Әкімдер аймақтық жастар кадр резервіне іріктеудің ашық әрі әділ өтуін қамтамасыз етуі керек – ҚР Президенті

0
178
Фото: Ақорда

 – Мемлекет басқару ісіне ойы ұшқыр, білімі озық, сана-сезімі терең, нағыз отаншыл азаматтар көптеп келуі керек. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттік жастар кадр резервінің форумында айтты.

– Президенттік жастар кадр резерві дәл осындай талапты жастарға бірегей мүмкіндік береді. Бүгінде резервте 400 маман бар. Соның 280-і, яғни 70 пайызы орталық және жергілікті атқарушы органдарда жауапты лауазымдарға тағайындалды. Бірқатары квазимемлекеттік секторда және бизнес саласында еңбек етіп жүр. Осы орайда мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бұрынғы төрайымы Анар Жайылғанова кезінде осы бастаманы жүзеге асыруға мол үлес қосқанын атап өткім келеді. Қазіргі таңда елімізде ауқымды реформалар жүзеге асырылып жатыр. Мемлекетімізді өркендету үшін жаңа, батыл қадамдар жасалуда. Сондықтан өздеріңіз сияқты еліміздің жалынды жастары осы өзгерістердің қозғаушы күшіне, мықты тірегіне айналуы керек деп санаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы жуырда аймақтық жастар кадр резервіне іріктеу басталатынын мәлімдеді. Әкімдер оның ашық әрі әділ өтуін қамтамасыз етуге тиіс. Сонымен қатар кадрлық резервті жасақтау барысында әр облыстың әлеуметтік-экономикалық ерекшелігін ескеру маңызды.

Президент мемлекеттік қызметшілерге тән жаңа мәдениет қалыптастыру, құндылықтарды өзгерту мәселесіне айрықша тоқталды.

Оның айтуынша, барлық салада, әсіресе мемлекеттік органдарда заң мен тәртіп үстемдігі болуға тиіс.

– Заң мен тәртіп орнамаса, қазіргідей күрделі геосаяси жағдайда елімізді сақтап қалу қиын болады. Мұны бәрі түсінгені жөн. Тек мемлекеттік қызметшілер ғана емес, жалпы қоғам заңға бағынуға тиіс. Бұл демократия шектеледі деген сөз емес, керісінше, еліміздің егемендігін нығайтып, демократияны дамыта түседі, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, билік өкілдері әрдайым халықпен бірге, яғни азаматтармен тығыз байланыста жұмыс істеуі қажет. Кез келген мәселені уақытылы шешіп отыру – негізгі міндет. «Халық үніне құлақ асатын мемлекетте» дәл осындай құндылықтар орнығуы керек.

Осыған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттік жастар кадр резервінің форумына қатысқанын жаздық.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ