Жеті түрлі азық-түлік өнімі арзандады

0
182

Өткен наурыз айының төрт аптасында әлеуметтік маңызы аса жоғары жеті бірдей азық-түлік өнімдерінің бағасы кәдімгідей төмендепті. Атап айтқанда, пияз ай басынан санағанда 2,5 пайызға, картоп 1,1 пайызға, сәбіз 0,1 пайыз­­­ға, сондай-ақ қарақұмық 4,1 пайызға, қант 1,9 пайызға, күнбағыс майы 1,2 және тауық еті 0,4 пайыз­ға арзандаған.

Ал аталған айдың соңғы аптасында баға картопқа 0,7 пайызға, пиязға 0,3 пайызға, ақ қырыққабатқа 0,1 пайыз­ға, қарақұмық жармасына 1,3 пайыз­ға, күнбағыс майына 1,1 пайызға және түйіршіктелген қант 0,8 пайызға төмен­деген. Өкініштісі бірінші сұрыпты бидай ұны және одан жасалған нан, тауық еті, ал майлылығы 2,5 пайыз болатын пас­тер­ленген сүт сияқты әлеуметтік маңызы бар өнімдердің құны өзгеріссіз қалды.

Өткен жылдың осы кезеңімен салыс­тыра қарасақ, көрініс мүлдем басқаша болды. Мәселен, былтырғы осы айдың соңғы аптасында картоп бірден 2,6 пайыз­­ға, ал ай басынан бері – 15 пайызға, сәбіз – 3,9 пайызға қымбаттады. Ай басынан есептегенде 14,7 пайызға, ал пияз – аптасына 12,2 пайызға, ай басынан қарасақ 32,2 пайызға бағасы көтерілген. Қант наурыздың соңғы аптасында 1 пайызға, ал ай басынан есептесек 35 пайыз­ға бір-ақ қымбаттапты.

Осылайша, биылғы наурыз былтыр­ғы­мен салыстырғанда өте жақсы оң үр­­дісті көрсетіп отыр. Өңірлердегі тұрақ­тан­дыру қорларынан көкөністерді есеп­пен шығару іс-шарасы үкіметтің алда­ғы маусымаралық кезеңдердегі атқа­ры­латын жұмыстарына оң нәтиже беріп жа­тыр. Естеріңізге сала кетейік, Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин ақпан айында көкөністерге тауарлық интервенциялар және NWFP бағасын тұрақтандыруға бағытталған басқа да іс-шаралар басталғанын айтқан еді. Сон­дай-ақ, қант өнеркәсібіне де қол­­дау көрсететінін мәлімдеген бола­тын. Өт­кен наурыз айына қарасақ, атал­ған игі іс-шаралардың нәтижесі анық көрініп тұр.

Тұтастай алғанда, 2023 жылдың 1-28 наурызы аралығындағы, яғни төрт апта ішінде NWFP бағасы 0,4 пайызға өсті. Айдың соңғы аптасында көрсеткіш 0,1 пайызбен іс жүзінде өзгеріссіз қалды. Салыстыру үшін: өткен жылдың нау­рыз айында азық-түлік бағасы бірден 9,1 пайыз­ға өскен болатын.

Республиканың мегаполистері мен облыс орталықтарында жағдай келесідей: наурыздың соңғы аптасында Атырау мен Оралда баға 0,1 пайызға төмендеді. Ал Астана, Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Өскемен, Петропавл және Талдықорған қалаларында баға өзгеріссіз қалды. Бір қызығы, жалпы бағаның төмендеуі бай­қал­­ған өңірлердің қатарында Маңғыстау облысы да бар. Кәрі түбекте бұған дейін азық-түлік бағасы тек қана көтеріле беретін еді ғой.

Атап айтқанда, бір аптадан бері картоп Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Жезқазған, Көкшетау, Қарағанды, Қонаев, Қостанай және Қызылорда қалаларында арзандады. Пияз бағасы Астана, Жезқазған, Қостанай, Қызылорда, Орал және Түркістанда, қырыққабат Астана, Ақтөбе, Жезқазған, Қонаев және Қызылорда қалаларында төмендеді.

Жалпы қарағанда азық-түлік сегмен­тіндегі бағаның түпкілікті өсуіне ТАСҚ құны бойынша оң жағдай әсер етті: осылайша, азық-түлік тауарлары бағасының өсуі наурызда ақпандағы 1,5 пайызға және қаңтардағы 1,4 пайызға қарсы 1,1 пайызды құрады.

Осының бәрінің нәтижесінде нау­рызда ай сайынғы негізгі инфляция 0,9 пайыз­ды құрады. Бұл 2022 жылдың ақпан айынан бері (бір жылдан астам) айлық тұтыну бағасының ең төменгі өсімі.

Бәрімізді қуантып отырғаны жылдық инфляция қарқыны айтарлықтай төмен­­деді: ақпандағы 21,3 пайызға және қаңтар­дағы 20,7 пайызға қарсы биылғы жыл­дың наурызында 18,1 пайызға дейін бәсеңдеді.

Айта кетейік, Премьер-министр Әли­хан Смайыловтың наурызда Қазақ­станда инфляция төмендей бастайды деген болжа­мы шындыққа айналды. Үкімет басшысы сөзін дәл осы жылдың қаңтар айында айтқан болатын.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ