Елордалық спортшылар Қазақстан чемпионатында топ жарды

Астана қаласында көркем гимнастикадан көпсайыс бойынша өткен ел біріншілігі өз мәресіне жетті. 2009 жылы және одан кейін дүниеге келген спортшылар арасында өткен топтық және жекелей бағдарлама бойынша үздіктер анықталып, жеңімпаздардың есімі белгілі болды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Жарыс қорытындысы бойынша көпсайыстың жекелей бағдарламасында Астана қаласының спортшылары жеңіс тұғырынан көрінді. Айым Мейіржанова алтын медаль иеленсе, Эрика Жайлауова күміс жүлдеге қол жеткізді.
Көпсайыстың топтық бағдарламасында Астана қаласы әкімдігінің №1 БЖМОРСМ командасы 51.150 ұпай жинап, бірінші орынды жеңіп алды.
Команда құрамында Жасмин Жүнісбаева, Кристина Чепульская, Аида Хакимжанова, Айзере Кеңес, Айзере Нұрмағамбетова және Мадина Мырзабай өнер көрсетті.
Екінші және үшінші орындарды Шығыс Қазақстан облысы мен Солтүстік Қазақстан облыстарының командалары иеленді.
Командалық сайыс нәтижесі бойынша 14 өңірдің ішінен Астана қаласының гимнастшылары қарсыластарынан оқ бойы озып, алтын медаль жеңіп алды. Бұл құрамда Айым Мейіржанова, Эрика Жайлауова, Дария Көшербаева және София Куряченко өнер көрсетті.
Күміс медальді Қарағанды облысының командасы, қола жүлдені Шығыс Қазақстан облысы жеңіп алды.
Айта кетейік, Қазақстан чемпионатында Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан және Абай, Павлодар, Алматы, Қызылорда, Қарағанды, Ақмола, Маңғыстау, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарынан келген 150-ден астам гимнаст жүлдеге таласты.