Бас бапкер қазақ боксшыларын алда қандай жарыстар күтіп тұрғанын айтты

0
75
فوتو: Sports.kz

– Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов шәкірттерін алда қандай маңызды жарыстар күтіп тұрғанын айтып берді.

«Ұлттық құрама бүгінгі таңда Астанада оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр. 13-18 мамыр аралығында бас қаламызда дәстүрлі халықаралық «Елорда кубогі» өтеді. Оған ұлттық құрамадағы барлық боксшылар қатысады. Дайындығымыз ойдағыдай, белгіленген кесте бойынша өтіп жатыр», деді бас бапкер.

Сондай-ақ, Олимпиада ойындарына толық құрамда баруға бар күш-жігерін салып жатқанын да атап өтті.

«Өздеріңіз білесіздер, Италияда өткен лицензиялық турнирде бес салмақта жолдама жеңіп алдық. Өкінішке қарай бізде қазір 63,5 келі салмақта ғана жолдама жоқ. Енді бокстан Париж Олимпиадасының жолдамалары сарапқа салынатын соңғы әлемдік лицензиялық турнир мамырдың 23-і – маусымның 5-і күндері аралығында Тайландтың бас шаһары Бангкокта өтеді. Аталған салмақта Мұхаммедсабыр Базарбайұлы жолдамаға таласады. Бұйырса, бұл сында Базарбайұлы жолдамаға қол жеткізеді деп ойлаймын. Бұл соңғы мүмкіндік», – Мырзағали Айтжанов.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін бокстан Астанада өткен Азия чемпионатында 22 жасқа дейінгі боксшыларымыз 24 медаль жеңіп алып, жалпы командалық есепте көш бастағанын жазған болатынбыз.

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ