Кәсіпкер Қайрат Боранбаевқа қатысты сот үкімі шықты

0
161

Астананың №2 Сарыарқа соты кәсіпкер Қайрат Боранбаевқа қатысты үкім шығарды.

Сот Қайрат Боранбаевқа мал-мүлкін тәркілеп, 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Сонымен қоса QazaqGaz басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Тайыр Жанұзақ та 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

Судья Назгүл Бапақова оларды QazaqGaz ұлттық компаниясына ресейлік газды қайта сату кезінде 14,5 миллиард теңге жымқыру ісі бойынша кінәлі деп тапқан.

Еске салайық, бұған дейін прокурорлар Боранбаевтың мүлкін тәркілеп, 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді. Бұған дейін айыптаушылар өз кінәларын мойындамайтынын айтқан.

Еске салып өтейік, тергеу мәліметіне сәйкес, 2019 жылы Қайрат Боранбаев, Роман Наханов және Тайыр Жанұзақ, сондай-ақ Ибулла Серді “AsiaGaz Chundzha” ЖШС-мен бақыланатын “Qazaq Gaz” ұлттық компаниясының (бұрынғы “ҚазТрансГаз”) газды жеткізу кезінде қаражатын жымқыру бойынша қылмыстық схеманы жүзеге асырған. Одан кейін 14,5 млрд теңге көлеміндегі ұрланған қаражат заңды кәсіпкерлік қызметтен түскен дивидендтерді бөлу және төлеу желеуімен заңдастырылған.

Боранбаевты 15 наурызда Алматыда қаржы мониторингі агенттігінің орталық аппаратының қызметкерлері ұстады. 16 наурызда ол Нұр-Сұлтан қаласына жеткізілді. 17 наурызда белгілі заңгер, жер құқығы жөніндегі сарапшы Бақытжан Базарбек Алматының экс-әкімі мен “Нұр Отан” (қазіргі “Аманат”) партиясы төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Бауыржан Байбек пен Боранбаевтың жер алаяқтығы туралы күдіктерімен бөліскен. Дәл сол күні Қайрат Боранбаевтың ұсталғаны ресми расталды.

Қайрат Боранбаев – Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаеваның келіні болған Алима Боранбаеваның әкесі. Боранбаев Esentai Mall және Esentai Tower акцияларына иелік етеді. Оның байлығы 590 миллион долларға бағаланады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ