«Даналық мектебі» клубы отбасы мен мектеп серіктестігін нығайтуда

0
11

Еліміздің білім беру ұйымдарында ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтарының базасында жұмыс істейтін «Даналық мектебі» отбасылық тәрбие клубтарының жүйелі жұмысы жалғасуда.

Клуб отбасы мен мектеп арасындағы өзара әрекеттестікті күшейтуге, ата-аналардың педагогикалық мәдениетін арттыруға және ұлттық тәрбие құндылықтарын сақтауға бағытталған алаң ретінде қызмет етеді.

Клуб жұмысы аясында «Әке өсиеті», «Әже даналығы», «Аға қамқорлығы» бағыттары бойынша кездесулер, тренингтер және тәрбиелік іс-шаралар өткізіледі. Бұл сабақтар ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға және отбасылық дәстүрлерді насихаттауға бағытталған.

2025-2026 оқу жылының басынан бері клуб аясында шамамен 33 мың іс-шара ұйымдастырылды. Биылғы оқу жылында сабақтардың мазмұны заманауи тәрбиелік міндеттерді ескере отырып жаңартылды.

Балалардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға, ұрпақтар арасындағы үйлесімді қарым-қатынасты дамытуға, оқушыларды кітап оқуға баулуға, қаржылық сауаттылықты арттыруға, сондай-ақ өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі отбасы мүшелерінің рөлі мен жауапкершілігін ұғындыруға ерекше назар аударылуда.

Еске сала кетейік, ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары 2023 жылдан бастап еліміздің барлық мектептерінде «Адал Азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында жұмыс істейді. «Даналық мектебі» клубы тек іс-шаралар ұйымдастыру форматы ретінде ғана емес, сонымен қатар отбасылық құндылықтарды нығайтуға, өзара құрметті қалыптастыруға және әрбір қоғам мүшесінің азаматтық жауапкершілігін арттыруға ықпал ететін рухани-тәрбиелік алаң ретінде қарастырылады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ