Біз бағаны біртіндеп көтеру бағытында жұмыс істеп жатырмыз
Көлік министрі Марат Қарабаев ақылы жолдар төрт есеге қымбаттайды деген сыбысты жоққа шығарды. Ол бұл мәселе бойынша нақты түсініктеме берді.
«Ақылы жолдар төрт есе қымбаттайды деген ақпаратты толықтай теріске шығарамын. Бұл — жалған ақпарат. Аталған жолдарды тұрақты пайдаланатын жергілікті тұрғындар үшін жылдық абоненттік төлем қарастырылған, оның құны 3000 теңгеден асады», — деді министр.
Дегенмен, жол жүру ақысы қымбаттайды.
«Бағаның өсуі жол учаскесіне байланысты болады. Кейбір бөліктерде тариф 30%-ға, ал басқаларында 40%-ға дейін қымбаттайды. Жалпы алғанда, біз бағаны біртіндеп көтеру бағытында жұмыс істеп жатырмыз», — деп қосты Қарабаев.
Үкімет отырысында министр алдағы уақытта ақылы жолдардан 100 миллиард теңге табыс түсіру жоспарланып отырғанын мәлімдеді.