Біз тарихи оқиғаны ғана емес, тұлғаның ішкі рухани әлемін ашуды мақсат тұттық

«Алатау» дәстүрлі өнер театры әлемдік деңгейдегі ең ірі мәдени оқиғалардың бірі А.П.Чехов атындағы XVII Халықаралық театр фестиваліне қатысып жатыр. Биыл фестиваль аясында Қытай, Франция, Қазақстан, Аргентина, Армения, Бахрейн, Бразилия, Үндістан, Иран, Колумбия, Ливан мен Оңтүстік Африка Республикасы сынды 12 елдің 13 театр ұжымы өнерін ортаға салады.
Қазақстан атынан осы айтулы фестивальге «Алатау» дәстүрлі өнер театры қатысып жатыр. Бұл шақырту алған еліміздегі жалғыз театр. Алматының өнер ордасы 8-9 шілде күндері Мәскеудегі Моссовет атындағы Мемлекеттік академиялық театр сахнасында «Mamluk. Сұлтан Бейбарыс» саундрамасын ұсынады.
Қойылым тұтқын құлдан Мысырдың билеушісіне дейінгі хикая мен мәмлүктер үшін бірліктің нышанына айналған тұлға – Бейбарыс сұлтанның тағдырын баяндайды. Спектакльде жанды этномузыка, жауынгерлік өнер көріністері, пластикалық шешімдер мен сүрелерді көркем оқу үйлесім тауып, Орталық Азияның рухани-мәдени тереңдігін паш етеді. Қойылым тарихи тұлғаның ерлігін көрсетумен қатар, билеушінің әділдігі мен жауапкершілігі туралы терең ой тастайды. Ұстазымен болған диалог арқылы Бейбарыс еркіндік пен билік, адамгершілік пен рухани тазалық жөнінде ой толғайды. Ақырында, нағыз билік халыққа қызмет ету мен кішіпейілділікте екеніне көз жеткізеді.
«Біз тарихи оқиғаны ғана емес, тұлғаның ішкі рухани әлемін ашуды мақсат тұттық. Бізге билеуші бейнесінен бұрын оның адам ретіндегі дамуы, ішкі ізденісі маңызды болды. Бұл бүкіл труппаның қажырлы еңбегінің жемісі. Чехов фестиваліне қатысу – бәріміздің ортақ жеңісіміз», – дейді спектакль режиссері Фархад Молдағали.
Қойылымға актер, биші, музыкант, әнші сынды 85 өнерпаз жұмылдырылған. Театрдың этно-фольклорлық ансамблі жанды музыкалық сүйемелдеу арқылы көрерменге қайталанбас көркемдік әсер сыйлайды. Сахналық тілдің бейнелілігі арқасында қойылым кез келген ұлт пен тілдің көрерменіне түсінікті. Басты рөлді «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Әсет Есжан сомдайды. Айта кетсек, 2024 жылы спектакльдің тұсауы кесіліп, ұлы қолбасшының 800 жылдығына арналды.
«Біз «Алатау» дәстүрлі өнер театрына үлкен міндеттер жүктеп отырмыз. Қала әкімдігінің қолдауымен театр ұжымының жалақысы өсіп, материалдық-техникалық базасы жаңартылып, шығармашылық және әкімшілік қызметкерлердің біліктілігі артып келеді. Қазір, жаз мезгілінде, театр ғимараты жөндеуге жабылған, ал труппа ел өңірлерін аралап, гастрольдік сапарлармен өнер көрсетіп жүр. Сонымен қатар, театр халықаралық деңгейдегі ең әйгілі фестивальдерге жолдама алды. Осы мүмкіндік үшін Алматы қаласының әкіміне алғыс білдіреміз», – деді Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев.
Чехов фестивалінен кейін «Алатау» театры Францияға жол тартады. Онда Off Avignon – театр әлеміндегі ең беделді фестивальде Қазақстан атынан өнер көрсетеді. Мәдениет басқармасының айтуынша, алматылық театрдың мұндай атақты фестивальдерге қатысуы – ұжымның кәсіби шеберлігінің мойындалуы ғана емес, сонымен қатар қазақ мәдениетін әлемге танытудың маңызды қадамы.