Арыстанбек Мұхамедиұлының адвокаты сот үкіміндегі қателікті атады

0
140
Фото: Halyq Uni

Астанада бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты іс апелляциялық сатыда қаралып жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni.

2023 жылдың 20 маусымында Байқоңыр ауданының №2 сотында Арыстанбек Мұхамедиұлы, Азамат Көшенов, Алмаз Нұрасхан және Айым Садуақасоваға сот үкімі шықты. Экс-министр 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

14 қыркүйекте өткен апелляциялық сот отырысында Мұхамедиұлының адвокаты Әйгерім Әнуарбек бірінші сатыдағы соттың негізсіз үкім шығарғанын мәлімдеді.

«…221 млн 411 мың 230 теңгеге азаматтық талап арыз бар. Біз бұл тарап арызбен келіспейміз. Бірінші сатыдағы сот шығын көлемі негізсіз белгілеген. Сот 155 млн теңгені шығын деп есептеді. Сотқа дейінгі тергеу барысында Мұхамедиұлының әйелі Ғалия Ысқақова шығынды ішінара өтеді – 111 млн теңге төледі. Бірақ соттың бұл соманы қылмыстық іс шығыны ретінде қарастырылады деп шешкені бізге түсініксіз. 111 млн теңгені Ысқақова күйеуі Арыстанбек Мұхамедиұлының жазасын жеңілдету үшін төледі. Шығын көлемі – 155 млн теңге. Бұл соманы сот 4 айыпталушы арасында тең бөлуі керек еді. Бұл соманы 4-ке бөлсек, әр адам 38 млн теңгеден өтеуі керек. Сот Мұхамедиұлы мен әйелінің рұқсатын алмастан 155 млн теңгеден 111 млн теңгені алып, басқа да сотталушылардың орнына шығынды өтетіп отыр. Сот барысында бұл туралы әңгіме болған емес. Сот Ысқақованың қаражатын негізсіз жұмсаған», – деді адвокат Әнуарбек.

Айтуынша, сот қалған 43 млн теңгені төрт адамға бөлген. Мұндай жағдайда Арыстанбек Мұхамедиұлы тағы да млндаған қаражат төлеуге міндетті.

Сот 155 млн теңгені сотталушылар арасында тең бөлуі керек еді. Заң бойынша қалған ақша Мұхамедиұлының әйелі Ысқақоваға қайтарылуға тиіс, – деді адвокат.

Адвокат Арыстанбек Мұхамедиұлының бұл жағдайға байланысты әлі өтінішхат жолдамағанын айтты.

Мұхамедиұлы кінәсін мойындап, ол соманы шығынды өтеуге қолдануға болатыны туралы өтінішхат жолдаса, мұндай жағдайда оның жазасын жеңілдетуді сұраймыз. Себебі ол шығынды теңдей бөлгенде өз бөлігін төледі және басқалардың орнына да төлеп отыр. Егер Мұхамедиұлы кінәсін мойындамай, ешқандай өтінішхат жазбайтын болса, онда қалған 72 млн теңгені Ысқақоваға қайтаруды сұраймыз, – деді Әйгерім Әнуарбек.

Істі сот алқасының төрағасы судья Мұрат Солтыбаев, судьялар Айбек Әмірғалиев пен Алмат Есімова қарап жатыр.

Айта кетейік, экс-министрмен бірге сот үкімімен Мұхамедиұлының орынбасары Алмаз Нұрасхан 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол Қылмыстық кодекстің 189-баптың 4-бөлігі 2-тармағында көрсетілген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды, сондай-ақ мемлекеттік қызметте өмір бойы жұмыс істей алмайды. Нұрасхан қауіпсіздігі орташа мекемеде жазасын өтейді.

Exponat ЖШС директоры Азамат Көшенов 189-баптың 4-бөлігі 2-тармағында және 28-баптың 5-бөлігінде көрсетілген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 7 жылға сотталды. Ол да мемлекеттік қызметті енді атқара алмайды.

Exponat ЖШС бас бухгалтері Айым Садуақасова 189-баптың 4-бөлігі 2-тармағында және 28-баптың 5-бөлігінде көрсетілген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Ол 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ