Бокс – халқымыздың рухын, табандылығын және ел намысын қорғау жолындағы ерлігін айғақтайтын нағыз спорт түрі

Семей қаласындағы «Арена» спорт кешенінде 14-21 қазан аралығында өтетін бокс біріншілігіне еліміздің барлық өңірінен 400-ге жуық спортшы қатысуда.
Биылғы чемпионаттың ерекшелігі, жүлделер World Boxing ұйымы бекіткен жаңа салмақ дәрежелері бойынша сарапқа салынады. Жарыс қорытындысы бойынша ең үздік спортшылар ұлттық құраманың сапына іріктеліп, алдағы халықаралық және әлемдік жарыстарда Қазақстанның намысын қорғау мүмкіндігіне ие болады.
Атап өтерлігі, Қазақстан чемпионатына алты бірдей әлем чемпионы, Азия біріншілігі және Олимпиада жүлдегерлері қатысып жатыр. Олардың қатарында ересектер арасындағы әлем чемпиондары Теміртас Жүсіпов (50 келі) пен Сәкен Бибосынов (55 келі), сондай-ақ жастар арасындағы әлем чемпиондары Бексұлтан Боранбек (55 келі), Сабыржан Аққалықов (75 келі), Санжар-Али Бегалиев (80 келі) және Өнер Сейілхан (85 келі) бар.
Жарыстың ашылу салтанатына облыс әкімі Берік Уәли, Қазақстан бокс федерациясының бас хатшысы Мерей Ақшалов және елімізге танымал спортшылар қатысты.
Сайыстың ашылуында сөз сөйлеген аймақ басшысы чемпионаттың маңызына тоқталып, спортшыларға сәттілік тіледі.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Боксты ұлттық спорт деңгейіне көтеруіміз керек» деп атап өткен болатын. Шынында да, бокс – халқымыздың рухын, табандылығын және ел намысын қорғау жолындағы ерлігін айғақтайтын нағыз спорт түрі. Біздің Абай елінде, Семей қаласында соңғы рет бокстан ерлер және әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионаты 1996 жылы өткен екен. Яғни 29 жылдан кейін осындай чемпионат біздің Семей қаласына қайта оралды. Бұл аймақтың спорттық әлеуетін арттырып, бұқаралық және кәсіби спорттың дамуына тың серпін беретініне сенеміз», – деді облыс әкімі.
Абай облысында спортты, соның ішінде боксты дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Соның нәтижесінде өңір спортшылары халықаралық аренада жарқын жетістіктерге жетіп келеді. Шри-Ланкада өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында жерлестеріміз Жанель Имантаева мен Ақнұр Тұрсынғали өз салмақ дәрежелерінде жеңімпаз атанды.
2025 жылы Абай облысының 451 спортшысы ұлттық құрамаға енді. Жыл басынан бері спортшыларымыз республикалық жарыстарда 1232 медаль (376 алтын, 337 күміс, 519 қола), халықаралық жарыстарда 182 медаль (56 алтын, 51 күміс, 75 қола) жеңіп алды.
Облыста спорт инфрақұрылымы да қарқынды дамуда. Президенттің қолдауымен бастау алған «Абайға құрмет» акциясы аясында алдағы үш жылда Семей қаласында заманауи спорттық инфрақұрылымды жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылады. Атап айтсақ, «KAZ Minerals» компаниясымен жасалған меморандум аясында 25 мың көрерменге арналған стадион салынады. Абайдың 180 жылдығына сыйлық ретінде Павлодар облысы Үстел теннисі орталығын, Ақтөбе облысы Жекпе-жек сарайын салып бермек. Сонымен қатар, Абай облысы әкімдігі мен «Самұрық қазынаның» ынтымақтастығы негізінде Семей қаласында Дене шынықтыру сауықтыру кешенінің құрылысы басталды.