Елордада Кенесары жайлы тарихи романның тұсауы кесілді

0
88
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

 — Елордада Astana Eurasian Book Fair 2024 халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінде жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Әділбек Ыбырайымұлының «Семсер жүзіндегі серт» тарихи роман-трилогиясының таныстырылымы өтті.

Бұл үш томдық «Арланның азуы», «Серт» және «Рух» деп аталатын көлемді үш кітаптан тұрады.

Тарихи туынды қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлының өмірі мен ерлік істері туралы сыр шертеді.

Жаңа шығарма «Фолиант» баспасынан жарық көрген.

презентация
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Осы шараның ұйымдастырушысы да аталған баспа болып отыр.

Рухани іс-шараны модераторы, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Астана қаласы филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы жүргізді.

кітап
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Кіріспе сөзінде Д.Кәпұлы:

«Жалпы, кітап деген тозбайтын ақылдың кені. «Жақсы ат арба-шанаға бірдей жүреді» дегендей, Әділбек Ыбырайымұлы әрі ақын, әрі жазушы. Бір өзінде бірнеше өнер кені бар дарынды қаламгер. Кенесарыға арналған кітаптың атауы да көп жайттан хабар беріп тұр», – деді.

Оқырманға жол тартқалы отырған үш томдық еңбек туралы қаламгерлер Қуаныш Жиенбай, Жанболат Аупбай, Тортай Сәдуақасовтар пікір білдірді.

Сенат депутаттары Нұртөре Жүсіп, Ғалиасқар Сарыбаев пен Амангелді Толамисов және Мәжіліс депутаты Болат Керімбек қоғамда кітап оқудың маңызын күшейту туралы ойларын ортаға салды.

кітап
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Сенатор Нұртөре Жүсіп:

«Баланың рухын тазалыққа тәрбиелеудің маңызы зор. Тілі шыққан соң тақпақ жаттаған, есейе келе өлеңге құмартқан баладан ізгі ниетті азамат қалыптасатыны анық. Біз жас ұрпақты әдебиет, өнер, мәдениет арқылы тәрбиелеуіміз керек. Бұл мәселені Ұлттық құрылтай жиынында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та айтты», – деді.

Алаштанушы ғалым Қайрат Сақ кітап авторымен Қазақ мемлекеттік университетінде бірге оқығанын айта келіп, Әділбек Ыбырайымұлының бүгінгі таңда әдебиет әлеміндегі қол жеткізген табысын замандастары жоғары бағалайтынын жеткізді.

тұсаукесер
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Өз сөзінде Әділбек Ыбырайымұлы бұл туындысына бірқатар өзгерістер енгізіп, «Фолиант» баспасынан қайта шығарып отырғанын мәлімдеді.

кітап
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Автор Кенесары ханның өміріндегі қилы кезеңдер, ұлт-азаттық көтерілісін бастап шыққан кезде жүргізген соғысудың амал-тәсілдері жөнінде әңгімелеп берді.

Жиналған қауымға және «Фолиант» баспасы мен осы шараны ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді.

кітап
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ