Елді мекендердің су тасқынына нақты дайындық деңгейін тексеру керек
![](https://zamandas.kz/wp-content/uploads/2025/02/DVLnWSVzxtkgN9Y64uQrBjrI0CfzafjFMh9hjrI7-905x613.jpeg)
Премьер-министр Олжас Бектенов Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында су тасқыны кезеңіне дайындық мәселелері бойынша республикалық кеңес өткізді. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Мәлік Олжабеков және бірқатар облыс әкімдері қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.
«Қазгидромет» РМК-ның алдын ала гидрологиялық болжамына сәйкес ақпан айында ауа райы жылы болады, жауын-шашын мен температураның өзгеруі күтілуде, соның салдарынан мұз қатуы мүмкін. Наурызда ауа райының жылыну және жауын-шашынның көп болуы су тасқыны қаупін арттырады. Экология және су ресурстары министрлігінің деректері бойынша ылғалдылық көрсеткіштері Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында, Ұлытау, Абай, Жетісу, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарының батыс бөліктерінде және Алматы, Түркістан, Жамбыл облыстарының тау бөктеріндегі аудандарында норма шегінен жоғары екені байқалады. Сонымен қатар бірқатар өңірде топырақтың қату тереңдігі өткен жылмен салыстырғанда төмен.
Экология және табиғи ресурстар министрі Еран Нысанбаев биылдан бастап бастап су тасқыны кезеңіне арналған жалпыланған гидрологиялық болжамға қоса, әр аймақ бойынша егжей-тегжейлі ақпарат пен кеңестер жеке-жеке беріліп жатқанын баяндады. Олар қауіпті аймақтарда орналасқан нақты елді мекендерді көрсете отырып, судың ең жоғары деңгейі мен шығынын, гидрологиялық бекеттердегі ағынның көлемін және су тасқыны басталуының болжамды күндерін көрсетеді. Сондай-ақ метеостансалар деректері негізінде гидрологиялық бақылаумен қамтылмаған аумақтардағы еріген судың күтілетін көлемі туралы ақпарат беріледі.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Мәлік Олжабеков Tasqyn су тасқынын болжаудың жаңа ақпараттық жүйесі сияқты цифрлық шешімдерді енгізу туралы хабарлады. Өзендердің 128 учаскесіндегі 142 гидробекетте су тасқынын модельдеу жүргізіледі. Сонымен қатар су қоймаларынан жіберілетін су мөлшері бойынша жедел мәлімет автоматтандырылған және қауіп-қатерді ертерек ескертуге мүмкіндік беретін GloFAS жаһандық су тасқыны туралы ескерту жүйесімен біріктірілген.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов еліміздегі гидротехникалық құрылыстардың дайындығы туралы баяндады. Жүргізілген зерттеу жұмыстарының қорытындысы бойынша бүгінде 74 нысан қалпына келтірілді, 46-сы жөндеу сатысында, 18-інің жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленді. Стратегиялық маңызы бар учаскелерді қоса алғанда, 1 мың шақырымнан астам каналдар, 153 мың шақырымнан астам өзен арналары тазартылып, 205 нысанда жөндеу жұмыстары жүргізілді. Өткен жылы көлемі 245 млн м3 болатын Ақтөбе су қоймасын реконструкциялау жұмыстары аяқталды. Ұзындығы 312,4 шақырым 59 қорғаныс бөгетін қалпына келтіру аяқталу сатысында тұр. Барлық су қоймаларындағы жұмыс режимі жіберілетін су мөлшері бойынша есептеліп жасалды. Трансшекаралық ынтымақтастық аясында тұрақты су пайдалануды қамтамасыз ету және су тасқыны кезеңінде ТЖ алдын алу үшін іргелес елдермен белсенді өзара іс-қимыл жүргізілуде.
Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтің мәліметінше, бүгінде су тасқыны қаупі бар аймақта 1 223 елді мекен бар. Оларды қорғау үшін 576 шақырым топырақ үйінділері мен қорғаныс бөгеттері тұрғызылды, 822 шақырым су бұру жүйелері, каналдар мен арықтар жөнделіп, салынды. Автомобиль және темір жол қатынастарында 960 су өткізу құрылыстары орнатылды және ауыстырылды. 74 өзеннің қауіпті учаскелерінде 500 шақырымға жуық аумақта түбін тереңдету, жағалауды бекіту және арналарды тазарту жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар барлық өңірде тасқынның алдын алу шаралары толық көлемде аяқталған жоқ. Бұл Үкімет Аппараты мен ТЖМ бірлескен тексеру барысында анықталды. Бақылауды ТЖ алдын алу комитеті жүзеге асырады, ол тиісті шараларды, соның ішінде әкімдердің әкімшілік жауапкершілігін қабылдайды.
Премьер-министр Шардара су қоймасынан су жіберудің артуына және Сырдария өзеніндегі жартылай мұз қатуына байланысты қауіпті ескере отырып, Қызылорда облысында су тасқыны кезеңінің өтуіне қатысты мәселе көтерді. Сондай-ақ су тасқыны қаупі бар Атырау және Қостанай облыстарына да назар аударылды. Аталған мәселелер бойынша өңір әкімдері тыңдалды. Өз кезегінде Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев пікір білдірді.
«Қазір су тасқыны кезеңіне сақадай-саймыз деп айтуға әлі ерте. Осы күнге дейін тиісті шешімдер қабылданбаған бірқатар мәселе бар. Бұл әсіресе су басу қаупі жоғары аймақтарға қатысты. Қазір, ең алдымен, елді мекендердің су тасқынына нақты дайындық деңгейін тексеру керек. Әрбір елді мекенге барып, қалыптасқан жағдайды жан-жақты саралап, тиісті шаралар қабылдайтын өңірлік комиссиялар құруды тапсырамын. Барлық әкім тікелей жауап береді. Сондықтан жұмысты жандандырып, су тасқынына қарсы белгіленген шараларды нақты іске асыру қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-министр бірқатар тапсырма берді:
Өңір әкімдіктері 1 наурызға дейін су тасқынының алдын алу және жою үшін барлық қажетті ресурстарды дайындасын. Елді мекендерден қарды ертерек шығару қажет. Су бұру арналары мен арықтарды дайындау, нөсер кәріздерін тазарту керек. Су тасқыны қаупі бар елді мекендер топырақ үйінділерімен және арнайы қорғаныс бөгеттерімен бекітілуі тиіс. Азық-түлік, жанар-жағармай, дәрі-дәрмек және азаматтардың тыныс-тіршілігіне қажетті құралдар қорларын дайындау, қажет болған жағдайда өзендерде алдын ала жарылыс жұмыстарын жүргізу тапсырылды.
Су ресурстары және ирригация министрлігі болжамды деректерді ескере отырып, су қоймаларындағы судың жиналу көлемін анықтап, оларға тұрақты бақылауды қамтамасыз етсін. Қажет болған жағдайда суды алдын ала және қауіпсіз жіберу бойынша шаралар қабылдау қажет. Шекара маңындағы мемлекеттермен бірлесе отырып, трансшекаралық су айдындарында қауіптердің туындауы туралы мәліметтермен үнемі өзара ақпарат алмасуды ұйымдастыру керек.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Төтенше жағдайлар министрлігі және басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп, су басуы ықтимал аймақтарда тасқынға қарсы жұмыстарды алдын ала анықтауға және болжауға мүмкіндік беретін Tasqyn ақпараттық жүйесінің әлеуетін пайдалансын.
Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтық қорғаныс күштері мен құралдарының жедел әрекет ету дайындығын қамтамасыз етсін. ІІМ-мен бірлесіп, құтқару жасақтарын тарту, оның ішінде әуе кемелерімен тасымалдау алгоритмдерін әзірлеу, су басу қаупі төнген жағдайда азаматтарды уақтылы эвакуациялау мәселелерін пысықтау қажет. Сондай-ақ адамдарды қауіпсіз аймаққа жеткізуге арналған эвакуациялық пункттер мен техниканың дайындығын тексеру қажет.
Мемлекеттік органдар қолданыстағы заңнаманы талдап, қажет болған жағдайда тиісті түзетулер енгізуі тиіс. Сонымен қатар былтырғыдай су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны салдарын жою бойынша республикалық штаб құру тапсырылды.
Премьер-министр әкімдер мен ведомстволарға су тасқыны кезеңіне дайындықты наурыз айының басына дейін аяқтауды тапсырды.