Ерсұлтан ӘУЕЛБАЙ: Тоғызқұмалақ – Көшпенділер ойыны бағдарламасына енген алғашқы спорт түрінің бірі
– Көшпенділер ойыны биыл 5-ші рет өтпекші. Бұған сіздің алғашқы қатысуыңыз ба? Тоғызқұмалақ бұдан алдыңғы болған көшпенділер ойынында болды ма?
– Дәл осы дүбірлі додаға алғашқы қатысуым, өзім 22 жастамын. Жылдан жылға тоғызқұмалақ ойнаудағы деңгейім көтеріліп келе жатыр. 4 жыл бұрынғы деңгейіммен Қазақстан бойынша іріктеуден өтпедім. Жылдың басында ҚР бойынша 70-ке жуық мықтылардың ішінен алғашқы төрттікке кірдім. Сол кезде жаттықтырушым алдағы болатын Көшпенділер ойынына қатысатындар үшін іріктеуге жолдама алғанымды айтты. Сөйтіп жылдың басынан-ақ іріктеуге дайындығымыз қызу басталдып кетті. Нәтижесінде іріктеуден өтіп, ҚР намысын қорғауға мүмкіндік алдым. Көшпенділер ойыны алғашында Қырғызстан елінде өтті. Әрине, тоғызқұмалақ – ойыны бағдарламаға алғашқы енген спорт түрлерінің бірі. Қырғызстанда өткендіктен, «тогуз коргоол» деген атаумен өтті.
– Бүгінгі жаһандану заманында екінің бірі тоғызқұмалақ ойнап оза бермейді. Бұл ойынды қашаннан бастап ойнадыңыз?
– Тоғызқұмалақты басында, он жасым шамасында хобби ретінде ғана ойнап жүрдім. Бұл спорт түрі маған бірден ұнады. Уақыт өте өзімнің қызығушылығым арта бастады. Жаңа қырымнан танылып, жеңістің дәмін татып көрген соң, бұл спорт түрін кәсіби тұрғыда дамыту ең дұрыс шешім деп таптым.
– Бұл ойында қанша жылдық тәжірибеңіз бар? Сол уақыт ішінде түйгеніңізді айтып беріңізші. Мысалы тоғызқұмалақ спорт түрі деп қараған дұрыс па әлде ойлау қабілетін арттыратын ойын деп түсіну керек пе?
– Биыл тоғызқұмалақты серік еткеніме 11 жылға кетіп жатыр. Тоғызқұмалақ ойыны тек спорт немесе жй ғана ойын деп қарамаймын, қазір бұл өмірімнің бір бөлшегі болып кетті. Бұлай деуімнің себебі, тоғызқұмалақ –әрі спорт әрі бойда ашылмай қалған ерекше қабілеттердің көзін ашып, шыдамдылықты, ойлау қабілетті арттырады. Өйткені, осы айтқандарым менің де бойымнан табылып жатыр. Оған бірден-бір әсер еткен қазақтың осындай ұлттық ойыны деп білемін.
– Ойынға дайындық кезеңі қалай болып жатыр, басқа халықтармен тәжірибе алмасу болды ма? Мәселен…
– Бізде жыл басынан бері көшпенділер ойындарына іріктеу болды. Іріктеуден үздік шыққандар алғашқы оқу-жаттығу жиынын Түркия еліндегі Стамбул қаласында өткізді. Яғни, біз бұл жиында түріктермен өзіміздің тәжірибелерімізбен алмастық. Ол дегеніміз – өзіміздің тоғызқұмалақтағы тактикаларымызбен бөліссек, олар бізге өздерінің ұлттық ойындары «Мангала» (Көшпенділер ойынында ойналатын ойын) спорт түрі бойынша өздерінің тәжірибелерімен алмасты. Одан кейін осы жаздың басында, 2 апта көлемінде, Шучинск қаласында Ұлттық Құрама мүшелерімен 5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойынына нақты құрама дайындау мақсатында ОЖЖ (оқу-жаттығу жиыны) өткен болатын. Жиында біз басқа да спортшылармен білетін тәжірибелерімізбен алмаса отырып дайындалдық. Жақын арада Қырғызстанның Чолпан ата қаласында өтетін халықаралық турнир болады. Ол жерде біз қырғыз халқымен біршама тәжірибе алмасатын боламыз. Содан соң, Ұлттық Құрама Мүшелері, яғни 5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойынына қатысатын құраманың соңғы қорытынды ОЖЖ, тамыз айының соңында Астана қаласында өтетін болады.
– Тоғызқұмалақ ойыны баяғы қалпын бұзбай дамып келе жатыр деп айта аламыз ба?
– Ия , әрине. Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ Федерациясының, соның ішінде Мақсат Есенбекұлының жасап жатқан жұмысын айта кеткенім жөн. Осы уақытқа дейін тұрақты түрде өткізіліп жатқан 6 Әлем Чемпионаты мен 6 Азия Чемпионаты, Оқушылар арасындағы тұңғыш Әлем Чемпионаты, 2 Азия Кубогы мен 2 Әлем кубогы және де басқа халықаралық жарыстар, оған қатысып жатқан шетелдіктерлің жылдан-жылға артып жатқаны, тоғызқұмалақ ойынымыздың жылдан-жылға дамып келе жатқанының дәлелі деп есептеймін!
– Биылғы Көшпенділер ойынындағы тоғызқұмалақ ойнау бойынша енгізілген ережелер қандай, соларды кеңінен тарқатып айтып берсеңіз?
– Биылғы жылғы тоғызқұмалақ ойыны мен алдыңғы өткен Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының арасында командалық есеп бойынша айырмашылық бар. Яғни, осыған дейін командалық есепте ер жігіттер бөлек, әйелдер бөлек есептелсе, биыл өтетін көшпенділер ойындарында әйелдер-ерлер нәтижелері бірге қосылып, ортақ командалық есеп жүргізіледі. Осыған дейін тоғызқұмалақ спортынан 4 алтын медальға таласқан болса, биыл 3 алтын медальга таласамыз. Олар: жекелей әйелдер, жекелей ерлер, әйелдер-ерлер командалық есепте.
- Әңгімеңізге рақмет! Сәттілік тілейміз!