«Келін – қайын ененің топырағынан»: Астанада ерекше сайыс өтті

Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында Халықаралық әйелдер күніне орай «Келін – қайын ененің топырағынан» атты тағылымды сайыс өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Мерекелік кеш сайыс форматында ұйымдастырылып, сахна төрінде келіндер мен енелер өнер көрсетті. Қатысушылар алдымен өздерін таныстырып, ұлттық тағам түрлерінен дәм ұсынды.
«8 наурыз Халықаралық әйелдер мейрамы қарсаңында іс-шара ұйымдастырып отырмыз. Сайыстың мақсаты – отбасылық құндылықтарды насихаттау. Соның ішінде ене мен келін арасындағы сыйластықты, қарым-қатынасты нығайтуды көздегенбіз. Сондай-ақ, орталыққа келуші қарттарға көңіл күй сыйлау еді. Сол үдеден шыға алдық деп ойлаймын», – деді Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында әлеуметтік қызметтерді ақпараттық ілгерілету бөлімінің басшысы Меруерт Нұрғалиева.
Сайысқа төрт жұп қатысты. Олар «Кім жылдам?», «Сәйкестік ойын», «Салт-дәстүрді білесің бе?», «Мақалды жалғастыр» секілді қызықты кезеңдер бойынша бақ сынасты.
«Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына келініміз екеуміз қатысып отырмыз. Отбасында келіннің де ененің де өз орны бар. Десе де ене келінімен құрбысындай болса деген ойдамын. Сонда береке болады деп есептеймін. Қазір уақыт өзгерді. Сондықтан соған сай болуы керек деген ойдамын», –дейді сайысқа қатысушы Майшекер Төлешқызы.
Мерекелік жиында зейнеткерлерден құралған «Замандастар» тобы мен скандинавиялық серуен тобының өнерпаздары өнер көрсетті.









