Екі ұлым Қазақстанға екі алтын алып келеді деп үміттенемін – Рахат Оралбай

0
107
Фото: Рахат Оралбайдың жеке мұрағатынан

Париж Олимпиадасының басталуына санаулы күн қалды. Осы жолғы төртжылдықтың басты спорт додасында жұрт назар аударатындай бірнеше қызықты жайт бар. Мәселен, бокстан Қазақстан құрамасының сапында егіздер – Айбек және Нұрбек Оралбай өнер көрсетеді. Әлемдік ірі жарыста мұндай оқиғалар тіпті сирек кездеседі. Екеуі де Олимпиада алтынынан дәмелі, фавориттер қатарында, бұған дейін бірнеше халықаралық жарыстарда топ жарған. Осы орайда Kazinform агенттігінің тілшісі егіз спортшының әкесі Рахат Оралбаймен шағын сұхбат ұйымдастырды.

Алдымен әуесқой боксшылардың өмірбаяны жөнінде қысқаша айтып өтсек. Былтыр Өзбекстан астанасы Ташкентте өткен әлем чемпионатында алтын алған Нұрбек Оралбайды көпшілік жақсы таниды. Жартылай ауыр салмақ (80 келі) санатында өнер көрсетеді. Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі әрі еңбек сіңірген спорт шебері. Алдымен 2018 жылы жастар арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Содан кейін 2018 жылдың тамызында Будапештте (Венгрия) жастар арасында әлем чемпионы болды. 2019 жылы Қазақстан Спартакиадасында топ жарса, 2020 жылы Қазақстан чемпионатының күміс жүлдесін алып, 2021 жылы ел чемпионы атанды.

2021 жылы қарашаның басында Белградта (Сербия) 80 келіге дейінгі санатта әлем чемпионатына қатысып, қола жүлдемен шектелген болатын. Тура бір жылдан кейін Аммандада (Иордания) өткен Азия чемпионатында да қола жүлде алды. Ақыры 2023 жылдың мамырында Ташкентте (Өзбекстан) 80 келіге дейінгі салмақта әлем чемпионы болды.

бокс
Фото: Қазақстан бокс федерациясы

 

Нұрбектің егіз-бауыры Айбектің де жетістіктері мол. Ауыр салмақта (92 келіге дейін) жұдырықтасатын ол халықаралық дәрежедегі спорт шебері. 2018 жылы әуелі жастар арасындағы Азия чемпионатының жеңімпазы атанды. Содан кейін 2018 жылдың тамызында Будапештте жастар арасындағы әлем чемпионатының финалына дейін барып, күміс жүлдені иеленді. Сол жылдың қазан айында Буэнос-Айрестегі (Аргентина) Жасөспірімдердің ІІІ жазғы Олимпиада ойындарына қатысып, жеңімпаз атанды.

2019 жылы Қазақстан Спартакиадасында да жеңіс тұғырынан көрінді. Бірнеше рет ел чемпионы болып, 2021 жылдың қарашасында Белградта 92 келіге дейінгі санатта әлем чемпионатына қатысқан еді. Алайда 1/8 финалда ұпай бойынша (1:4) өзбек боксшысы Мадияр Сайдрахимовқа ұтылып, жарыс нәтижесінде қола жүлде алды. Дегенмен 2022 жылы қарашада Амманда алғаш рет 92 келіге дейінгі санатта Азия чемпионы атанып, финалда бір жыл бұрын есесі кеткен Мадияр Сайдрахимовты жеңді. Биыл наурызда Италияның Бусто-Арсицио қаласында өткен 1-ші Дүниежүзілік Олимпиадалық біліктілік турниріне қатысып, ширек финалға шыққанының арқасында Париж Олимпиадасына баруға мүмкіндік беретін лицензияны еншіледі.

– Рахат мырза, естуімізше өзіңіз де спортқа жақын адам екенсіз. Демек, Айбек пен Нұрбектің бала кездерінен боксқа қатысуына сіз себепші болдыңыз ба?

– Ең алдымен екі ұлым – Айбек пен Нұрбектің бала кездерінен спортқа жақындығы, бейімі бойларында болғанын айта кеткенім жөн. Өзім – еркін күрестен спорт шеберімін. Негізі туған жеріміз Жамбыл облысындағы Айша бибі ауылы. Қос ұлымды кішкентай кездерінен өзіммен бірге ертіп, күніне 2 мезгіл жаттығуға алып барып жүретінмін. Жасырары жоқ, менің жолымды қуса деген арманым болды.

– Яғни, сіз де олардың еркін күреспен айналысқанын қаладыңыз емес пе?

– Солай десек те болады. 2008 жылы отбасымды алып Астана қаласына жұмыс бабымен қоныс аударып келдім. Екі ұлымды еркін күреске қатыстырғым келген, алайда ол кездерде уақытша жаттығу залы болмады. Содан «Алатау» спорт кешеніне алып барып, жаттықтырушы Асқар Еркебаевтың қолына тапсырып, бокс үйірмесіне қатыстырдым.

Рахат Оралбай мен Асқар Еркебаев
Фото: Рахат Оралбай мен Асқар Еркебаев/ Рахат Оралбайдың жеке мұрағатынан

 

Шынымды айтсам, екі ұлымды сол кезде боксқа уақытша ғана қатыстыра тұрамын деп ойлағанмын. Дегенмен кейінірек бокс ұлдарымның жан қалауына айналып шыға келгенін түсіндім. Бұған жаттықтырушы Асқар Еркебаевтың еңбегі сіңгені анық. Екеуі де кішкентайынан жанымнан қалмай, еріп жүрді. Кез келген ата-ана баласы ұл не қыз ба бәрібір, жақсы болсын деген ниетпен тәрбиелейді. Қос ұлымның спортқа құлшынысының арқасында осы күнге жетіп отырмыз.

– Төртжылдықтың байрақты бәсекесі болған соң Олимпиада қай спортшыға да оңай соқпайтыны анық. Дегенмен Айбек пен Нұрбектен ел көп үміт күтіп отыр, жүлдегер атануға мүмкіндіктері көбірек. Қазір олардың дайындығын бақылап жүрсіз бе?

– Бұл тұста алдымен салаға жауапты ведомстволардың да еңбегін айта кеткеніміз абзал. Спортшылардың жарысқа қатысуына ықпал етіп, жан-жақты көмегін аямай жатыр. Есесіне көк туымызды желбірететін дүлдүлдеріміз көп боларына сенім мол.

Олимпиада жақындаған сайын әрнәрсені ойлаймыз. Осы бастан Қазақстан атынан қатысатын барлық спортшы ұл-қыздарымызға жеңіс тілеп отырмыз. Алдағы арманның бірі – солар осы жолы туымызды биіктетіп, Париж төрінде әнұранымызды шырқатса екен! Бәріміз де бұған тілекшіміз!

Оралбай
Фото: Рахат Оралбайдың жеке мұрағатынан

 

Қазір ұлдарымды күнделікті қадағалап отырмын. Телефон арқылы байланысып, дайындықтарын бақылап, салмақтарын қалай реттеп жатқанын сұраймын. Реті келсе, ақылымызды да айтамыз. Көпшілікпен кеңесіп, уақыт режимін тексеріп тұрамыз.

Ең бастысы, екі ұлымның жүрегіндегі сенім. Құдай қаласа, екі ұлым да еліме екі алтынды алып келеді деп үміт артамын. Сол қуанышты күннің нәсіп болғанын қалап жүрміз.

– Әңгімеңізге рақмет!

***

XXXIII жазғы Олимпиада ойындары Франция астанасы Парижде 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді. Кәрі құрлықта алауы тұтанатын биылғы додаға әлемнің 200-ге жуық елінен 10 мыңнан астам спортшы қатысады. Қазақстан атында жалпы алғанда 92 лицензия бар.

Бұл тұста Қазақстан тәуелсіздік жылдарынан бергі ең аз лицензияны биыл алып отырғанын айта кету керек. КСРО құрамынан бөлінгеннен кейінгі бірінші жазғы ойындар – 1996 жылғы Атланта Олимпиадасына қатысқан құрамдағы спортышлар саны қазіргіден көп – 96. Ал Сиднейде (2000) – 130, Афиныда – 119, Бейжіңде – 132, Лондонда – 115, Риода – 104, Токиода 93 спортшы ел намысын қорғаған екен. Байқасақ, 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасынан кейін қатысушы спортшылар саны күрт төмендеген. Токио Олимпиадасындағы сәтсіздіктен кейін Қазақстан құрамасы биыл қандай нәтиже көрсететіні көпшілікке қызық болып отыр.


Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/zamandas.kz/data/www/zamandas.kz/wp-content/themes/zamandas_news/inc/libs/single_core.php on line 656

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/zamandas.kz/data/www/zamandas.kz/wp-content/themes/zamandas_news/inc/libs/single_core.php on line 657

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/zamandas.kz/data/www/zamandas.kz/wp-content/themes/zamandas_news/inc/libs/single_core.php on line 658

ПІКІР ҚАЛДЫРУ