Биыл 10 488 этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

0
108
Фото: ашық дереккөз

Биыл жыл басынан бері 10 488 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жалпы 1991 жылдан бері елімізге 1 млн 117,6 мың этникалық қазақ оралған.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, жыл басынан бері Қазақстанға келген қандастардың жартысы (56%) Өзбекстаннан, 19,3%-ы Қытайдан, 9,7%-ы Ресейден, 7,8%-ы Моңғолиядан, 4,6%-ы Түрікменстаннан және 2,6%-ы басқа елдерден келген.

1 шілдедегі жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны – 65,6%, еңбекке қабілетті жастан кішілер – 25,8% және зейнеткерлер 8,6% болды. Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 16,7%-ы – жоғары білімді, 37,1%-ы – орта кәсіби білімді, 38,8%-ы – жалпы орта білімді.

Қоныс аударған этникалық қазақтар еліміздің жер-жеріне қоныстанды. Сонымен бірге, қандастарды қоныстандыру үшін Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары сияқты еңбек күші тапшы өңірлер анықталды. Қоныстандыру өңірлерінде 1 925 адамға биылғы жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы берілді. 2023 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 1 032 қандас қоныс аударды», – делінген хабарламада.

Жоғарыда аталған өңірлерге қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады. Яғни, бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (241,5 мың теңге) мөлшерінде қаржылай көмек берілсе, тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (51,7-ден 103,5 мың теңгеге дейін) мөлшерінде ақшалай қолдау көрсетіледі.

Жыл басынан бері 565 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, 293 адам тұрақты жұмысқа орналасты, 565 адам біржолғы субсидия алды. Ал 257 қандасқа тұрғын үй шығындары субсидияланды.

Сонымен қатар ерікті қоныс аударудың тиімділігін арттыру мақсатында азаматтарды солтүстік өңірлерге қоныс аударуға қатысатын жұмыс берушілерді қолдау бойынша институционалдық шаралар қабылданды. Тұрғын үй сатып алу, салу немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50%-ы немесе бір отбасына 4 млн теңгеге дейін мөлшерінде біржолғы өтеусіз және қайтарымсыз негізде енгізілді», – делінген одан әрі хабарламада.

Еске сала кетсек, биыл пилоттық режимде Қазақстан елшіліктері арқылы «бір терезе» қағидаты бойынша қандас мәртебесін беру тетігі іске асырылды. Пилоттық жоба шеңберінде елімізге келу, жұмыс орны, тұрғын үй беру мүмкіндіктері туралы мәселені шешуге және республика аумағына кірмей-ақ қандас мәртебесін алуға болады.

Бүгінде еліміздің шет елдердегі мекемелері арқылы этникалық қазақтардан жаңа форматта 1 984 өтініші (656 отбасы) қабылданды.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ