Ерлан Қошанов домбыраны «харам» дейтіндерге жауап берді

0
468

фото: Halyq Uni

Бұған дейін ұлттық аспап туралы Мүфтият та мәлімдеме жасаған еді

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов қазақтың ұлттық аспабы – домбыраны «харам» дейтіндерге жауап берді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

«Жаңа ғана депутат (Аманжол Әлтай) сауал жолдады. Домбыраны «харам» деген әңгіме шықты. Оны айтып жүрген азаматтарға «Сонда ғасырлар бойы қолына домбыра ұстап жүрген бабаларымыз күнәһар болғаны ма?» деп жауап берер едім. Біз теріс діни ағымның жетегінде кеткен және Конституцияға қайшы әрекет етіп жүрген адамдарға заң аясында тыйым салуымыз керек», – деді Қошанов Мәжілістің жалпы отырысынан соң.

Еске салайық, әлеуметтік желіде «домбыра шерту, беташар жасау, келіннің сәлем салуы – харам» деген сыңайдағы жазбалар таралып, қоғамда қызу талқыланды. Осы жағдайға қатысты Қазақстан мұсылмандары діни бірлестігі мәлімдеме жасап, ұлттық құндылықтарға қарсы келу дүрыс еместігін ескертті.

Мүфтияттың мәлімдемесіне сәйкес, сан ғасырдан бері Ислам дінін ұстанып келе жатқан қазақ халқы ұлттық аспабымыз – домбыра арқылы ән, терме-толғау шырқап, тыңдаушыны имандылыққа, ізгілікке, адамгершілікке, Отанды қорғауға, ата-анамызды қадірлеуге шақырған.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы әлеуметтік желі қолданушыларын «домбыра шерту, беташар жасау, сәлем салу – харам» деген мағынада біржақты, негізсіз пікір айтып, халық арасында түсінбеушілік тудырмауға үндейді. Ұлттық құндылықтарға қарсы келу дұрыс емес екенін мәлімдейміз, – делінген ҚМДБ мәлімдемесінде.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ