«Jańa Dala / Qarqyn ‘2025» дала күні Қостанай облысында басталды

Қостанай облысында «Jańa Dala / Qarqyn ‘2025» халықаралық ауыл шаруашылығы көрме-демонстрациясы өз жұмысын бастады.
Жинау науқаны қарсаңында дәстүрлі түрде өткізілетін бұл көрме озық ауыл шаруашылығы технологияларын, заманауи техниканы, мал шаруашылығындағы, селекциядағы, органикалық егіншіліктегі, ветеринария мен өсімдіктерді қорғаудағы жетістіктерді көрсетуге арналған тиімді алаңға айналды.
Қатысушылар қатарында – 20 елден келген машина жасау компанияларының өкілдері, ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілер мен жеткізушілер, аграрлық ғалымдар, фермерлер, асыл тұқымды шаруашылық мамандары, мемлекеттік органдардың, қаржы институттарының және аграрлық бірлестіктердің өкілдері бар.
Көрменің негізгі іс-шараларының бірі – алғаш рет дәнді дақыл егістіктерінде өткізілетін «Астық 2025» конференциясы болды. Онда 500-ден астам қатысушы – фермерлік шаруашылықтар мен трейдерлерден бастап, дәнді және майлы дақылдарды өңдеушілерге дейін – 2024/25 жылғы аграрлық маусымның қорытындысын және 2025/26 жылғы болжамдарды талқылауда.
Құрметті қонақтар арасында – Қазақстандағы Молдова Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Штефан Горда.
«Біз органикалық ауыл шаруашылығында, селекцияда, тұрақты логистикалық дәліздерді құруда бірлескен жобаларды іске асыруға дайынбыз. Қазақстан нарығы Молдова үшін маңызды, және біз қазақстандық компанияларды инвестициялық ынтымақтастыққа шақырамыз», – деп атап өтті ол.
Екі күндік іс-шараға 320-дан астам қайта өңдеу кәсіпорнын біріктіретін «Узегмойсаноат» қауымдастығының өкілдері қатысуда.
«Біздің компаниялар жыл сайын Қазақстаннан 200 мың тоннадан астам шикізат және 150 мың тоннадан астам дайын май импорттайды. Біз жеткізушілермен тікелей байланыстарды кеңейтуге және жаңа келісімшарттар жасасуға мүдделіміз», – деді өзбек делегациясының басшысы Алишер Махмудов.
Сонымен қатар, «Jańa Dala / Qarqyn ‘2025» бағдарламасы аясында ветеринар мамандарының республикалық слеті, ветеринарлық қауіпсіздік мәселелері бойынша далалық кеңес, ғылыми-практикалық іс-шаралар, ауыл шаруашылығы дрондары мен заманауи техниканы көрсету және басқа да шаралар ұйымдастырылады.