«Jańa Dala / Green Day – 2025» салалық іс-шарадан бөлек, нағыз аграрлық мерекеге айналды

0
21

Целиноград ауданында «Jańa Dala / Green Day – 2025» арнайы ауыл шаруашылығы көрмесінің салтанатты ашылуы өтті. Еліміздің агроөнеркәсіп саласындағы ірі шараға 20-дан астам мемлекеттен келген 200-ге жуық компания қатысты.

2013 жылдан бері «Jańa Dala / Green Day» елімізде жыл сайын өткізіліп келеді және бүгінде ол алдыңғы қатарлы агротехнологияларды, заманауи техниканы және селекциялық жетістіктерді көрсететін ең ірі алаң ретінде танылған. Көрме отандық ауыл шаруашылығы өндірушілерін, агробизнес өкілдерін және халықаралық серіктестерді бір арнаға тоғыстырады.

Биылғы іс-шара дәстүрлі түрде Ақмола облысының аумағында аграрлық форум форматында ұйымдастырылды. Қонақтардың қатарында еліміздің түкпір-түкпірінен келген фермерлер мен диқандар, сондай-ақ Австрия, Ұлыбритания, Германия, Қытай, Нидерланд, АҚШ, Франция және Жапония елдерінен келген халықаралық компания өкілдері де бар.

Салтанатты ашылу рәсіміне Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов пен ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров қатысты.

Өңір басшысы осындай ауқымды іс-шараны өткізу облыстың аграрлық әлеуетінің жоғары екенін айғақтайтынын атап өтті.

«Ақмола облысы еліміздің жетекші аграрлық өңірі мәртебесін нық ұстап келеді. 2024 жылы 6,5 миллион тонна көлемінде рекордтық астық жиналды. Ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі бір триллион теңгеге жетті. Біз құс етінің 30%-ын, жұмыртқаның 15%-ын өндіріп, елорданың азық-түлік белдеуін қалыптастырып отырмыз. Сүтті мал шаруашылығы да қарқынды дамып келеді, жаңа кешендер салынуда, қытайлық Dalian Hesheng компаниясымен бірлесіп астықты терең өңдеу жобасы іске асырылуда. Мемлекеттік қолдау шаралары мен жеңілдетілген лизингтің арқасында өңір аграрийлері жыл басынан бері 900-ден астам техника сатып алды. Біз тек технологияларды көрсетіп қана қоймай, саланың тұрақты әрі бәсекеге қабілетті дамуына нақты жағдай жасап отырмыз», – деп атап өтті Марат Ахметжанов.

Көрменің құрметті қонағы – Қазақстандағы Францияның Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиоге ұйымдастыру деңгейін және шараның халықаралық маңызын жоғары бағалады.

«Осындай ірі іс-шараға қатысып отырғаныма қуаныштымын. Жыл өткен сайын көрменің беделі артып, әлемдік серіктестердің назарын аудара түсуде. Биыл көрмеге француз аграрлық компаниялары да қатысуда – бұл біздің агросектордағы ынтымақтастықты дамытуға дайын екеніміздің айқын дәлелі. Біз Ақмола облысын зор әлеуеті бар сенімді әріптес ретінде қарастырамыз. Осындай алаңдар тәжірибе алмасуға және озық технологияларды дамытуға жол ашады деп сенемін», – деді елші өз сөзінде.

Көрменің ауқымы жыл өткен сайын кеңейіп, қатысушылар саны үнемі артуда. Көптеген компаниялар алғашқы күндерден бері белсенді қатысып келеді, ал кейбірі үшін бұл – алғашқы тәжірибе. Бизнесті дамыту өкілдерінің айтуынша, «Jańa Dala» көрмесі өнімін көрсетуге, клиенттер базасын кеңейтуге және брендтің танымалдығын арттыруға зор мүмкіндік береді.

«Біз үшінші жыл қатарынан қатысып отырмыз. Шараның ауқымы  бізді қызықтырады. Мұнда ауыл шаруашылығы өндірушілеріне де, агротехника саласындағы компанияларға да пайдалы семинарлар көп өтеді. Кәсіби қызметімізге қажет құнды ақпараттар алуға мүмкіндік мол», – деді «AGROTECHMANAGEMENT» ЖШС маркетинг бөлімінің жетекшісі Кирилл Блащишин.

«Jańa Dala / Green Day – 2025» салалық іс-шарадан бөлек, нағыз аграрлық мерекеге айналды. Ұйымдастырушылар мұндай ауқымды шараны өткізу үлкен жауапкершілік екенін атап өтіп, жыл сайын көрмені мазмұнды әрі қызықты етуге күш салуда.

«Біз қазір өңірлік деңгейден асып, халықаралық дәрежеге шықтық. Алдын ала есеп бойынша алғашқы күні көрмені он мыңға жуық фермер тамашалады. Бағдарлама аясында бес түрлі  бұқалардың тұқымы арасында байқау өтіп жатыр, ертең финал өтеді, жеңімпаздарға трактор мен жол талғамайтын көлік табысталады», – деді «EXPO TIME» ЖШС директоры Әділхан Сағынбаев.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ