30 жас қазақстандық «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының иегері атанады
ОКҚ-да өткен брифингте «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасының жаңашылдығы мен ережелері туралы айтылды.
Оған ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров, 2022 және 2023 жылғы «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының иегерлері Жандос Ақтаев және Арайлым Серікбай қатысты.
2021 жылдан бастап «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты Мемлекет басшысының бастамасымен дарынды жастарды мемлекеттік қолдау мақсатында беріліп келеді.
Грант мөлшері – 3 млн теңге. Оған конкурстық негізде 14 жастан 35 жасқа дейінгі (34 жыл қоса алғанда) қазақстандықтар үміткер бола алады.
Брифинг барысында Қайрат Қамбаров волонтерлікті қолдау үшін 2024 жылдан бастап қосымша «Волонтерлік» бағыты қарастырылғанын айтты.
Осылайша, аталған грант 6 бағыт бойынша беріледі. Оның ішінде «Ғылым», «Мәдениет», «Ақпараттық технологиялар», «Бизнес», «Медиа», «Волонтерлік» бағыттары бар.
Конкурсқа өтінімдерді қабылдау 5 тамыздан 6 қазанға дейін жалғасады.
Сондай-ақ, «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының иегерлері өз бастамалары туралы айтып берді.
Мысалы, Жандос Ақтаевтың жобасы қолжетімді тілде халықтың базалық құқықтық сауаттылығын арттыруға арналған ақпараттық контент құру.
2023 жылғы «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының иегері Серікбай Арайлым грант қаражатына «Ғылым» бағыты бойынша заманауи жасыл агротехнологиялар пайдаланылған «EcoTagam» инновациялық отандық экоөнімдер орталығын ашты.
Дарынды жастардың жаңа идеялары мен түрлі жобаларын іске асыру мақсатында «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты 2029 жылға дейін беріледі деп жоспарланған.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды