GGG – бесінші орында

0
160

Әйгілі BoxRec порталы P4P жүйесі бойынша әлемнің ең үздік кәсіпқой боксшыларын анықтады. Үздіктер тізімінде орта салмақта WBA Super нұсқасы бойынша чемпиондық белбеуді иеленіп отырған еліміздің мақтанышы Геннадий Головкин де бар. Біздің Гена бұл рейтингте бесінші орынды еншіледі.

Көш басында – Сауль Аль­варес. Әрине, бұған таңдануға болмай­ды. Өйткені Мексиканың мар­қасқасы екінші орта салмақта аб­солютті әлем чемпионы атанып отыр. 17 жыл бойы кәсіпқой рингте жұдырықтасып жүрген 32 жастағы Канело 62 кездесу өткізіп, соның 58-інде жеңіске жетті. Екі рет ұтылып, екі бәсе­кені тең аяқтады. Ол тек осыдан 10 жыл бұрын Флойд Мейвезерден, ал былтыр Дмитрий Биволдан ұпай санымен ұтылды. Дәл осы Альварес 2017-2022 жылдар ара­лығында GGG-мен үш мәрте жұды­рықтасып, екі ретінде жеңіс­ке жеткен еді. Тағы бір бәсекеде жеңімпаз анықталған жоқ.

Екінші орынды Тайсон Фью­ри иеленуде. Аса ауыр сал­мақ­тағы WBC нұсқасының чемпион­дық белбеуін иеленіп отырған 35 жастағы Ұлыбританияның алыбы осы спорт түрін серік еткелі 18 жылға жуықтады. Сол аралықта 34 рет айқасып, бірде-бір жекпе-жекте жеңілген жоқ. 24 қарсыласын нокаут­қа жіберді. Ол тек 2018 жылы Деонтей Уайлдермен тең түс­ті. Бірақ кейіннен дәл сол АҚШ боксшысын Фьюри екі рет оңдырмай сабады. Биыл 29 сәуірде «Сы­ған патшасы» Алек­сандр Усикпен айқасады. Дәл осы жекпе-жекте алыптар арасындағы әлемнің абсолютті чемпионы анықталады.

Үшінші сатыға Дмитрий Бивол жайғасты. Қырғызстан­да туып-өсіп, кейіннен Ресейге қоныс аударған ол – жартылай ауыр салмақта WBА-ның суперчемпионы. 32 жастағы Тоқмақтың тумасы былтыр Сауль Альварестен айласын асырып, жер-жаһан жанкүйерлері­нің қошеметіне бөленді. Одан ­ке­йін Хильберто Рамиресті ұтып, ­сол жеңісінің кездейсоқ емес­тігін дәлелдеді. 2014 жылдан бері Бивол 21 рет шаршы алаңға шығып, барлық қарсыласы­нан басым түсті. 11 кездесуді ол мерзімнен бұрын аяқтады.

Сондай-ақ ТОП-10 кәсіпқой боксшының қата­рында Теренс Кроуфорд (АҚШ), Геннадий Головкин (Қа­зақстан), Александр Усик (Украина), Энтони Джошуа (Ұлы­британия), Наоя Иноуэ (Жа­пония), Эррол Спенс (АҚШ), Лиам Смит (Ұлыбритания) сынды саңлақтар бар.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ