Бір турнирден бес жолдама алу, бұл жаман көрсеткіш емес – Мырзағали Айтжанов

0
112
Фото: kfb.kz

Италияның Бусто-Арсицио қаласында өткен халықаралық лицензиялық турнирден кейін бокстан Ұлттық құраманың бас бапкері шәкірттері туралы өз ойымен бөлісті.

«Лицензиялық турнирге алып барған алты боксшымыздың бесеуі жолдамаға қол жеткізді. Бұл жаман көрсеткіш емес. Негізі толық құрамда жолдамаға қол созғанда тіптен жақсы болар еді. Жалпы, шәкірттерімнің қол жеткізген жетістіктері көңілімнен шықты. Бас бапкер ретінде, боксшыларға жауапты азмат ретінде өз шәкірттерімнің бұл жолғы жетістігін жоғары деңгейде бағалаймын. Боксшыларымыз барлық тапсырманы, біз үйреткен айла-тәсілді бұлжытпай орындады. Нәтижесінде бір боксшыдан басқасы көздеген мақсаттарына жетті», – деп атап өтті бокстан Ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов.

Сонымен қатар Айтжанов әрқашан «арық айтып, семіз шығуға» тырысатынын жасырмады.

«Осындай ірі жарыс алдында «журналистер тарапынан да, басшылық тарапынан да қанша жүлдеге қол жеткіуді көздеп отырсыңдар» деген сұрақтар кейде қарша борап жатады. Осы турнирге аттанар алдында да «қанша жолдама алсыңдар» деген сұрақтар көп қойылды. Барлығына бұйырғаны болады. «Арық айтып, семіз шығуға тырысамыз» деп жауап бердім. Міне, бүгін бес жолдама алдық. Енді ерлер арасында тек бір салмақта жолдама жоқ», – деді бапкер.

Айта кетейік, бокстан Қазақстан ерлер құрамасының қоржынында бүгінге дейін алты жолдама бар. Оларды Сәкен Бибосынов (51 кг), Сабырхан Махмұд (57 кг), Асланбек Шымбергенов (71 кг),Нұрбек Оралбай (80 кг), Айбек Оралбай (92 кг) және Қамшыбек Қоңқабаев (+92 кг) жеңіп алды.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ