Күнкөріс деңгейіндегі алшақтық ұлғайып барады

0
131

Елімізде тұрмыс тауқыметін тартып, кедейлік қиыншылығын көргендер қатары 5,1 пайызға жетті. Былтыр бұл көрсеткіш 4,9 пайызды құраған еді. Санның бұлай өсуіне республикадағы жоғары инфляцияның әсері себеп. Салдарынан бай мен кедейдің арасы алшақтап барады. Мұны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында да айтқан болатын.

Қазақстанда тәуелсіздік жылдарында ең бай мен ең кедей тұр­ғындар арасындағы алшақ­тық 4 есе болыпты. Араға жеті жыл салып, бұл теңсіздік 11,3 есеге жеткен. Кейін жағдай тұрақ­талып, көрсеткіш 1991 жылмен са­лыс­тырғанда биыл сәл төмен­деді. Дүниежүзілік банк дерек­теріне сүйенсек, 2021 жылы Қазақ­стан­дағы кедейлік деңгейі 8,6% шамасында болған. Бұл елімізде 1,2 млн адам кедейлер қатарында екенін білдіреді. Бүгінде көр­сеткіштердің өзгергені шамалы. Демек проб­лема түбегейлі шешімін таппай отыр. Пре­зи­дент те өз сөзінде халықтың тұрмыс сапасы әлі күнге дейін жақсы емес екенін айтты.

«Құқықтық әділетсіздік белең алды. Бай мен кедейдің арасы алшақтай түсті. Алдағы бес жылда Үкімет және Парламент осы негізгі мәселелердің шешімін табуы қажет. Біз еліміздің белдеуін бекемдеп тартуымыз керек. Эко­номикада және әлеуметтік салада жылдар бойы жиналып қалған түйткілдер бар. Оның барлығын ретке келтіруіміз қажет. Сол үшін жұрттың бәріне бірдей жаға бермейтін, бірақ тиімді әрі қажетті шешімдер қабылдау керек болады», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған қоса жиында Мемлекет басшысы газды бейберекет пайдаланатын бай-бағландар басқа тарифпен төлеу қажет екенін тілге тиек етті. Яғни бақуатты жұрт­шылық үшін жаңа жүйе жаса­лып, көгілдір отынның текше метрі қым­баттырақ болуға тиіс. Бұл бір жағынан, тауарлық газ тап­­шы­­лығын жоюға және әртүрлі та­риф­­терді ен­гізу­ге мүмкіндік бе­реді. Тағы бір тұсы қо­ғам­да әлеу­меттік әділдік орнатуға сеп болады.

Саясаттанушы Сайфулла Сапанов «Кедейлік – әрдайым адамзат өркениетімен қатар өрбі­ген кесел» екенін алға тартады. Ол кедейлікті толы­ғымен жою мүмкін емес екендігін айтады.

– Бай мен кедей арасындағы айырма­шы­лық – барлық мемлекетке тән мәсе­ле. Еуропа мен АҚШ, Ресей мен ҚХР, Орта­лық Азия, Таяу Шығыс пен Азия Тынық Мұхиты аймағында болсын кедейшілік белең алып отыр. Мәселен, АҚШ – соңғы мәліметтер бойынша қоғам арасында теңсіздік жайлаған әлем­дегі Түркия мен Чилиден кейін­гі үшінші ел. АҚШ-та етек алған проблеманың коэф­фициенті – 0,39. Ал еуроаймақта мұндай көр­с­еткіш бойынша қара тізімді бастап тұр­ған ел – Испания. Онда бұл коэф­фициент 0,34-ке жеткен. Оған бірнеше жайт себеп. Соңғы кездері жалпы халықтың жалақысы тым баяу өсуде. Жұмыссыз сабылғандар мен тұрғын үй бағасының қымбат болуынан баспанасыз жүргендер қаншама? Оған қоса жоғары білім алу үшін несие алып, оны өтей алмай жүрген америкалықтар мен еуропалықтардың қарасы көп. Президенттің бұл мәселені көтергені маңызды. Бұл – біздің әлеуметтік мемлекет құру жо­лын­дағы маңызды қадам. Елімізде әлеуметтік жіктелу КСРО ыдырағаннан кейін, нарықтық экономикаға көшу кезінде пайда болды. 30 жыл ішін­де бұл алшақтық күшейіп, оған бай­ланысты саясат, өкінішке қарай, қолға алынбады. Артықшылық ірі компаниялар мен монополистерге берілді. Ол нарық заңымен ақталды. Себебі тез арадағы табыс қажет болды. Ха­­лықтың, оның ішінде қазақ­тар­дың «люмпенденуі» үрдісі, өкі­ніш­ке қарай, қарқынды белең алды. Сонымен бірге 1990-2000 жылдары халық арасында «әлеуметтік шовинизм» пайда болды. Бұл үрдіс, әсіресе гастербайтерлерге байланысты. Жұмыс күшін пайдалану, еңбек ақыларын төлемеу секілді әлеуметтік шовинизм көрініс тапты. Қазақстан жұртшылығының ресми табысымен шаққандағы сараптамаға көз жүгіртсек, қазірдің өзінде еліміздің Ордабасы, Аягөз, Сарыағаш аудандары мен Жамбыл облысында кедейлік 30 пайызды құрайды, – деді С.Сапанов.

Ал әлеуметтанушы Айдын Лұқпан адамзат ешқашан әлеуметтік тұрғыдан тең бола алмаса да, онымен күресті тоқтатпау керек деген пікірде.

– Біздің елде байлықтың 10 па­йы­зы үркердей топтың қолында. Қалғаны кедейлік жағдайда өмір сүріп жатыр. Оны жою үшін өте бай мен өте кедей топтардың арасын жақындатып, қоғамда орта тапты қалыптастыруымыз керек. Яғни мемлекеттің өсіп-өркендеуі үшін өзінің әлеуметтік қажеттіліктерін, сұраныстарын қанағаттандыра алатын тап қажет. Оны қалыптастырмай, қоғам дамымайды. Бұл туралы кезінде Аристотель де айтты: «Полития – басқа түрлердің тек жақсы жақтарын алған және екі шектің ортасында тұрған, көпшіліктің ортақ игілігіне билік ететін басқару формасы. Яғни политияда биліктің басында орта тап», дейді. Демек саяси тұрғыдан орта тап мемлекетті тұрақтандырушы болып саналады. Экономикалық жағынан да ең бірінші салық төлеуші осы таптың өкілдері. Сондықтан қазір біздің қоғамға орта таптың мәселесі өте өзекті. Себебі орта тап Батыс елдерінде 65-70%-ға дейін болса, Қазақстанда, өкінішке қарай, әлеуметтік зерттеулер нәтижесі көрсеткендей, тек 30-35%-ды құрап тұр. Негізінде мұны анықтау өте қиын. Өйткені нақты критерийлер жоқ. Тағы бір мәселе, қазақ қоғамында «шүкіршілік» деген ұғым бар. Бір ай жалдамалы жұмысқа барып келіп, қомақты қаржы жинап, 5-6 ай «шүкірміз» деп жатады. Тағы шақыратын болар деген үміт те бар. Былтыр болған «Қасіретті қаңтар» оқиғасы – билік­тің халықтан алшақтауы, әлеумет­тік-экономикалық мә­се­лелер­дің шешілмеуі, аза­мат­тардың саяси әлеуметтену мүм­кіндігінің салдары. Адамдар «шындықты» кімнен және қайдан іздеу керектігін, отбасының өмір­лік қамсыздандыруының өзек­ті мәселелерін қалай шешу керек­тігін білмеді. Ендеше, біз қаңтар оқиғасынан сабақ алуымыз керек. Мәселе «42 500 теңге» сияқты мәселемен шешілмейді. Саяси-экономикалық және әлеу­меттік реформалар бірін-бірі толықтырса ғана еліміз­де орта тап қалыптасады. Ол үшін Үкімет шағын және орта биз­нестің бәсекеге қабілеттілігін ын­таландыру бойынша жүйе­лі жұмыс­ты жалғастыруы керек, микро­кредиттік ұйымдардың жұмысын, оның ішінде мемлекет есебінен де қолдау қажет, шағын несиенің қолжетімділігін арттыру және жаңа жұмыс орындарын ашу шараларын қарастыру қажет. Мықты орта таптың қалыптасуы Әді­летті Қазақстанның дамуында жаңа дәуірге жол ашады, деп әлеумет­та­ну­шы орамды ойын ортаға салды.

Осы бағытта мемлекет біраз шараларды қолға алған-ды. Соның бірі елімізде жан басына шаққандағы орташа айлық табысы кедейлік шегінен төмен азаматтарға (отбасыларға) атау­лы әлеуметтік көмек (АӘК) көрсету көзделген. Отбасының немесе жеке адамның әлеуметтік жағдайына байланысты көмек екі түрге бөлінеді: шартсыз және шартты.

Шартсыз ақшалай көмек – жұмыс­пен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысуға мүмкіндігі шектеулі табысы аз адамдарға (отбасыларға) ай сайынғы ақшалай төлемдер ныса­нында көрсетілетін атаулы әлеумет­­тік көмек түрі. Ал шартты ақшалай көмек – жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына және (немесе) қажет болған жағдайда әлеуметтік бейімдеу шараларына табысы аз адамдардың (отбасылардың) міндетті қатысуы шартымен оларға ай сайынғы және (немесе) біржолғы ақшалай төлем нысанында көрсетілетін жәрдем.

АӘК бойынша үш негізгі тетік көзделген. Бірінші, табысы өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-дан аспайтын азаматтарға тоқсан сайын тағайындалатын әлеуметтік көмек. Отбасының әрбір мүшесіне айына орта есеппен 12 160 теңге. Екінші, осы санаттағы отбасына 1 жастан 6 жасты қоса алғандағы әр балаға 1,5 АЕК (5 175 теңге) мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем береді. Үшінші, өз ісін ашуға ниетті отбасыларға гранттар беру, білік­тілікті арттыру курстарына жі­беру (қажет болған жағдайда) және бас­қа да тетіктер арқылы жұмыспен қамтуға жәрдемдеседі.

2022 жылы АӘК алушылар саны 728,7 мыңды құрады. Осы жылдың 1 наурызында 84,7 мың отбасы атаулы әлеуметтік көмек алды. Өңірлік бөліністе өткен жылдың қорытындысы бойынша АӘК алушылардың ең көбі Түркістан облысында – 24,7, Шымкент қаласында – 11,7, Қызылорда облысында – 8,6, Алматы облысында – 7,5, Жамбыл облысында – 6,5, Жетісу облысында 5,6 па­йыз тіркелген. Ал ең азы Ұлытау облысында – 0,5, Атырау облысында – 0,8, Солтүстік Қазақстан облысында – 1,4, Ақмола облысында –1,8 пайыз.

Көмекке мұқтаждардың басым көпшілігі балалардың үлесінде – 64,2 пайыз немесе 468,1 мың адам. 16,4% немесе 119,3 мың адам – жұмыс істейтін азаматтар; 12,5% немесе 91 мың адам – балаларға, қарттарға, мүгедектігі бар адам­дарға күтім жасайтын адамдар; қалған 6,9% – азаматтардың басқа санаттарына тиесілі.

Былтыр мемлекеттік қолдау шараларының арқасында, әсіресе жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартудың нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек алған 141,5 мың отбасы, өз өмірін қалыпқа келтіру үшін берілген мүмкіндікті сәтті пайдаланған 94,1 мың отбасы кедейліктен шықты. 2021 жылы АӘК алған 198,4 мың отбасының 51,4 мыңының тұрмысы жақсарды.

Солардың бірі – оңтүстік өңірден көшіп келген, қазір Солтүс­тік Қазақстан облысы Қызылжар ауданының тұрғыны Ақниет Алтынбайдың отбасы. Ерлі-зайып­тылар мал шаруашылығымен айналысуға шешім қабылдады, осы мақсатта олар микрокредит алған.

– Кәмелетке толмаған төрт баламыз бар, біз АӘК алушылар қатарында болған едік. Күйеуім мал шаруашылығын дамытып, өзім декреттік демалыста жүрген кезімде үйде пісірілетін ұн өнімдері мен кондитерлік өнімдерді дайындаумен айналысып, отбасылық мерекелер мен мейрамдарға тапсырыстар қабылдадым. Кейіннен орта мектепке әлеуметтік педагог ретінде жұмысқа орналастым. Нәтижесінде, бүгінде отбасымыз АӘК алушылар қатарында емес, – деді Ақниет Алтынбай.

Жалпы, Дүниежүзілік банк маман­дарының пікірінше, халық­тың әл-ауқаты кедейлі­к­тің төменгі шегімен өлшенбейді. Себебі еліміз орта деңгейден жоғары мемлекеттер қатарында. Сондықтан азаматтардың жай-күйі бір адамға шаққанда күніне 5,5 доллар көрсеткішімен өлшенеді. Бұл 4 адамнан тұратын отбасына айы­на 258 мың теңгеден жоғары кіріс кіруі керек дегенді білдіреді. Егер мұндай отбасының ортақ айлық табысы 258 мың теңгеден төмен болса, бұл кедейлік көрсеткіші саналады.

Елімізде кедейлік деңгейінің төмендеге­нін көру үшін осы өзекті проблемамен күрес бағытын­дағы атаулы әлеуметтік көмек секіл­ді өзге де бағдарламалар немесе жобаларды тек құжат күйінде қалдырмай, жүйелі жүзеге асыру қажет. Тіпті тұрғын үйге қолжетімділікті, жұмысқа тұру мүмкіндігін арттыру экономикалық реформалар нәтижесі ғана емес, елдегі саясаттың қорытындысы деу­ге болады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ