Цифрлық сөздік қор – бұл жай ғана сөздердің тізімі емес

0
9

Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі
– Біздің авторлығымызбен дайындалған заң дарынды жастарды қолдап, мемлекеттік тілді дамытуға мүмкіндік жасап, жасанды интеллектпен үйлестіріп, білім беру жүйесін жетілдіруге бағытталған. Ең беделді халықаралық ғылыми жарыстарда жеңімпаз атанған оқушылар ҰБТ тапсырмай-ақ мемлекеттік грантпен университетке түсе алады. Бұл олардың елде білім алып, Қазақстанның дамуына үлес қосуына жол ашады. Бұрын мұндай мүмкіндік тек олимпиада жеңімпаздарына ғана берілетін, – деді Асхат Аймағамбетов.

Ол «Болашақ» бағдарламасы кеңейтіліп, енді бакалавриат деңгейінде де берілетінін атап өтті.

– Бұрын «Болашақ» стипендиясы тек магистратура мен докторантураға арналған болса, енді халықаралық олимпиада жеңімпаздары бакалавриат деңгейінде де оқу мүмкіндігіне ие болады, – деді депутат.

Қазақ тілі үшін жаңа цифрлық платформа жасалады.

– Қазақ тілінің цифрлық ұлттық сөздік қоры және ұлттық тіл корпусы заңмен реттелді. Бұл жасанды интеллекттердің (ChatGPT, Алиса және т.б.) қазақ тілінде сапалы жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы бұл маңызды мәселені өз бақылауында ұстап отыр, – деді ол.

Депутат қазақ тілінің барлық нормалары мен ережелері онлайн ашық жүйеде қолжетімді болатынын айтты.

– Бұл бастаманың басты мақсаты – қазақ тілін жасанды интеллектпен үйлестіру және цифрлық әлемде оның сапалы жұмыс істеуіне жағдай жасау, – деді Асхат Аймағамбетов.

Цифрлық сөздік қордың маңызы:

1 . Жасанды интеллект үшін база:
Бұл сөздік қор жасанды интеллектке қазақ тілінде дұрыс сөйлеуді, сөздерді контекстке сай қолдануды үйретеді.

2. Күнделікті қолданыс:
Ашық ақпараттық жүйе арқылы кез келген азамат сөздердің дұрыс емлесін, нақты мағынасын оңай таба алады.

3. Білім беру:
Оқушылар, студенттер мен мұғалімдерге сапалы сөздіктер мен анықтамалықтарға қол жеткізу мүмкіндігі беріледі. Бұл оқу мен оқыту үдерісін жеңілдетеді.

– Цифрлық сөздік қор – бұл жай ғана сөздердің тізімі емес. Бұл – тілді түсінетін, оны дұрыс қолдана алатын интеллектуалды платформа, – деп атап өтті Аймағамбетов.

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ