Бесінші буынның белесі

0
226

Бүгінде елімізде 5G ұялы байланысын енгізу жұмыстары жүріп жатыр. Бірінші кезекте республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарын қамту жоспарланып отыр. Аталған жұмыс 2027 жылы аяқталуы керек. Бұл – Үкімет межелеген мерзім.

Astana Hub-тың басқарушы директоры Абай Абсаметтің айтуынша, 5G технологиясының тиімді тұсы көп. Оның бизнеске де, бұқараға да берері мол. Себе­бі жаңа технология цифрлық ше­­шім­дердің тиімділігін арттырады.

– Халықаралық технопарк елдегі 5G экожүйесінің да­муы­на ерекше назар аударып отыр. Өйт­кені бұл перспектива­лы ба­ғыт саналады. Astana Hub был­тырдан бастап нақты іс-шара­ларды қа­былдай бастады. Мәселен, техно­парктің аумағында 5G тол­­қын­дарын ұсынатын станса жұмыс істейді. Былтыр инку­ба­ция­лық бағдарламаны іске қос­тық. Осының нәтижесінде атал­ған технология бойынша он шақты бизнес-кейс сынақтан өтті. Сонымен қатар біз корпорация­ларды 5G-ге көшуге үндеп келе­міз. Биыл еліміздің үш үлкен қаласы аталған технологиямен қамтылады, – деді Абай Абсамет.

Tele2/Altel бас директоры Сергей Коньковтың пікірінше, компания да, көпшілік те жаңа эко­жүйенің жемісін көруге әзір. Сон­­дықтан бұл бағыттағы жұ­мыс­тар одан әрі жанданып келеді.

– Бізге технологияны іске қосу құқығын, жиілік ресурсын алу, желіні орналастыру міндеті жүк­телді. Келесі бес жылға ли­цен­зиялық міндеттемелер алдық. Алдағы бес жылда шамамен 3,5 мың базалық станса салуымыз керек. Бұл өз кезегінде 5G технологиясын пайдаланатындардың 80 пайыздан астамын қамтиды. Осы орайда 5G технологиясының алғашқы секторлары Астана, Алматы және Шымкент қала­ларында іске қосылғанын атап өткен жөн. Алғашқы базалық стан­са Астанадағы ЭКСПО аума­ғында орнатылды. Дегенмен ол ЭКСПО аумағын түгел қам­тымайды. Алдағы бірнеше айда елордада және басқа қа­лаларда қамту айтарлықтай кеңейеді, – деді Сергей Коньков.

Еске сала кетейік, 2022 жылғы желтоқсанда елімізде 5G жиілік­терін тарату бойынша аукцион өтті. Алғашқы тендерде жиілік 62,6 млрд теңгеге, екіншісінде 93,4 млрд тең­геге сатылды. «Кселл» ак­ционерлік қоғамы мен «Tеле 2» және «Алтел» брендте­рімен танымал «Мобайл Телеком Сер­вис» ЖШС консорциумы аукционда жеңімпаз деп таныл­ды. Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбектің ай­туынша, биыл да аукцион өткізіледі. Онда бірнеше локацияны қамту міндеттемесі бар.

– 5G-дің қазіргі нұсқасы бүкіл елді мекенді толықтай қамтуға мүмкіндік бермейді. Сондықтан бүгінде операторлармен локация бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Министрліктің 5G желісін енгізу бойынша нақты ұстанымы бар. Бұл жұмысты ведомство телекоммуникация операторларымен бірге атқарады. Меніңше, алдағы екі жылдың ішінде тұр­ғындар ел аумағында 5G желі­сінің қол­жетімділігін сезе бас­тайды, – деді Асхат Оразбек.

Айтпақшы, «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының еншілес компаниялары 2027 жылға дейін ел бойынша 7 мыңнан аса база­лық станса салуға тиіс. Биыл Ас­­тана, Алматы және Шымкент қала­ларында осындай 486 станса пай­далануға беріледі.

Finprom.kz-тің мәліметінше, 2022 жылдың соңына қарай әлемде 1,2 млрд 5G абоненті тіркел­ген. Бұл бір жыл бұрынғы көр­сеткіштен 530 млн-ға көп. Сон­да жылдық өсім 85,9 пайызды құрап отыр. Қазіргі уақыт­та 5G абоненттері барлық ғалам­дық ұялы байланыс жазылым­дарының 10,7 пайызын құрай­ды. 2023 жылдың соңына қа­рай көр­сеткіш 16 пайызға не­месе 1,8 млрд жазылушыға дейін өседі деген болжам бар. Соны­мен қатар 2022-2026 жылдар ара­лығында 5G желісін ұстайтын смарт­фондардың үлесі 75,4 па­йызға жетуі мүмкін.

5G – алдыңғы буын желілеріне қарағанда жылдамырақ жүктеп алу және жүктеп салу, тұрақты қосылу мүмкіндігін әрі жоғары сыйым­дылықты қамтамасыз ете­тін сымсыз ұялы байланыс тех­но­логиясының бесінші буыны. Қазір­гі танымал 4G желілеріне қарағанда әлдеқайда жылдам әрі сенімді. 5G қолданбалар, әлеу­­меттік желілер және ақпарат үшін ин­тернет қолданысына төң­­ке­ріс жасай алады деген болжам бар.

2023 жылдың наурыз айына дейін әлемнің 155 еліндегі 523 оператор сынақ жасау, қа­нат­қақты жоба, лицензияны са­тып алу, жоспарланған және нақ­­ты орналастыру арқылы 5G желілеріне инвестиция салған. Оның ішінде 97 елдегі 249 оператор 5G желі­лерін коммерция­ландырып жатыр. 115 оператор автономды 5G же­лілеріне (бағалау, тестілеу, сы­нақ­тан өт­кізу, жоспар­лау, ен­гізу) ин­вес­ти­ция құюшы ретінде анық­талды.

2021 жылы ұялы байланыс операторлары 5G жиілігі аукциондарында 130 млрд доллардан аса ақша төлеген. Осы жылдың соңына қарай тағы 28 ел 5G спектрін таратуды жоспарлап отыр. Қазақстанда 5G желісін ком­мерциялық пайдалануға ен­гізу бойынша нақты қадамдар жа­салғанын жоғарыда айттық.

«Kcell мобильді операторы қолда бар жиілік диапазонымен-ақ алғаш болып Алматы мен Шым­кентте 5G базалық стансасын іске қосқанын білеміз. Бір аптада аталған екі қалада бесінші буын желісінің 12 базалық стансасы іске қосылды. Оператордың Алматыдағы абоненттері 5G артықшылықтарын Жібек жолы даң­ғылындағы «Пассаж» сауда ор­талығы жанында және Пан­­филов көшесіндегі «ЦентрКредит Банкі» бөлімшесі жа­нында байқап көре алады. Шым­кентте бір аптада 10 5G стансасы іске қосылды. Сонымен қатар Қазақстанда аукцион өткізгенге дейін бір жылдан бері Түркістанда тұтас қаланы қам­титын Kcell салған ірі 5G желісі істеп тұрды. Сондықтан атал­­ған оператордың бұл салада біліктілігі мен тәжірибесі жеткілікті. Сондай-ақ Kcell смарт­фоны мен 5G қосылған SIM картасы бар абоненттер желіге қосылып, оны тегін пайдалануға болатынын, трафик ақысы алынбайтынын хабарлағаны есімізде. Биыл компания Алматы, Астана және Шымкент қалаларында 400-ге жуық 5G базалық стансасын салуды жоспарлап отыр. Ал 2027 жылға қарай республикалық маңызы бар қалалардың 75 па­йыз­ы, облыс орталықтарының 60 па­йызы соңғы буын желісімен қам­­ты­лады», деп хабарлады Finprom.kz.

5G қазіргі әлемде револю­циялық технология болып саналады. Халықаралық зерттеулер бесінші буын желілерінің барлық саладағы жағдайды жақсы жаққа қарай өзгертетінін растап отыр. Мәселен, осының нәтижесінде «ақылды қалалар», «ақылды үйлер» пайда болып, өнеркәсіпті ав­томаттандыру жаңа дейгейге көтеріледі.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ