Күйгенкөл ауылындағы қуғын-сүргін
Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданының Күйгенкөл ауылында және оған қарасты шағын елді мекендерде 1928-1932 жылдардағы ұжымдастыру саясатына қарсы халық наразылығы болған. Өңірдегі байдың ұрпақтары мен ауқатты адамдар ауылдағы ұжымдастыру науқанына қарсылық танытқаны анық.
Бұл тұжырымға Батыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің арнайы мемлекеттік архивінен табылған Ақбасов, Қазыев, Жандәулетов, Исқазыев және басқаларын 58-10-11- баптар бойынша «айыптау ісімен» толық танысып шыққаннан кейін келіп отырмыз. Оларға құзырлы орган «Ақбасовшылдар» деген айдар тағыпты. Сондай-ақ Күйгенкөл маңындағы кеңес билігіне қарсы наразылықтарды «Жаппастар мен төлеңгіттер бас көтеруі» деп те қарастыруға болады. Колхоздастыруға қарсылық білдірген Күйгенкөл ауылы азаматтарына Қылмыстық кодекстің 58-10-11 баптары бойынша «байлар болып топтасып ұйым құрды, кеңестік билікке ашық қарсы шығып, тұрғындар арасында үгіт-насихат жүргізді» деген айып тағылған. Айып арқалағандар Жаппас және Төлеңгіт руынан шыққан Шынтемір Төпенов, Құрманғазы (Құрманғали) Исқазыев, Ақбай Жанбауов, Мөден Ақбасов, Ғатау Байғазыев, Құшыр Қазыев, Әле Жандәулетов, Мәмбет Тінәлиев, Сапуан Шамғонов болатын.
1930 жылы көктемде Күйгенкөл ауылында «Гигант» ұжымшары ұйымдастырылады. Осы кезде ауыл тұрғындары арасында жік пайда болып, ұжымдастыруға қарсы наразылық күшейеді. Ауылдың ауқатты адамдары әуелі ұжымшар басшылығына өз кісісін өткізуге тырысқан. Ауылдың жалпы жиналысында ұжымшар басқармасына Құшыр Қазыев, Мөден Ақбасов, Құрманғазы Исқазыев ұсынылған. Алайда «Гиганттың» басқармасына байлар ұсынған үміткерлер өтпей қалған. Сол кезде дегені болмай қалған байлар жиылған жұртты қуып, билік өкілдерін қамшымен ұрған. ОГПУ уәкілдері куәгерлерден жауап ала келіп, «1930 жылдан бастап Күйгенкөл ауылында Құшыр Қазыев пен Мөден Ақбасов бастаған байлар ұйымы пайда болған» деген тұжырымға келеді. Ауылда таптық шиеленіс күшейіп, жағдай ушыққан кезеңде бұл топтың мүшелері ұжымшар басшылары мен жергілікті билік өкілдеріне қарсылық таныту мақсатында қамшымен, шоқпармен, айырмен қаруланып жүретінді шығарған және оларды жабылып ұрып-соғу оқиғасы көбейген. Билікке наразылық білдірген топ жиындарда «Кеңес өкіметі жойылсын, колхозға қарсымыз» деп үнемі ұрандатып айтатын болған.
Патша дәуірінен бері Күйгенкөл ауылында Жаппас руының беделі, билігі күшті еді. Сонымен бірге төлеңгіттердің де ықпалы айтарлықтай болған. Ауыл байлары дүние-мүлкін кәмпескелеуден сақтап қалу үшін өзара тығыз қарым-қатынас жасап, бір-біріне қонаққа барған болып жасырын жиын өткізіп отырған. 1930 жылы шілдеде байлардың басын қосқан алғашқы үлкен жиналыс Қазыев Құшырдың қонысында өткен. Бұл мәжілісте билікті байлардың қолына қайтарып, ұжымшарды тарату мәселесі талқыланады. Мұндай қарсылықтың басында Қ.Қазыев, М.Тінәлиев, М.Ақбасов, Ш.Төпенов, А.Жанбауов, Ғ.Байғазыев, Қ.Исқазыев, Ә.Жандәулетов, С.Шамғонов тұрды. Бұлардан басқа кәмпескеленген, кейін ауданнан жер аударылған байлар да жиналысқа қатынасқан. Олар бірауыздан колхоз басшыларын қуып жіберіп, орнына өз адамдары Ақбай Жанбауов пен Сәрсенғали Ақбасовты қою керек деген шешімге келген. Бұдан кейін жиналған наразы топ ауылға келіп, колхоз басшыларын қамшымен ұрып-соғып, «коммунистерді ұрыңдар, кеңес өкіметі жойылсын, олардың ауылдағы құйыршықтары жойылсын» деп айқайлаған, ақырында колхозды таратып тынған.
1931 жылы сәуірде Күйгенкөл ауылында тағы бір ірі бас көтеру болған. Сол уақытта ауылдың жалпы жиналысы өтіп, байлар колхозшы кедейлерді өз жағына қарай үгіттеп, жергілікті билік өкілдеріне қарсы қойған. Жиналыс басталған бойда ауылдың байлары билік өкілдеріне «жерді жыртпаймыз, тұқымдыққа бидай бермейміз, малды да бермейміз, облигацияларыңның қажеті жоқ», деп ашық жариялаған. Осылайша, жиналыс үстінде бүлік шығып, бұл жерден ауыл халқы үлкен дау-жанжалмен тарқасқан. 1931 жылы наурыз айында Төлеңгіт ауылында өткен жалпы жиналыста тұқымдық қор жасақтау мәселесі қарастырылған кезде ауыл байлары «ешқандай дән жоқ, біз ештеңе екпейміз» деп мәлімдеген. Осы уақытта батырақтардың бірі Сапи Абдулин тұрып, «Егер бақылау сандарын байларға бөлетін болсақ, тұқымдық қорын жасақтауды жүз пайыз орындауға болады», деп айтқан. Мұнан кейін М.Ақбасов орнынан ұшып түрегеліп, «Бізді алым-салықпен тонауды қойыңдар, онсыз да барлығын алып болдыңдар», деп дауыс көтере сөйлеген. Оны қасындағы жолдастары Қ.Қазыев, Ғ.Байғазыев, М.Тінәлиев құптаған және олар: «Мұндай баяндамашы кетсін, қуыңдар, бізде ештеңе де жоқ, ештеңе де бермейміз», деп айқайлаған. Сөйтіп, аталған жиналысты аяқ астынан тоқтатуға мәжбүр болған, артынан тұқымдық қоры да жиналмай қалған.
Сол жылы наурызда ауыл тұрғындарының малын келісім-шарт бойынша қабылдау науқаны жүргізіліп, байлар оған кедергі келтіруге тырысқан. Олар ауылдарға бөлініп, тұрғындар арасында қолдарыңдағы азын-аулақ малдарыңды ортақ меншікке бермеңіздер деп үгіттей бастаған. Ғ.Байғазыев, Қ.Қазыев, М.Ақбасов ауылға келіп, «малдарыңды бермеңдер, өйткені коммунистер біздің шаруашылығымызды жойып, өздерінің қалтасын толтырғысы келеді», деп айтқан. Тергеуде куәгерлердің бірі Ғ.Байғазыевтың өзі коммунист бола тұра, ел ішінде үкіметке қарсы үгіт-насихат жүргізді деп көрсеткен. Сонымен бірге бұл байлардың бұрын артельде болған кезінде рулық араздықты тудырып, артельге өзге рудың адамдарын, әсіресе кедейлерді қабылдамағанын жария еткен. Осындай текетірес жиналыстың бірі 1931 жылы мамыр айында Күйгенкөл ауылдық кеңесінің маңында өтіп, онда шабындық және астық жинау науқанына қатысты мәселе қарастырылған. Оралдан келген уәкіл баяндамасын аяқтаған бойда бұрынғы бай Қ.Қазыев қасындағы жақтастарымен бірге орнынан тұрып, «Шөп шабудың қажеті жоқ, өйткені біз малды айдап әкетеміз және егін оруға ат-көлік бермейміз. Бұл жерден көпшілік халық көшіп кетеді деп ойлаймыз, өйткені өкімет бізді өзінің әртүрлі дайындау ауыртпалығымен шаршатты, қазір біз дымсыз қалдық», деп ашына сөйлеген.
Тағы бір жасырын жиын маусымда, жазғы жайлауда Қ.Қазыевтың үйінде өткен. Мұнда ауыл байлары мен атқамінерлері Күйгенкөл ауылдық кеңесінен көшіп кету мәселесін көтерген. Ә.Жандәулетов: «Бұл жерде қала берсек, аштан өлеміз. Қазіргі жағдайдың бәрі уақытша, кеңес өкіметі жақын арада құлайды. Қ.Исқазыев молда-бақсы, сауатты адам, газетті көп оқиды, оның айтуы бойынша газеттерде коммунистердің өздері кеңес одағынан шетелге қашып жатқаны жазылған», дейді.
Мұндай үгіт-насихат жұмысының нәтижесінде ауыл тұрғындарының бірқатары басқа жаққа қарай көше бастаған. Күштеп ұжымдастырудың салдарынан ауыл халқының тыныш өмір іздеп басқа жерлерге үдере көшкені немесе күнкөріс қамымен бас сауғалап кеткені байқалады. 1931-1932 жылдары елді аштық жайлағанын ескерсек, халық тамақ таппай босып кеткен болуы да мүмкін. Құжатта куәгерлердің бірі сол кезеңде өз ауылында тұрғындардың 20 пайызы ғана қалды десе, екіншісі ауылдағы екі жүзден астам шаңырақтың небәрі 30-ы қалды деп көрсеткен. 1931 жылы маусым айының аяғында ауылдың ауқатты адамдары М.Ақбасовтың үйінде діни жоралғы жасаймыз деген сылтаумен жиналады. Кездесуде молда Қ.Исқазыев дұға жасап болған соң, жиналған қауымға үгіт-насихат айтқан. Молда Исқазыевтың өзі «Құранда айтылған, кеңес билігі кезінде қазақтар жаппай өліп, орыстар біздің жерімізге келіп орнығады екен. Онсыз да көріп отырсыңдар, коммунистер ұжымшарлар мен кеңшарларды құрып жатыр, бізге бұл ұжымшардан қашу керек, сөйтіп өз руымызды сақтап қалуымыз керек», деп мәлімдеген.
1931 жылы 17 тамызда ОГПУ-дың Жәнібек аудандық бөлімі Күйгенкөл ауылының 9 адамына қатысты істі қолға алып, тергеу жұмысына кіріседі. Тергеу барысында оқиға куәгерлерінен жаппай жауап алынған. 1931 жылы 25 тамызда Ш.Төпеновті, Қ.Исқазыевты, А.Жанбауовты, М.Ақбасовты, Ғ.Байғазыевты, Қ.Қазыевты, Ә.Жандәулетовті, М.Тінәлиевті, С.Шамғоновты қамауға алу туралы қаулы қабылданған. 1931 жылы 10 қыркүйекте оларға алғашқы айып тағылған. Олар әуелі Жәнібек аудандық абақтысында отырса, 11 қыркүйекте Оралдың түрмесіне жөнелтілген.
Жалпы, Батыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің архивінде сақталған құжатта кеңестік билікке қарсы шыққандары үшін айыпталған азаматтардың жеке басына қатысты нақты деректер бар. Әрине, бұл аталған тұлғалар 1990 жылдары ақталды. Алайда олардың ісі жарыққа шықпады. Тек бүгінгі тәуелсіздіктің арқасында ғана саяси-қуғын сүргін құрбандарын толық ақтау жұмысы аясында жазықсыз жазаланған азаматтардың есімдерін халыққа таныстырып отырмыз.
Есқайрат ХАЙДАРОВ,
тарих ғылымдарының кандидаты,
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі
комиссия мүшесі