Білім алға басса, ел озады
Ұзақ жылдан бері шешілмей келе жатқан мәселе мұғалімдер еңбекақысының төмендігі еді, қазір ол түбегейлі реттелді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023 жылдың бірінші қаңтарынан ол тағы да 25 пайызға артты. Ал 2020 жылдың бірінші қаңтарынан бері жыл сайын беріліп келе жатқан 25 пайыздық өсім қазір ұстаздардың еңбекақысын 300-400 мыңға дейін жеткізді.
Санатына, ағылшын тілінде сабақ бере алатынына, дәптер тексергенге, сынып жетекшілігіне төленетін қосымшаларды есептегенде көптеген мұғалімнің еңбекақысы бұдан да жоғары. Соның нәтижесінде педагог қызметі қайтадан беделді қызметке айналып, жастар арасында бәсекелестік те күшейіп келеді.
– Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысы бюджетінің білім саласына бөлінетін қаражаты соңғы үш жылда 1,5 есе артып, 134,8 млрд теңгеге жетті. Осының нәтижесінде біз балабақшадан бастап барлық деңгейдегі білім беру мен тәрбиелеу жұмысының сапасын арттырдық. Мектепке дейінгі білім беру бойынша 3 жастан 6 жасқа дейінгі барлық бөбекті қамтыдық. Ал биыл қазіргі мекемелерді кеңейту арқылы қосымша 210 бөбекті мектепке дейінгі біліммен қамтитын боламыз, – дейді облыстық білім беру басқармасының басшысы Назар Жәшібеков.
Биыл тіл сабақтары бойынша өзгерістер енгізілгені белгілі. Қазір қазақ мектебінің бірінші сыныбына барған оқушы тек ана тілінде ғана оқиды, ал орыс тілін екінші сыныптан бастап қана үйренеді, ағылшын тілі үшінші сыныптан бастап оқытылады. Сөйтіп, қалың көпшіліктің ашу-ызасын тудырған бірінші сыныптан басталған «үш тілділік» тоқтатылған еді.
Оқушылардың білім сапасын оқу жетістіктерінің сыртқы бағасы мен Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі анықтайды. Сыртқы баға мониторинг арқылы жасалады. Соған қатысқан солтүстікқазақстандық 4 және 9 сынып оқушылары былтыр жақсы нәтижелер көрсетті. Атап айтқанда 4-ші сынып оқушылары республикалық рейтингте 5-ші орын алса, 9-шы сынып оқушылары 48,7 ұпаймен 4-ші орынға тұрақтады.
Былтыр ҰБТ-ға мектеп бітіргендердің 73 пайызы қатысып, орта есеппен 74,96 ұпай алған. 2021 жылы бұл көрсеткіш – 74,8 ұпайды, 2020 жылы 69,7 ұпайды құраған еді. Нәтижесінде, түлектердің 63,6 пайызы жоғары оқу орындарына грантқа түсті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,3 пайызға жоғары.
Айта кетерлігі, облыстың мектеп бітірушілері шекті деңгейде өте алмағандардың аздығы бойынша республикада алғашқы үштіктің қатарына енді. Өңір оқушылары былтыр республикалық пән олимпиадаларына да белсене қатысқан. Соның ішінде 24 бала жеңімпаздар қатарынан табылып, 1,3 млн теңгенің сыйлығын ұтып алды.
Мектептердің оқу жылына дайындығы, жөндеу, сырлау жұмыстарының уақытында жүргізілгені оқушылардың көңіл-күйіне, білімге деген ынтасына тікелей әсер ететіні аян. Былтыр жаз бойы облыс бойынша 2,5 млрд теңгеге 31 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өткізілген. Соның 21-і «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде іске асқан. Ал биыл 3,8 млрд теңгеге 39 нысанға жөндеу жұмыстарын жасау белгіленіп отыр. Білім беру басқармасы облыс орталығындағы мектептердегі орын жетіспеушілігін жою үшін 2026 жылға қарай 3 мыңнан артық оқушыға шақталған қосымша 4 мектеп салуды жоспарлап отыр.
Мектептердің материалдық-техникасын нығайту мәселесі де күн тәртібінен түскен емес. Былтыр физика және биология пәндері бойынша 150 млн теңгеге 28 кабинет сатып алынған. Биылғы меже де сол деңгейде. 2020 жылдан бастап қаладағы толық жинақты 48 мектепті нақты қаржыландыру тетігі енгізілген. Нәтижесінде, жұмысты ұтымды ұйымдастыра білетін директорлар қаржыны үнемдеу, аса қажетті бағытқа жұмсау шараларын өздері атқаруда. Үнемделген қаражаттың есебінен кейбір директорлар жөндеу жұмыстарын да жасаған.
Техникалық және кәсіби білім беру саласында да оң өзгерістер бар. 2022-2023 оқу жылдарында мемлекеттік тапсырыс 300 адамға дейін артқан. Айыртау ауданында былтыр туризм саласына мамандар дайындайтын «Зейнеп» атты жекеменшік колледж ашылды. Онда қазір 100 студент оқиды. Құйылған инвестиция көлемі – 250 млн теңге.
Былтыр «Қазақстан халқына» қорының көмегімен осы заманғы оқу және дамыту жабдықтарымен 4 арнаулы (коррекциялық) мектеп-интернат қамтамасыз етілді. Құйылған инвестиция көлемі 78 млн теңгенің төңірегінде.