Елімізде ұялы байланыс қызметтерінің бағасын енді мемлекет реттемек
Мұндай ұсыныс Ашық НҚА порталында жарияланған «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне бәсекелестік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасына реттеуші саясаттың консультативтік құжатында көтерілген.
ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 116-бабы 3-тармағы 14-тармақшасына сәйкес, мемлекет қоғамдық маңызы бар нарықтардағы кәсіпкерлік субъектілерінің тауарларына, жұмыстарына, қызметтеріне бағалар мен тарифтерді реттейді, – делінген құжатта.
Алайда Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің квазимемлекеттік секторға жататын ұялы байланыс операторларының қызметтеріне баға белгілеу құқығы жоқ.
Ведомство дерегінше, байланыс тарифтерінің күрт қымбаттауын болдырмау және оның алдын алуға осы шектеу кедергі болып отыр. Сондықтан ұялы байланыс операторларының қызметіне мемлекет тарапынан баға белгілеу ұсынылды. Бұл бастама 28 шілдеге дейін көпшілік талқылауында болады.
Еске сала кетсек, былтыр өзінің міндеттемесіне сай сапалы қызмет көрсетпеген ұялы байланыс операторларына 3,4 млрд теңге айыппұл салынған болатын.
Еркеғали БЕЙСЕН