Биылғы жылы облыста әлеуметтік осал топтағы 16650 балаға көмек көрсету жоспарлануда

Осы жылдың 1 тамызы мен 30 қыркүйегі аралығында «Мектепке жол» республикалық акциясы ұйымдастырылады. Биылғы жылы облыста әлеуметтік осал топтағы 16650 балаға көмек көрсету жоспарлануда, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жыл сайынғы бұл дәстүрлі акция аз қамтылған, көп балалы, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға оқу жылының басталуына дайындық кезінде материалдық қолдау көрсету мақсатында өткізіледі.
Бүгінгі күні акцияны ұйымдастыру және өткізу бойынша өңірлік іс-шаралар жоспары жасалып, көмекке мұқтаж балалардың тізімі жинақталып, бекітілген.
«Биылғы жылға аудан, қалаларда әлеуметтік осал топтағы 16650 баланың мектепке жиналуына көмек көрсетіледі деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы аясында әлеуметтік осал топтағы отбасылардың 25229 баласын киім-кешек, кеңсе тауарларымен қамту мақсатында жергілікті бюджеттен 1,1 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінді. Бүгінгі күнге Ақсу, Көксу, Кербұлақ аудандарында 100% аударым жасалды. Қалған қала, аудандарда 15 тамызға дейін толық аяқтау жоспарда бар», – делінген облыстық білім басқармасының хабарламасында.