Инженер-гидротехник көктемгі су тасқынының басты себептерін атады
– Көктемде жыл сайын қарғын суға тап болмау үшін сала мамандарын дайындап, су шаруашылығы мекемелерін ашуымыз қажет. Мұндай пікірді су шаруашылығы саласының ардагері, инженер-гидротехник Әмірхан Кеншімов білдірді.
«Әлемнің түкпір-түкпірінде табиғи апаттар болып жатыр. Бірінде су басса, енді бірінде жанартау атқылап, жер сілкінісі орын алуда. Мұның бәрі қазіргі уақыттағы жаһандық жылынуға, климаттың өзгеруіне байланысты. Соңғы 30 жылдан астам уақыттан бері жердің ауа температурасы 1,5 градустан астамға жылынды. Мұхиттар мен теңіздердің суы жылына бастады. Кей ғаламдар мұхиттар мен теңіздердің беткі жағы ғана емес, түбі де жылынып жатқандығын айтады. Оған әртүрлі дәлелдер келтіреді. Қалай десек те, судың булануы артқан сайын циклондардың пайда болуы, олардың жүретін жолдарын өзгертуі қалыпты үрдіске айналып келеді», – деді инженер-гидротехник.
Оның атап өтуінше, соңғы 4-5 жылдың көлемінде Бразилияда, Индонезияда, Ресейдің Қиыр Шығысында, Араб елдерінде нөсер жауын, бұршақ жауып, қатты су тасқыны болды.
«Ал «Қазақстан Жердің ортасында, теңізге шығар жолы жоқ, шалғайда орналасқан, су тасқыны болмайды» деуші едік. Бірақ, болады екен. Бізге де жетті. Көктемде жаңбыр, өткен күзде қар жауып, ол қайта еріп, топырақты ылғалдандырып тастады. Одан кейін аяз ұрды. Соның салдарынан, мәселен Алматыда жер тоңы 1 метр 37 см болса, солтүстік өңірлерде 2,5 метрге дейін жетті. Ал күздегі су тоқырақты тоңға айналдырды. Кейіннен түскен мол қар ерте көктемде күннің жылдам жылынуына байланысты күрт еріді. Ал ерігіне су тоң болып жатқан топыраққа сіңбейді, барар жері жоқ. Сондықтан бүкіл дала судың астында қалды», – деді ол.
Әмірхан Кеншімовтің айтуынша, әкімдер ойпаң, ойпат жерлерді сатып жіберген.
«Адамдар не істейді? Ол жерге үй салады. Сөйтіп, осындай жағдайға тап болғанда зар қақсап қалады. Әрине, бұл – трагедия. Есте болса, біраз уақыт бұрын Оңтүстік Қазақстан облысында осындай жағдай болып, Сарағаш жақта елді мекендер судың астында қалды. Мұның бәрі жердің дұрыс берілмегендігінен. Ауылдарды қыратты жерлерге орналастыру қажет. Тың игеру кезінде көптеген ауыл жазық жерлерде болды. Бірақ, дамбалармен қоршалған еді. Кейінгі уақытта ол дамбалар мүжіліп, жойылды. Бұрынырақ, ауылдарда арналар болатын, еріген қар су сонымен ағып кететін. Қазір жоқ. Бір ауылдың өзінде 5-6 гидротехник, мұрап жұмыс істейтін. Олар күзде, қар түсетін мезгілде арықтардың бәрін тексеріп, тазартатын. Сыртқы каналдардың шлюздерін ашып қоятын. Көктемде тағы бір тексеріп өтетін. Қазір ауылда мұның бірі де жоқ. Ауыл тұрғындары 5-10 гектардан жер алып алған. Әрқайсысы бас-басына би. Ауыл әкімінің гидротехник ұстауға шамасы да, қаражаты да жоқ. Судың мәнісін, жағдайын білетін мамандар құрыды», – деді маман.
Инженер-гидротехник Тәуелсіздік жылдарына дейін елімізде су шаруашылығына қатысты министрліктің, оның қарамағанда Жылжымалы механикаландырылған лек, Өндірістік-техникалық жиынтық басқармасы, Су шаруашылығы жүйесін басқару басқармасы жұмыс істегендігін айтады.
«Олардың бәрі құрыды, жоқ. Ақылдасатын маман қалмады. Енді су баспағанда не қалды?! Әрине жазық жерлерді су басады. Алдағы уақытта мұндай болмауы үшін су мамандарын дайындауымыз, ол үшін мол қаражат бөлуіміз қажет. Арнаулы су шаруашылығы мекемелерін ашуымыз керек. Сонда ғана жылда су басу проблемасынан біртіндеп-біртіндеп құтыламыз. Бірден құтыла алмаймыз, ол мүмкін емес», – деді Әмірхан Кеншімов.