Өңір туризмі өркен жайсын десек…
Қолында қаржысы барлар көбіне шетелге шығып демалғанды қолай көреді. Ел көріп, жер танығанға, не жетсін? Бірақ демалуға тірнектеп жинаған қаражат өзге елдің қазынасын қампайтып, өзіміздікін ортайтып жатқанын түсінгіміз келмейді. Отандық туризмнің ұтылатыны – осы тұс. «Елде неге демалмайсың?» деп сұрай қалсаң, жауап дайын. Сын көтермейтін сервис жайын сөз етіп, шектен шыққан қымбатшылықты қозғайды.
Бірақ осындай кереметті көрмекке 2021 жылы 89 адам келсе, өткен жылы 346 турист табан тірепті. Өкінішке қарай, экотуризмді әлі де түсіне алмай жүрген тәріздіміз…
Әлбетте, өңірдегі туризмді өркендетпей, ішкі туризмді дамыту туралы сөз айту артықтау сияқты. Осы ретте Абай облысының туристік әлеуеті туралы сөз қозғамақпыз.
Абай облысының табиғаты алуан түрлі. Тау мен тасы, өзені мен көлі, жазық даласы, орманды алқабы бар қасиетті өлке. Қойын-қонышы тұнып тұрған тарих һәм шежіре. Киелі жерлерден де кенде емес. Облыстағы туристік сала туралы сөз қозғала қалса, алдымен ауызға оралатыны ақ айдынды Алакөл ғана. Сосын жер киесі Жидебайды тәпсірлейміз. Одан кейін несін жасырайық, кібіртіктеп қаламыз…
Анығында, облыс аумағында табиғаты көркем, жанға жайлы баратын да, көретін де, демалатын да жерлер көп. Бірақ насихаты кемшін. Жарнамасы жеткіліксіз. Сосын сол көрсетілер қызмет, инфрақұрылым, интернет сынды елдегі туризмнің ортақ мәселесі бізде де бар.
Өңірдің туризм саласына серпін беретін тартымды табиғаты, терең тарихы бар жерлерін жіпке тізіп, әлеуетін бағамдап көрдік. Айта кетейік, Алакөлдің аты мәшһүр. Бұл тізімге көптің келетін көлін қосқан жоқпыз…
Барқытбелдің күнгей жотасында, Үржар ауданының аумағында «Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі бар. Аң-құстардың, балықтардың, сүтқоректілердің және жорғалаушылардың 376 түрін кездестіруге болады бұл жерден. Өсімдіктің де 1 640 түрін табасыз. «Қызыл кітапқа» енген, жойылып бара жатқан жануарлардың да 40-қа тарта түрі – осы паркте.
Аймақтың экотуристік саласын дамытуға ұлттық парктің әлеуеті зор. Парк директорының міндетін атқарушы Қалдыбек Сәрсембаевтың айтуынша, «Тарбағатай» паркінің «Әлемді», «Әлет», «Қусақ», «Қарабас» сияқты 4 туристік маршруты бекітілген.
«Маусымның ортасынан қазан айына дейін туристерді қабылдаймыз. Туристік маршрут бойынша «Әулие үңгір» киелі орнын, балбал тастарды, сарқырамаларды, петроглифтерді, ІІХК (НКВД) мөрін, «Әлет» алма бағын, Тарбағатай тауының керемет табиғатын тамашалауға болады. Туристерге экскурсия жетекшілері қызмет көрсетеді», дейді Қалдыбек Сапарғалиұлы.
Қ.Сапарғалиұлы сөз еткен «Әулие үңгір» жайындағы мәліметтер шындыққа да, аңызға да ұқсайды. Үңгірге кірген адамның қан қысымы қалыпқа келіп, жағымсыз энергиядан арылады деген түсінік қалыптасқан. Ал балбал тастардағы таңбалар өңір тарихының тереңнен тамыр алатынын көрсетеді. «Әлет» ботаникалық бағында алманың әртүрлі сорты өседі. Бұл бақшаның ерекшелігі ең көне Сиверс алма ағашы бар. Қарабұйрат пен Көлденең сарқырамасы да Тарбағатайдың ұшар басынан басталады, суы мөлдір, әрі мұздай суық. «Тарбағатайдың Ақберлі шыңындағы петроглифтерді көзбен көру керек. Жаз кезінде тау басын қар алып жататындықтан, мықты ат қана алып шығады. Сондықтан болар, Ақберлідегі суреттерде құлан, қылқұйрық көп бедерленген», дейді ойын толықтыра түскен Қ.Сәрсембаев.
Бірақ осындай кереметті көрмекке 2021 жылы 89 адам келсе, өткен жылы 346 турист табан тірепті. Өкінішке қарай, экотуризмді әлі де түсіне алмай жүрген тәріздіміз…
Енді Тарбағатайдың теріскейін түгендейік. Ақсуат ауданында Қазақстанның киелі жерлерінің тізіміне енген Әулие Ырғызбай Досқанаұлының кесенесі бар. Сақ дәуірінен сыр шертетін құнды жәдігерлер табылған Елеке сазы жазығы да – осында. Ақсуат ауданының әкімі Асхат Смаилов аудандағы туризм саласын дамытуды енді қолға алып жатырмыз деп турасын айтты. Біз үшін тың сала деп және қосты.
«Ауданда іскер азаматтар туризм саласын дамыту бағытында «Дора» атты жауапкершілігі шектеулі серіктестік құрды. Ескі Сұлутал елді мекені жанынан жер де берілді. Олар өз қаражатына туризм орталығын салмақ ойда. Екі жыл болды осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Жоба бойынша үлкен орталықта қазақтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы көрініс табады. Қолөнер шеберханалары жұмыс істейді. Кешегі күнмен бүгінгі күнді байланыстыра үйлесім жасау ниетте. Келген турист осының бәрін көзбен көруге, қолмен ұстап сезінуге мүмкіндік алады», дейді Асхат Сайдахметұлы.
Турист – инвестиция. Былайша айтқанда, келген туристі жіпсіз байлап, қызықтыра түсіп, көңілін табу ләзім. Мысалы, жаңа орталыққа келіп, қонып, өткен күндерге көз жүгіртіп, оны бүгінмен байланыстырып қана қою жеткіліксіз. Осыны ескерген аудан әкімдігі туристік маршрут әзірлеу үстінде. Турист аттың жалы, түйенің қомында қона жүріп, көшпенді өмірдің көшелі салтын сезінеді. Жаңағы орталықтан шыққан туристер Ақсуатта жатқан атақты адамдардың басына зиярат ете отырып, жоғарыда айтқан Елеке сазы жазығына барып бірақ тоқтайды. Әлбетте, бұл – жоспар. Жоспар жүзеге асса, өңірдегі туристік саланың дамуына соны леп әкелері сөзсіз.
Тоғыз жолдың торабындағы Аягөз – тарихи мекен. Ақындар мен абыздар елі, махаббатың бесігі дейді бұл жерді. «Қозы Көрпеш – Баян сұлудың» кесенесін көруге келетіндер көп. Әсіресе, жаз айларында кісі қарасы үзілмейді.
«Бірнеше жыл бұрын Таңсық теміржол бекетінен кесенеге дейінгі жолға асфальт төселді. Былтыр кесене жөнделді. Қасынан құдық қазып, тал егіп, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Келешекте «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» кесенесін туристік орталыққа айналдыру жоспарда бар», дейді аудан әкімі Сейілбек Ысқақов.
Абайдың атажұртына оралайық. Абайдың мемлекеттік «Жидебай-Бөрілі» тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығының 8 бөлімі бар. Жидебай – Абай ауданындағы бөлім. Мұнда Абай, Шәкәрім мемориалдық кешені бар. 2020 жылы бұл кешенге ғылыми қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Зиярат ететін жер туристерді көптеп қызықтыратын қастерлі орынға айналған. Жидебайдағы ерекше нысандардың бірі – Абай музей-үйі. Жидебайда сондай-ақ «Құдайберді қорымы» орналасқан. Қорымда Абайдың ұлағатты аналары Зере әже мен Ұлжан ана жерленген. Сонымен қатар алғашқы ұстазы Ғабитхан молда мен ауылдасы Шәукенбайдың да мазарлары осында.
«2022 жылы Жидебайға 27 мыңнан аса турист ат басын бұрса, 13 мемлекеттен келген қонақтар дәл осы Жидебайда қазақ халқының салт-дәстүрімен, өмір салтымен танысты», дейді Жидебайдағы Абай музей-үйінің меңгерушісі Нұржан Байтөс.
Абай аудандық денешынықтыру, спорт және туризм бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, өткен жылы туристердің қызығушылығын арттырып, этнотуризмді дамыту мақсатында жеке кәсіпкерлер Сырт Қасқабұлақта, Жидебайға бұрылар тұста қазақ үй тігіп, халыққа ұлттық тағамдар ұсынған. Жергілікті бюджет қаражатынан «Еңлік-Кебек» ескерткішіне 20 млн теңгеге ағымдағы жөндеу және 14,9 млн теңге абаттандыру жұмыстары жүргізілген. Биыл да біршама жұмыстарға білек сыбана кіріспек. 5 ауылға интернет орнатылып, республикалық, облыстық, аудандық жолдар жөнделеді. Бірқатар туристік фирмамен келіссөздер де жүргізілген.
Айтпақшы, Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 9-сынып оқушылары Мирас Айтбек пен Даниял Молдыбеков бірлесе еңбектеніп, Абай өңірінің мәдени-тарихи мұрасы бойынша интерактивті карта әзірледі. Аталған карта арқылы саяхатшылар қасиетті өлкенің тарихи орындары туралы үш тілде ақпарат ала алады. Тіпті оқушылар авторлық құқыққа да қол жеткізді. Жас зерттеушілер интерактивті карта жасаудың идеясы өлкеміздің облыс мәртебесін алуына байланысты туындағанын айтып, жаңа жобаны сол қуанышқа қосқан сыйымыз деп отыр.
– Картамыз әзірге макет түрінде жасалды. Дегенмен саяхатшыға қажетті ақпараттың барлығын қамтыдық деп айта аламын. Неге десеңіз, Семей – Қарауыл күре жолынан бастау алатын карта маршрутында Күшікбай асуынан Бөрілідегі М.Әуезов мұражай-үйі, Қасқабұлақ, Ойқұдық, Еңлік-Кебек үңгірі, Ералы жазығы, Әйгерім қыстауы, Жидебайдағы мемориалды кешенге дейінгі тарихи-мәдени орындар жайлы мол мағлұмат береді. Біздің картамыздың артықшылығы – саяхатшыға ыңғайлы болу үшін қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде ақпараттар жүктелді. Ал осы ақпараттарды оқымай, тыңдағысы келетіндер үшін аудио жазба енгіздік. Демек, өзіне керекті ақпаратты әртүрлі әлеуметтік желіден іздеудің қажеті жоқ. Барлығы бір жерге топтастырылған біздің картаны пайдаланса болғаны, дейді жоба авторларының бірі М.Айтбек.
Шәкірттердің ғылыми жетекшісі Мақсат Құдагелдиннің сөзіне сүйенсек, жас зерттеушілер жобамен біраздан бері айналысып келеді екен.
«Ұстаз болған соң шәкірттеріміздің осындай бастамаларына, ізденістеріне үнемі қолдау білдіріп отырған дұрыс. Біз – бағыттаушымыз. Қажет болған жағдайда тиісті көмектерімізді көрсетеміз. Енді біздің алдымызда жобаны жетілдіру жұмыстары тұр. Ендігі мақсатымыз – карта макетін толыққанды сайтқа айналдырып, оның ғаламторсыз жұмыс істеуіне жағдай тудыру, дейді ғылыми жетекші.
«…Ертіс – үлкен өзен. Өре басы Қытайдан келеді. Екі қабағы ызғындай ел. Ызғындай елдің ортасындағы өнер-білімнің, сауда-кәсіптің от арба, от кеменің тоғысатын кіндігі, қара шаңырағы – Семей. Семей – бір губерния елдің миы. Ақыл-ойдың табысы – Семейде. Семей – бір губерния елдің жүрегі. Семей бүлкілдесе, бір губерния ел бүлкілдейді. Ертістің оң қабағында – Семей, солында – Алаш қаласы. Алаш пен Семей арасынан өткенде, Ертіс өзені жайлаған. Сол жерінде арал пайда болады. Аралдың өнбойы сыңсыған орман». Жүсіпбек Аймауытовтың әйгілі «Ақбілек» романынан үзінді. Аймауытовтың аралы – бұрынғы Түйемойнақ, бүгінгі Бейбітшілік аралы екені ақиқат. Семейліктер үшін серуен құратын жер әлі де. Абай облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Рүстем Ворошиловтың айтуынша, Бейбітшілік аралының даму бағыты Семей қаласының бас жоспарына сәйкес айқындалады. Аралдағы туризмді дамыту мақсатында тағы бір көпір салу жоспарда бар. Қазіргі уақытта қаржыландыру мәселесі шешіліп жатыр.
«Бүгінгі таңда Абай облысын дамытудың кешенді жоспарында туризм саласында 41 млрд теңгеге 6 іс-шараны іске асыру көзделіп отыр. Оның ішінде Семейде 3,7 млрд теңгеге екі сауда ойын-сауық орталығын, 24 млрд теңгеге қонақүй кешенін және Алакөл көлінің жағалауында 6,1 млрд теңгеге демалыс базасын салу жоспарланған. Абай облысының кәсіпкерлік басқармасы туризм саласындағы бизнес өкілдерімен бірқатар кездесу мен кеңес өткізді. Дамудың негізгі бағыттары мен мәселелер айқындалды. Ең алдымен, туристік орындарын қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, туристік маршруттарды, жол бойындағы сервис объектілерін дамыту керек», дейді басқарма басшысы Р.Нұрәлиұлы.
Қазіргі уақытта Абай облысының туристік саласын дамытудың жол картасы әзірленіп жатыр. Ел баратын, көретін жерлердің интерактивті туристік нұсқаулығы да дайын. Пайдалануға ыңғайлы болу үшін интерактивті жолсілтеме QR-кодпен біріктірілген.
Әлбетте, келетін туристерге қолайлы жағдай жасау маңызды. Жүйкені жұқартатын жол азабы, дамымаған инфрақұрылым, интернеттің жоқтығы – отандық туризмнің ортақ мәселесі. Біз сөз еткен мекендерден өзге де, Абай облысында халықтың бару керек, көру керек дейтін жерлері бар. Жергілікті билік жүйелі жұмыс жүргізсе, өңірдің туризмі түлеп, төрт аяғын тең басатындай әлеуетке ие.