Біз балаларға шұғыл көмек көрсетудің ең үздік жағдайларын жасауға тырысамыз

0
12

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев жұмыс сапары барысында Шымкент қаласындағы бірқатар медициналық мекемелерге барды, онда №6 қалалық емхананың, қалалық клиникалық және балалар клиникалық ауруханаларының, сондай-ақ жедел медициналық жәрдем станциясының жұмысымен танысты.

Қалалық балалар клиникалық ауруханасында Т. Сұлтанғазиев қабылдау бөлімінің, травматологиялық пункттің, стационар жұмысының және мекемені жаңғырту жоспарларының жай-күйімен танысты.
Жыл сайын орта есеппен қабылдау бөліміне шамамен 121 мың пациент түседі, олардың 20 мыңнан астамы стационарлық ем алады, ал 5500-ден астамына операция жасалады. Қабылдау бөлімі қажетті диагностикалық жабдықтармен, соның ішінде зертханалармен, УДЗ және рентген аппараттарымен жабдықталған.

«Біз балаларға шұғыл көмек көрсетудің ең үздік жағдайларын жасауға тырысамыз және бұл сапар медициналық мекемелер қандай қиындықтарға тап болатынын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді», — деп атап өтті Тимур Сұлтанғазиев.

Кейін бірінші вице-министр №6 қалалық емханаға барды. Биыл мұнда Даму және ерте араласу орталығы мен шұғыл медициналық көмек бөлімі ашылды. Бұл — бала денсаулығын сақтаудағы маңызды буын.
Даму және ерте араласу орталығында өңірлік дәрігер, педиатр, невропатолог, психолог, әлеуметтік қызметкер, патронаждық мейіргерлер және басқа да салалық мамандар қызмет етеді. Орталықта GPS-навигация жүйесін қолданатын патронаждың озық үлгісі енгізілген. Бұл технология 0-ден 5 жасқа дейінгі балалардың даму мониторингін сапалы жүргізуге мүмкіндік береді.

Шұғыл медициналық көмек бөлімшесінде алғашқы жедел көмек көрсетуге арнайы оқытылған көпбейінді мамандар жұмыс істейді. Бөлімше заманауи медициналық жабдықтармен жабдықталған және пациенттердің өміріне қауіп төндіретін жағдайларға уақтылы әрекет етеді.

Бұдан кейін Т. Сұлтанғазиев қалалық жедел жәрдем станциясына барып, базалық және кеңейтілген жүрек-өкпе реанимациясын, оның ішінде балаларға жарақат кезінде емдеуге жатқызуға дейінгі кезеңде көмек көрсетуге арналған заманауи жаттығу жабдықтарымен жарақталған симуляциялық орталықты аралады.
Жаңа туған және шала туған сәбилерді қауіпсіз тасымалдау үшін қызмет төрт көліктік инкубатормен қамтамасыз етілген.

Қала бойынша барлығы 108 жедел жәрдем бригадасы қызмет көрсетеді. Шымкенттің дәрігерлері мен фельдшерлері республикалық байқауларда бірнеше рет ең үздік шұғыл қызмет мамандары атанды.
Денсаулық сақтау министрлігі өңірлердегі медициналық инфрақұрылымды және кадрлық әлеуетті дамыту бойынша жүйелі жұмыстарды жалғастырып келеді.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ