«Инвестицияға тапсырыс»: Қазақстан бизнесі мен агросекторы үшін жаңа мүмкіндіктер ашылады

0
13

Қазақстан экономиканың нақты секторын дамытуға бағытталған «Инвестицияға тапсырыс» ауқымды мемлекеттік бағдарламаны іске қосты. 

Бағдарламаның басты мақсаты – ішкі нарықта сұранысы жоғары, импорттың үлесі көп тауарларды өндіруге бағытталған шағын, орта және ірі бизнес жобаларға қолдау көрсету

Бағдарлама аясында, әсіресе, агроөнеркәсіп кешеніне және өңдеуші өнеркәсіптегі кең тұтынатын тауарларға айрықша көңіл бөлінбек.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, аталған бағдарлама елімізде аса жоғары  сұранысқа ие бағыттарға инвестиция тартуға жол ашып, импортты алмастыру мен экономиканы әртараптандырудың жүйелі құралына айналады.

«Шындығында жаңа қадам негізгі өнімдер бойынша ішкі тапшылықты жоюмен қатар, экспортқа бағытталған өндірістерді қалыптастыруға мүмкіндік беретіні сөзсіз.  Бұл өңірлердің тұрақты экономикалық өсуін қамтамасыз етеді», — деді министр.

Мемлекет импортты алмастыру және экспорттық әлеуеті жоғары салаларды анықтайды, ал өңірлер нақты жобалар жасап, оларды жүзеге асыруға дайын бизнес-бастамаларды қалыптастырады. Жобалардың тиімділігі, қаржылық және өндірістік мүмкіндіктері «Бәйтерек» холдингі арқылы әбден пысықталады, бұл ашықтықты қамтамасыз етіп, инвестициялық тәуекелдерді азайтуға жол ашады.

Ауыл шаруашылығы министрлігі аймақтардың сүт, ет, көкөніс, қант, картоп, балық және басқа негізгі өнімдер бойынша қамтылуын бағалауды, тапшылықтарды және импортқа тәуелділік деңгейін анықтауды, өңдеуші кәсіпорындардың жүктемесін талдауды, аймақтардың шикізаттық әлеуетін бағалауды, сондай-ақ көлемін тез арттыруға мүмкіндік беретін өнімдердің экспорттық әлеуетін саралайтын кешенді талдау жүргізді.

Министрлік деректер негізінде әкімдіктерге нақты салаларды және анықталған тапшылықтардың орнын толтыру үшін инвесторлар табуды ұсынды.

Агроөнеркәсіп кешеніне қатысты жобалар тізімі: сүт өнімдерін өндіретін фермалар салу, ет және құс шаруашылығын дамыту, сүт, ет, тері мен жүн және балық өңдеу, астықты терең өңдеу, жылыжай кешендерін құру және қант өнеркәсібін дамыту.

Аталған бағыттар импортқа тәуелділікті төмендету жөніндегі мемлекеттік стратегияға сәйкес келеді және әр аймақтың ресурстық базасын ескере отырып нақты жобаларды іске асыруға бағытталған.

Қазіргі уақытта өңір әкімдіктері, Астана, Алматы және Шымкент қалалары бизнес-қоғамдастық пен «НҰХ «Бәйтерек» АҚ-мен бірлесе отырып, инвестициялық жобалар тізімін скринингтен өткізуде. Бұл кезеңде кейбір жобалар тиісті талаптарға сәйкес келмегендіктен  іріктеуден өткізілді. Олар: шикізаттық база жеткіліксіздігі, экономикалық тұрақсыздық, расталған инвестордың болмауы, технологиялық талаптарға сәйкессіздік немесе бұрыннан жүктелген қуаттылықтың қайталануы.

Іріктеудің нәтижесінде түпкілікті тапшылықтарды нақты жабуға және импортқа тәуелділікті төмендетуге бағытталған сапалы, теңдестірілген жоба портфелі қалыптасады.

Сүт өңдеу Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Павлодар облыстарында және Шымкент қаласында дамитын болады. Жоспар бойынша 310 мың тонна дайын өнім шығаратын 10 жоба жүзеге асырылып, жалпы сомасы 67,6 млрд теңге инвестиция тартылмақ.

Ең ірі инвестор — SolicoGroup компаниясы (Иран) Алматы облысында жылына 200 мың тонна ірімшік өндіретін зауыт салуды жоспарлап отыр, инвестиция көлемі 33,1 млрд теңге.

Құс етімен қамтамасыз ету 80%-ды құрайды.

Соның аясында Алматы, Түркістан, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстары, Жетісу өңірі және Астана қаласында 456,7 мың тоннадан астам дайын өнім шығаратын 23 жоба жүзеге асырылып, жалпы инвестиция көлемі 432,2 млрд теңгеге жететін болады.

Ірі жобалардың қатарында инвестиция көлемі 146 млрд теңге, жылдық өнім 120 мың тоннадан асатын «Айтас КЗ» құс фабрикасы бар.

Қант бойынша импортқа тәуелділікті төмендету мақсатында Қазақстанда Алматы, Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстарында бірқатар жобалар іске асырылмақ. Алматы облысында  247,1 инвестиция тартылатын, жылдық қуаты 500 мың тоннаға есептелген QAZAQARABSUGAR жобасы қолға алынбақ.

2025 жылы Қазақстан 27 млн тонна астық жинап, рекордтық көрсеткішке қол жеткізді, бұл жоғары қосымша құнды өнім шығару мүмкіндіктеріне жол ашады.

Қытайлық «Далян Холдинг» компаниясы Ақмола облысында 3 млн тонна астық өңдеуді жоспарлап отыр, инвестиция көлемі $1,6 млрд.

«Әрбір жоба ерекше бақылауда. Олардың табысты жүзеге асуына Министрлік  жан-жақты қолдау көрсетеді. Біз аймақтармен және бизнес саласымег жұмысты күшейтуді үздіксіз жалғастырамыз, әрбір жобаның қаржылық тұрақтылығы, технологиялық негізділігі және ел экономикасы үшін барынша тиімділігі қамтамасыз етілуі тиіс», — деп атап өтті министр.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ