«Болашақ ойындары 2024»: Қазақстан киберспортшылары чемпион атанды

0
92
Фото: Қазақстан киберспорт федерациясы

РФ Татарстан Республикасының Қазан қаласында өтіп жатқан «Болашақ ойындары – Future Games 2024» турнирінде еліміздің 5 адамнан құралған XGod командасы «Counter-Strike 2 + лазертаг» жарысында жеңімпаз атанды.

Турнирде Сүлеймен Оразалы жарыстың үздік ойыншысы атанды. Xgod командасы финалда LFO (looking for Org) командасынан 2:0 есебімен басым түсті. Жеңімпаз командаға 175 мың доллар (шамамен 80 млн теңге) берілді.

Екінші орын алған LFO 100 мың долларға ие болды. Үшінші орынды LoveKazan стримерлер командасын 2:0 есебімен жеңген Hotu құрамасы иеленді.

Бұл турнирдің жалпы жүлде қоры 500 мың доллар (225 млн теңге) болды.

XGod командасында Амангелді Сейітқалиев (icem4N), Сүлеймен Оразалы (dukefissura), Айдос Қайыржан (kade0), Рүстем Телепов (mou) пен Ильнар Галеев (cau), ресейлік Михаил Столяров (Dosia), Роман Кобзаев (Ivo) пен Валерий Мұстафин (Vegas)  жаттықтырушы позициясында ойнады.

Қазақстанның CS ойыншылары әлемдік аренада бұрыннан бері танылып, халықаралық турнирлерде жанкүйерлерді қуантып келеді. Мұндай жүлде қоры – шын мәнінде киберспорт әлемі үшін жоғары марапат. Біз өз кезегінде Қазақстандағы киберспорт инфрақұрылымын одан әрі жетілдіруді жалғастырамыз. Жарыстарды да жиі өткізетін боламыз, – деді Киберспорт федерациясының президенті Қуанышбек Есекеев.

«Болашақ ойындары – Future Games 2024» Қазанда 19 ақпанда басталған. Ол 3 наурызда аяқталады. Турнир фиджитал пішінінде болып жатыр. Оған барлығы 260+ халықаралық жеке командалар (ұлттық құрамалар емес) және әр елден 2 мыңнан астам киберспортшы қатысуда.

Жарыстарға геймдев, киберспорт, робототехника (дрон жарысы және робот шайқастары), кеңейтілген және виртуалды шындық, ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект саласындағы әзірлемелер кіреді. Жалпы жарыс 21 пән бойынша, яғни 16 негізгі және 5 кеңейтілген бағдарламада болып жатыр. Бұл ойындарға Қазақстаннан барған 48 киберспортшы 13 пән бойынша бақ сынауда. Ойындардың жүлде қоры – 900 млн рубль (10 млн доллар), теңгемен есептегенде – 4,5 млрд теңге.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ