Үкімет басшысы жыл соңына дейін инфляцияны 2 есе төмендетуді тапсырды

0
187

Премьер-министр негізгі мақсат жыл соңына дейін инфляцияны 2 есе төмендету екенін атап өтті. Осыған байланысты мемлекеттік органның әрбір жауапты басшысына кешенді жоспардың іс-шараларын сапалы орындауға бар күш-жігерін салуды талап етті.

«Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың басты міндеті – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру. Дегенмен, азық-түлік инфляциясы кейбір әкімдіктердің тиімсіз жұмысын көрсетіп отыр», деді Әлихан Смайылов.

Ол өткен аптада (11-18 сәуір аралығында) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 0,1%-ға өскенін атап өтті. Бұл ретте Ақтөбеде, Өскеменде, Семейде, Қызылордада – 0,2%-тен жоғары болды.

«Өңір әкімдіктері әлеуметтік маңызы бар өнімдер бағасына мониторингті күшейтуі қажет. Әсіресе, үстеме бағалардың тиісті 15%-дық мөлшерден асып кетпеуін қадағалау керек. Әкімдіктерде бұл үшін барлық мүмкіндіктер бар», деді Премьер-министр.

Ол ішкі нарықтағы отандық тауарлардың үлесін ұлғайтуға күш салу, тауарларды сақтау және тасымалдау ісіне қолдау көрсету қажет екенін айтты.

«Халық қабылданып жатқан шаралардың нақты нәтижесін көруі керек», деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар өңірлерде форвардтық сатып алу, тұрақтандыру қорлары, айналым схемасын қолдану, монополияға қарсы және саудадағы реттеу шараларының іске асырылуын ерекше бақылауда ұстау маңызды.

«Жергілікті жерлерде бизнеске азық-түлік тауарларының өндірісін ұлғайтуға, сақтау көлемін кеңейтуге, логистикаға, өңдеу өнеркәсібіндегі жобаларды іске асыруға барынша қолдау көрсету қажет», деп атап өтті ол.

Сөз соңында Премьер-министр кешенді іс-шаралардың орындалу барысын үйлестіруді қамтамасыз ету, сондай-ақ ай сайын жауапты мемлекеттік органдармен бірлесіп оның іске асырылу барысын қарастыру және тиісті шешімдер қабылдау қажет екенін айтты.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ