Еңбек саласы мен оның қаһармандарына арналған мурал ашылды

Астананың Сарайшық ауданында тұрғын үйдің қасбетіне жаңа мурал салынды. Бұл іс-шара Мемлекет басшысының 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялауына орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Панно бетінде түрлі сала өкілдері бейнеленген: құрылысшы, дәрігер, агроном, электрик, өрт сөндіруші және теміржолшы. Жарқын түсті бояулармен салынған бұл сурет ауданға сән беріп, еңбек пен жұмысшы мамандық иелерін қадірлеудің маңызын еске салады.
Жобаның мақсаты – жұмысшы мамандықтарын дәріптеу, жастардың сұранысқа ие кәсіптерге қызығушылығын арттыру.
Муралдың авторы – суретші Ернұр Сарсекеев.
Осы күні Сарайшық ауданында «Жұмысшы мамандықтар аллеясы» да ашылды. Жаңа сквер тұрғындардың демалыс орнына айналып қана қоймай, еңбек ұжымдарының ел дамуына қосқан үлесін айшықтайтын нышанға айналды.