JOLTAP бағдарламасы табыс көзін іздеген қала тұрғындары үшін қолжетімді қолдау болып отыр
![](https://zamandas.kz/wp-content/uploads/2025/02/745895272440fcaed91d5b31a8073e93_1280x720-905x613.jpeg)
Елордада жүзеге асырылып келе жатқан JOLTAP бағдарламасы табыс көзін іздеген қала тұрғындары үшін қолжетімді қолдау болып отыр. Қаржылық қиындыққа тап келіп, одан шығудың жолын іздеген немесе кәсіп үйреніп, нәпақасын табуға ұмтылған елордалықтарға осы бағдарлама негізінде қаланың жер-жерінде ашылған «Баршаға мүмкіндік» модульдік пунктерінің есігі әркез ашық, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.
Joltap бағдарламасы туралы естіп, «Баршаға мүмкіндік» модульдік пунктерінің біріне бас сұққан елордалықтардың бірі – Қанат Тасболатов. Ол бағдарлама ұсынған қысқа мерзімді тегін курстардың ішінен «Корпустық жиһаз жасаудың негіздерін» таңдаған.
«Мен Joltap бағдарламасы арқылы «Корпустық жиһаз жасаудың негіздері» курсын екі аптада тәмамдадым. Көптеген ұсыныс болды, солардың ішінен өз таңдауымды жасап, жиһаз цехына жұмысқа орналастым. Бастапқыда бір жобаның құнының 15 пайызын еңбекақы ретінде алатын болып келістік. Мұндағы бір жобаның өзі 1-2 млн тұратынын ескерсек, бізге оның кемінде 200-300 мың теңге жобасындағы сома тиесілі болады. Ал тапсырыс аз емес. Бұл дегеніміз – біздің табысымыз да мол болады деген сөз. Өйткені, курс жетекшіміз айтқандай, жаңа үйге көшу үшін кем дегенде бір асүй жиһазы, бір шкаф қажет. Ал елордамызда баспана алып, жиһаз жасатамыз деушілердің қарасы мол», – дейді жоба қатысушысы Қанат Дулатұлы.
Осылайша жоба қатысушысы курсты сәтті аяқтап, сапалы жиһаз жасап, тұтынушыларын қуантып, отбасының табысын еселеуде.
Ол өзі тәрізді тегін кәсіп игеріп, табыс табуға ниетті барлық елордалықты жобаның игілігін көруге шақырды.
Яғни «Баршаға мүмкіндік» модульдік пункттері арқылы қысқа мерзімді оқуға жазылуға, jumystap.kz сайтына тіркелуге және жоба серіктестерінен жұмыс табуға мүмкіндік қарастырылған. Сондай-ақ, 52 мемлекеттік қолдау шарасы бойынша кеңес алуға болады, оның ішінде жастарға арналған несие, тұрғын үй кезегі, АСП алу және т.б. кеңестер беріледі. Сонымен бірге ЭЦҚ алу, кезекте қызметтері сияқты цифрлық көмек көрсетіледі.
Бүгінде жұмысшы және цифрлық дағдылар бойынша қысқа мерзімді оқытудың 18-ден астам авторлық оқу бағдарламасы арқылы 10 мыңнан астам түлек тегін курстарды тәмамдады.
Жұмыс іздеу және қызметкерлер табу үшін арналған JUMYSTAP платформасында – қаланың 2 мың жұмыс берушісінен 3 мыңнан астам вакансия ұсынылған. Аталған платформаның 14 мыңнан астам бірегей қолданушысы бар.
Ал қосымша сұрақтар бойынша +7 (707) 221-31-31 нөмірлі Call-орталықтарға хабарласуға болады.