Еліміз дзюдодан әлем чемпионатын 2027 жылы қабылдайды.

0
149

Лос – Анджелес Олимпиадасы қарсаңындағы дзюдодан әлем чемпионатын 2027 жылы еліміз қабылдайды,-деп хабарлайды zamandas.kz Туризм және спорт министрлігі баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мұндай шешім ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов пен Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) президенті Мариус Визердің Будапеште IJF-тің штаб-пәтерінде өткен кездесуде қабылданды. Сондай-ақ кездесу барысында тараптар Қазақстанда IJF академиясының филиалын ашу жайында уағдаласты.

«Бұл кездесудің нәтижесінде елімізде дзюдоны дамыту бағытында бірқатар маңызды келісімдерге қол жеткіздік. 2027 жылы дзюдодан әлем чемпионатын Қазақстанда өткізу туралы келісімге келдік. Бұл еліміз үшін үлкен абырой, әрі қазақстандық спортшылар үшін үлкен мүмкіндік болмақ. Өйткені чемпионат Лос – Анджелес олимпиадасының қарсаңында өтеді.

Бұл бастама біздің спортшыларымыз бен жаттықтырушыларымыздың кәсіби деңгейін көтеруге үлкен септігін тигізетініне сенімдімін»,-деді кездесуден кейін Ербол Мырзабосынов.

Еске сала кетейік, осыған дейін Қазақстан бір рет әлем чемпионатын өткізген. Астанада 2015 жылы өткен додада бір салмақта (60 кг) екі дзюдошымыз финалда күресіп (Елдос Сметов пен Рустам Ибраев), Елдос Сметов алтыннан алқа таққан. Жалпы есепте Ұлттық құрама 1 алтын, 1 күміспен 4-сатыға тұрақтаған.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ