Форумның басты мақсаты – отбасы институтын нығайту, ұлттық тәрбиенің маңызын арттыру

18 желтоқсан күні Ақтау қаласында отбасы институтын нығайту мен ұлттық құндылықтарды дәріптеуге арналған «Отбасы және қоғам: жаңа мүмкіндіктер кезеңі» атты аймақтық форум өтті.
Ауқымды іс-шара облыс әкімінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия, «AMANAT» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанаты, «Аналар кабинеті» қоғамдық қоры және жергілікті кәсіпкер әйелдердің қолдауымен ұйымдастырылды.
Форумның басты мақсаты – отбасы институтын нығайту, ұлттық тәрбиенің маңызын арттыру, сондай-ақ мемлекеттік құрылымдар мен азаматтық қоғам арасындағы өзара серіктестікті жаңа деңгейге көтеру.
Шараға еліміздің әр өңірінен келген делегациялармен қатар Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев, ардақты ана, халық емшісі Қаламқас Күлбарақова, психолог, алты кітаптың авторы Елжас Ертайұлы, Қызылорда облысындағы «Анаға тағзым» орталығының директоры, «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының төрайымы Алтынай Молжанова, «Astana» телеарнасының бас продюсері, көпбалалы ана Мейрамгүл Мәдәлі, ұлттық және өңірлік комиссия мүшелері, қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер, көпбалалы аналар, білім саласының өкілдері қатысты.
Сондай-ақ Астана, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарынан арнайы делегациялар келді.
Форум аясында төрт негізгі бағыт бойынша секциялық отырыстар өтті.
Атап айтқанда,
«Отбасы: салт-дәстүр сабақтастығы» секциясында ұлттық тәрбиенің отбасындағы орны, әке рөлі мен рухани құндылықтарды сақтау мәселелері талқыланды.
«Мемлекет. Қоғам. Бала құқығы» бағытында бала құқықтарын қорғау, отбасылық саясат пен әйелдердің қоғамдағы рөлі сөз болды.
«Отбасылық кәсіп» секциясында отбасылық бизнесті дамытудың мүмкіндіктері мен табысты тәжірибелер ұсынылды.
Ал «Қоғам және инклюзивті орта» бөлімінде ерекше қажеттілігі бар балаларды қолдау және инклюзивті қоғам қалыптастыру мәселелері көтерілді.
– Бұл форум Маңғыстаудың ұлттық тәрбие мен отбасы құндылықтарын сақтаудағы әлеуетін көрсететін маңызды алаңға айналды, – деді облыс әкімінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Әсел Балманова.
Форумды ұйымдастыруға атсалысқан ҚР Бала құқықтары жөніндегі Маңғыстау облысы бойынша уәкілі Тілектес Болатбаева іс-шараның негізгі идеясына тоқталды.
– «Жаңа мүмкіндіктер кезеңі» ұғымы тек әлеуметтік желімен шектелмейді. Бүгінгі қоғам жасанды интеллекті игеріп, оны тәрбие, білім, әлеуметтік салада тиімді қолдануға бет алды. Бұл форум – ұлттық құндылықтарды заманауи көзқараспен ұштастыратын маңызды бастама. Өзге өңірлермен тәжірибе алмасу арқылы отбасылық институтты нығайту жолындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырамыз, – деді ол.
Форум соңы ұлттық нақыштағы жергілікті брендтердің сән көрсетілімімен қорытындыланды. Аймақтың әлеуметтік-рухани дамуына үлес қосқан жергілікті тауар өндірушілер мен қолөнер шеберлері облыс әкімі мен облыстық мәслихат төрағасының Алғыс хаттарына ие болды.
Бұл форум – Маңғыстаудың ұлттық құндылықтарды қастерлейтін өңір екенін тағы бір мәрте айқындады.










