Көрікті Алтай туралы сериал түсірілген жер туризмнен он күнде 25 млрд теңге табыс тапты

0
133
Фото: movie.douban.com

 — Қытай қазақтарының тұрмыс-тіршілігі жайлы «Менің Алтайым» шағын телехикаясы түсірілген әсем табиғат жергілікті туризм саласының дамуына жаңа серпін берген.

Altxw.com сайтының хабарлауынша, «Менің Алтайым» сериалы түсірілген Буыршын және Қаба аудандарына туристер көптеп келе бастаған.

Статистикаға сенсек, 7-17 мамыр аралығында Буыршын ауданы 445,5 мың саяхатшы қабылдап (+68,04%), туризм саласындағы табысы 402 млн (24,666 млрд теңге) юань болды (+64,15%).

Ал Қаба ауданында екі айға (мамыр және маусым) қонақ үйлерде бос орын жоқ.

Айта кетерлігі, 2020 жылы «Көк тоғайдағы шопан әні» атты ән Қытайда танымал болып, Алтайдың Көктоғай ауданына қытайлық туристер көптеп ағылған болатын.

Еске салайық, «Менің Алтайым» атты 8 бөлімнен тұратын телехикая 7 мамыр күні Қытай Орталық Телевизиясы CCTV-1 телеарнасында көгілдір экранға шығып, алғашқы күні-ақ қаралымы бірінші орынға шыққан.

Сондай-ақ, Қытайдың онлайн видео платформасында телехикаяны лғашқы екі күнде 10 миллионнан асам адам тамашалаған.

«Менің Алтайым» телехикаясы жазушы Ли Жюуанның шығармалар желісі бойынша түсірілген.

Басты рөлдерде қытайлық танымал актер Ма Йили және Чжоу Иран, шыңжаңдық қандастарымыз Алма мен Қайрат ойнайды.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ