Банкроттыққа өтінім беру үшін қандай құжат қажет?
3 наурыздан бері жеке тұлға банкроттығы бойынша өтінім қабылдау жүріп жатыр. Өтінімді қарыз төлеушінің өзі ғана жолдай алады. Бұл ретте eGov.kz порталын және eGov Mobile мобильді қосымшасын пайдалану ыңғайлы болмақ. Бірақ өтінім бермей тұрып қаперге алатын біраз факторлар бар.
Азамат өтінім бермес бұрын мына деректерді міндетті түрде тексеруі тиіс:
- Банктер, микроқаржы ұйымдары, коллекторлық агенттіктер алдындағы берешек 5,5 млн теңгеден аспауы және кешіктіру мерзімі 12 айдан кем болмауы;
- Мүлікке, оның ішінде ортақ меншіктегі мүлікке меншік құқығының болмауы (Egov.kz.);
- Өз телефоныңыздың және жұбайыңыздың нөмірін мобильді азаматтар базасында (MАБ) тіркеу. Ұялы телефон нөмірін тіркеу үшін my.egov.kz сілтемесі бойынша өту керек.
- Арызға кредитормен (екінші деңгейдегі банкпен немесе микроқаржы ұйымымен) қарызды реттеу туралы құжат қоса беріледі.
Банктің реттеуден бас тартуы және өтініштің көшірмесі немесе өтінішті электронды форматта жіберу туралы растау (банктен жауап болмаған жағдайда) реттеу құжаты деп саналады. Коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыз бойынша реттеу құжаты қажет емес.
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы Ростислав Коняшкиннің айтуынша, құжаттардың толық пакетін жинамай тұрып eGov.kz порталында өтінім берудің немесе Халыққа қызмет көрсету орталығына барудың мәні жоқ. Ең алдымен екінші деңгейлі банктен қажетті растауды алу керек. Содан кейін ғана жеке тұлға банкроттығына өтінім беруге болады.
Соттан тыс банкроттық процедурасын қолдану туралы өтінімді беру үшін:
- Қазақстан Республикасының жоғарыда аталған заңында көзделген азаматты банкрот деп тану туралы соттан тыс тәртіппен арыз беру талаптарының сақталуын растауы;
- Некеде болған жағдайда жұбайының (жолдасының) ЖСН-ын көрсетуі;
- Несиесі бар қаржы ұйымдары туралы дерек енгізуі;
- Салық органын көрсетіп, құжаттар көшірмесін енгізуі;
- Егер атаулы әлеуметтік көмек алатын болса арнайы белгі қоюы;
- Міндеттемені орындау мерзімі 5 жылдан асқан болса арнайы белгі қоюы;
- Өтінімге бірреттік құпия сөзбен немесе ЭЦҚ-мен қол қоюы;
- Өтінімді жібергеннен кейін жеке кабинетте жұбайы (жолдасы) келісім беру тиіс.
Өтінім жауабы 15 жұмыс күні ішінде шешімге сілтеме күйінде жеке кабинетке келіп түседі. Шешімді Қаржы министрлігінің сайтынан да қарауға болады. Соттан тыс банкроттық процедурасын жүргізу уақыты 6 айға дейін созылады.
Соттан тыс банкроттық рәсімін қолданудан бас тарту туралы хабарламаны алған жағдайда азамат бас тартуға себеп болған негіздер жойылғаннан кейін, бірақ бас тартуды алған күннен кейінгі күнтізбелік 3 (үш) айдан ерте емес мерзімде қайта жүгінуге құқылы.
Банкроттыққа өтінім берудің негізгі қадамдары мынадай:
- eGov.kz порталының басты бетінде және «Азаматтарға» бөлімінде «Салық және кеден», одан әрі қарай «Экономика және қаржы» айдарын табу керек.
- Соның ішінде «Соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану» қызметін таңдап, «Онлайн сұрау» батырмасын басыңыз.
- Ұсынылған қызметтер ішінен «Соттан тыс банкроттық процедурасын қолдану қызметіне өтініш беру» қызметін таңдайсыз.
- Әрі қарай экранда пайда болатын хабарламамен танысып, келісім бересіз.
Одан әрі келесі мәліметтерді көрсетіңіз:
- Мекенжай деректері;
- Некеде болған жағдайда ерлі-зайыптылардың ЖСН-ы;
- Несиесі бар қаржы ұйымдары туралы мәліметтер;
Салық органын таңдап, қажетті құжаттарды жүктейсіз.
1) Егер сіз некеде болсаңыз;
2) Егер сіз атаулы әлеуметтік көмек алушы болсаңыз;
3) Егер міндеттемелерді орындау мерзімі 5 жылдан асса, онда аталған пункттерге белгі қою қажет.
Әрі қарай «Келісім» қадамындағы элементтерді тексеріп, белгі қою керек. Өтінімге қол қоюдың қолжетімді әдістерінің бірімен қол қоясыз. Келісуші (жұбайы немесе жолдасы) растағаннан кейін өтінім мемлекеттік органға жіберіледі.
Дәл осындай қызмет eGov Mobile мобильді қосымшасының «Арнайы қызметтер» бөлімінде де қолжетімді.
Бұған дейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігі банкроттыққа өтінім бермей тұрып несие тарихын тексеріп алудың жолын жариялаған еді.
«Өтініш беру үшін жоғарыда көрсетілген негіздердің бар-жоғын тексеру мақсатында Қазақстан Республикасы азаматтарына id.mkb.kz сайтынан мерзімі өткен күндердің ең аз санын көрсете отырып, ағымдағы міндеттемелердің сомасын қамтитын дербес есеп (Қазақстан Республикасы азаматтарының банкроттығы) алу ұсынылады. Бұл есеп тегін, электрондық құрылғылардан, соның ішінде мобильді құрылғылардан қолжетімді», делінеді Агенттік хабарламасында.
Банкрот деп танудың салдары бар екенін атап өту қажет: Азаматқа 5 жыл ішінде қарыз және несие алуға тыйым салынады (ломбардтардан микронесие алуды қоспағанда). Екінші рет банкроттық жариялауға 7 жылдан кейін ғана рұқсат етіледі. Банкрот болғаннан кейін 3 жыл бойы банкроттың қаржы жағдайына мониторинг жүргізіледі.