«Фермерлер тозған техникасын әлі жөндеп жүр». Сенатор утильалымды алып тастауды ұсынды
Сенат депутаты Әли Бектаев ауыл шаруашылығы техникасына утилизациялық алымды алып тастауды ұсынды,
Ол депутаттық сауалын премьер-министр Олжас Бектеновке жолдады.
Қазақстанда ауыл еңбеккерлері пайдаланып жүрген ауыл шаруашылығы техникасының 76%-ының тозығы жеткен. Норматив бойынша әр мың гектарға 5 трактор мен 3 комбайнның керектігін ескерсек, қазір егіс алаңдарына 65 мың трактор, 43 мың комбайн жетпейді. Жыл сайын елімізде ауыл шаруашылығы техникасы 4,5% ғана жаңарады. Мұны ескерсек, тек жетіспейтін тракторлар мен комбайндардың орнын толтыру үшін 14-15 жыл керек, – деді Әли Бектаев.
Сенатордың айтуынша, қазір елімізде ауыл шаруашылығының құрал-жабдықтарын өндіретін 10 зауыт, өздігінен жүретін техниканы шығаратын 8 кәсіпорын бар.
2023 жылы олар 5,4 мың трактор, 1 мың комбайн, 17 мыңнан аса тіркемелі құрылғыны жасап шығарды. Бұл – тракторлар мен комбайндарға деген жылдық қажеттіліктің 80 пайызын, ал тіркемелі техникалардың 30 пайызын қамтиды. Өкінішке қарай, бізде шығарылатын тракторлар мен комбайндардың қазақстандық мазмұны – тек 42-44%. Негізгі қосалқы бөлшектер сырттан келеді. Сондықтан да олар өте қымбат, – деді сенатор.
Осылайша, ауыл шаруашылығы техникасын тауар өндірушілер сатып ала алмайды.
«Ауыл шаруашылығына керек жеңіл құрылғылардың, соқалар мен культиваторлардың, дискілі тырмалардың, мал азығын дайындайтын машиналар мен механизмдердің, пішен жинағыштар мен тұқым сепкіштердің, көшет отырғызатын жабдықтардың басым бөлігі шетелден әкелінеді. Негізінен металдан тұратын, қарапайым ғана осы техникаларды неге елімізде көптеп шығаруға болмайды? Жалпы, Қазақстанда отандық аграрлық машина жасау саласын дамытудың бағдарламасы, болмаса концепциясы бар ма?»,- деді Әли Бектаев.
Сенатор жаңа ауыл шаруашылығы техникасына утилизациялық алымның құны жоғары екенін де атап өтті. Салдарынан шаруалар әбден тозған тракторлар мен комбайндарды жөндеп, пайдалануға мәжбүр.
2024 жылы утиль алымының көлемі – бір трактор үшін 370 мың теңгеден 7 млн 380 мың теңге, ал бір комбайн үшін 1 млн 600 мың теңгеден 8 млн 300 мың теңге аралығында. Оны төлеуге шамасы келмеген орта және шағын шаруашылықтар жаңа техника алуды қойды. Ескі техникамен егіс егеді, ескі комбайнмен астық жинайды. Жарамсыз техниканы қосалқы бөлшекке пайдаланады, ал қалған қаңқасын металлоломға өткізіп күн көреді, – деді депутат.
Сондай-ақ ол ауыл шаруашылығы техникасына утилизациялық алымды алып тастауды ұсынды.
«Техниканы алып жатқан да, кәдеге жаратып, жойып жатқан да шаруалардың өздері. Сонда негізгі оператор болып, қаржы жинап отырған «Жасыл даму» АҚ-ның үлесі неде? Жалпы, ауыл шаруашылығы техникалары үшін кәдеге жарату алымын алып тастаса, мемлекет ұтпаса, ұтылмайды деп ойлаймыз», – деді сенатор.