан астам төлей алмай келеміз. «Цеснабанктен» алған несиеме үйіме жөндеу жұмыстарын жүргіздім. «Хоумбанктен» алғанды баламның оқуына төледім. Жұмыс істеп тұрғанымда бұл екі несиеге айына 80 мың төлеп отырдым. Алайда елдегі ахуал біздің отбасымызды да айналып өтпеді. Мен осы екі банктің облыстағы филиалдарына барып, жағдайымды айтып түсіндіріп, өтініш қалдырдым. Кері қайтарды. Ал сол кезде «Каспий банк» өзінің тұтынушыларына жағдай жасап, айына 5 мыңнан болса да қарызын өтеуге мүмкіндік берді. Енді қазір жеке кәсіппен айналысу үшін грант алуға конкурсқа қатысайын десем, оған қарызымыз көлденең тұрады. Қайда барсақ та алдымыздан несиенің өтелмегені шығып, тірлік жасауға кедергі болып тұр. Лажы болса, несие алмаған жөн екен, – дейді ол.
Рас, «алмақтың да салмағы бар». Есепсіз алған қаражатты бәрібір қайтаруға тура келеді. Кейіпкеріміздің басындағы бір ғана мысалдан бүгінгі күннің боямасыз көрінісін көруге болады. Осындай жағдайға жеткізген біздегі банктердегі несие үстіне қойылатын пайыз мөлшерінің тым көп екені, қарызын өтеу үшін бөліп төлеуге мүмкіндіктің берілмеуі себеп. Күн сайын бағасы қымбаттап баратын азық-түлік, коммуналдық қызметтердің өсуі де жығылғанға жұдырық болып тұр.
Облыс бойынша өзін-өзі банкрот деп жариялаған қанша адам бар ? Бұл жайлы кірістер департаментінің бөлім басшысы Гүлмира Ертановадан білген едік.
– Қызылорда облысында барлығы 4122 жеке тұлғалардың соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану жөнінде арызы қабылданып, оның ішінде 3276 (79,5%) арыз қанағаттандырусыз қалдырылса, 553 (13,5%) арыз қанағаттандырылды. Ал 293 (7%) арыз қазіргі таңда қаралуда. Аудандар бойынша қарастыратын болсақ, Қызылорда – 2270 (283), Арал – 265 (17), Қазалы – 118 (15), Қармақшы – 420 (69), Жалағаш – 190 (18), Сырдария – 161 (22), Шиелі – 267 (43), Жаңақорған – 431 (86).
Талдау нәтижесінде қанағаттандырусыз қалдырылған арыздардың басым бөлігі «ҚР азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» ҚР Заңының 5-бабы талаптарына сәйкес келмейді, яғни, банктік қарыз шарты немесе микрокредит беру туралы шарт бойынша орындалмаған міндеттемелерді реттеу жөніндегі дәлелдеме құжаттардың ұсынылмауы, арызда көрсетілген кредиторлар алдындағы міндеттемелердің 12 ай бойы өтелмеуі, жұбайының келісім бермеуі және тағы да басқа талаптардың орындалмауы салдарынан арыздар қанағаттандырылмады. Заңның 16-бабының 5-тармағына сәйкес, жеке тұлға соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы арызы қанағаттандырусыз қалдырылған күннен бастап, үш ай өткен соң арызды қайтадан беруге құқылы, – дейді бөлім басшысы.
Жалпы, жеке тұлғалардың өзін-өзі банкрот деп жариялауы дамыған елдерде әлдеқашан бар және ол тиімділігін көрсеткен. Айталық, АҚШ-та қарыз алушыны банкрот деп тану 3-4 ай ғана уақыт алады. Оның өзінде барлық қарызы кешірілмейді. Азаматтардың 8 жылда бір рет қана өзін банкрот деп жариялауға құқы бар. Ал Ұлыбританияда банкрот болған азамат заңгерлік қауымдастық, жылжымайтын мүлік агенттігі, биржа мен коммерциялық құрылымдарда жұмыс істей алмайды. Мемлекеттік қызметке де шектеу қойылған. Жапонияда да солай. Банкрот болған борышкер адвокат, нотариус, бухгалтер болу құқығынан өмір бойына айырылады. Аустралияда 3,5 мың доллардан артық қарызы бар кез келген жеке тұлға банкрот атана алады. Бірақ бүкіл мүлкі кредиторларға өтеді.
Елімізде осы заңды қабылдау үшін бірқатар қадам жасалды. Айталық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2019 жылы жалпы қарызы 3 млн теңгеден аспайтын әлеуметтік аз қамтылған топ өкілдерінің 300 мың теңгеге дейінгі несиесі кешірілді. Бұл – бір реттік шара еді. Ал 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға қарыз беруге шектеу қойылды. Бірақ бұл қадам да елдің еңсесін басқан кредиттен құтқаруға қауқарсыз болды.
Қандай қадамдар жасалса да, мектеп қабырғасынан бастап балаға қаржылық сауаттылық туралы арнайы пән немесе қосымша сабақтар жүргізіп, кішкентай кезінен есеп-қисап және тапқан қаржыны қалай тиімді жұмсауға болатыны туралы санасына сіңіре беру керек секілді. Әйтпесе, жоғары жақтан қанша жерден тиімді жобалар жасалғанмен, ішкі отбасылық кіріс-шығысты тиімді жоспарламай оң нәтиже бермейтіні анық. Бұл жерде тағы да ата-бабамыздың «Көрпеңе қарай көсіл» дегенінен асып ештеңе айта алмаймыз.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»